» » Сенген сериалым сен болсаң...

Сенген сериалым сен болсаң...

Бірде әкесі кішкентай қызына ұрысады. Ренжіген қызы бөлмесіне кіріп, шықпай қояды. Алаңдаған ата-ана тексермекке барса, қызы қуыршақты қойып «О, Құдай ана, маған әкем ұрыспасыншы» деп табынып отыр екен. Енді ғана етек жиып, ес біліп келе жатқан баланың санасына бұл идеологияны сіңірген – үнді телесериалы. Өзіміздің емес, өзгенің салтын, әдет-ғұрпын жетік меңгерген деңгейдеміз. Кеш батса сол, қайнаған күйбең тірлік тоқтап, үлкені де, кішісі де жапатармағай үйге тығылады. Санаулы уақытымыз өзгенің бақытына қуанып, қайғысына қаймығып, көк жәшікке телмірумен өтіп жатқаны сізді ойландырды ма? Осыншалықты сананы сан-саққа бөлген сериалдардың сыры неде? Біз не көріп жүрміз?

Шегі жоқ сериалдар жылдап болсын экран бетінен түспейді. «Келін» телесериалы басталғанда мен енді ғана мектептен түлеп ұшқан түлек едім. Араға төрт жыл салып университетті де тәмамдадым. Ауылға барсам сол баяғы телесериал болып жатыр екен. «Апыр-ай! Қайталап көрсетіп жатқаны несі?» - десем, арғы беттен әжем «Аяқталған жоқ, енді ғана қызық жеріне келді» - демесі бар ма?! Қай арнада болмасын үндінің, түрік пен кәрістің кинолары. Он рет ажал құшып, ақыр соңында тірі оралатын үндінің қиял әлемі не үшін осыншалықты көрерменге бай? Ал, отандық телесериалды көріп отырған адамды байқамайсың. Жоқ емес, бар, әрине. Бірақ, аудиториясы аз. Неге? Біріншіден, көпшілігінің айтуынша кейбір қазақ әртістері жаттанды сөйлейді. Бастап көрсең аяғы жоқ, басы жоқ түсініксіз кинолардың бары жасырын емес. Сериал болса ең көбі 30-ға жуық. Ең сорақысы сол, қазақ қызын өзге ұлттың қойнына жатқыза салу да оп-оңай болды. Біздің болашағымыз – балалар екені белгілі. Осыны көріп өскен қызы – қыңыр, ұлы – ұяттан жұрдай болмайды ма? Миы тез қабылдағыш балаға неге ұлттық идеологиямызды қалыптастыратын жақсы дүние түсірмеске? Осыдан бірнеше жыл бұрын өзбек халқының «Супер келіншек» атты киносы қалың қауымға жол тартты. Өз аудиториясында емес, қазақ жұртшылығының да сүйікті киносына айналғаны жасырын емес. Әрі бірнеше жыл өтсе де сюжеті ұмытылмайды. Бұл киноның мәні неде? Өзбек жігіті өзге ұлттың қызын өзіне жар етіп алады. Ақыр соңында, ененің қатаң тәрбиесімен,  сол ұлттың салтын меңгеріп, «отымен кіріп, күлімен шыққан» ибалы келінге айналады. Бұл киноның сыры да сол, көрермен аудиториясына ұлттық идеологиясын қалыптастырды.
Бұрындары, бүгінгідей өрмекшінің құрымындай өрілген үнді сериалдары жоқ.  Жұртшылық түскі 16.00-де отбасымен көк жәшік алдына жиналып, шай ішуге отырады. Экранда кәрістің «Жумонг» атты телесериалы басталады. Қимылсыз тапжылмастан бітемін дегенше бірде-бір адам орынан тұрмай көретін еді. Кей ауылдарда құдайыжолыдан «сериалым басталды» деп тұрып кететіндері де кездесті. Тіпті балалар қолдан садақ жасап сол батырдай қылыштасып ойнайтын-ды. Ол кездері баламын ғой. Үйде Андрей атты ала сиыр болды. Әжемнің құрбысы десем де артық болмас. Кешкілік ойын балалары жиналып садақ атып ойнай бастадық. Ойымда ештеңе жоқ, садағымды көздеп «Мен ханзада Жумонгпын» деп атпасым бар ма. Ала сиырдың ақырған даусы естілді. Әжем «ойбайлап» қораға жүгірді. Ізінен бізде шұбырып еріп келеміз. Сөйтсем, әжемнің құрбысының оң жақ көзіне тиген екен. Жаным ауырып, өкініштен өзегім өртенді. Арада бірнеше уақыт өтіп, зақымданған көзі асқынып, дүниеден өтті. Әжем ренжулі. Атам болса «еті бұйырмады-ау, арам болды» деп сөйлеп жүр. Көрдіңіз бе? Телесериал көрудің пайдасынан зияны көп екенін. Сүтін сатып ақша тапқан әжем саудасынан қағылды.
Бұл телесериалдар сананы улап қана қоймай, еліміздегі ішкі бәсекелестіктің тууына да ықпал етеді. Мәселен, телеарналар көрермен аудиториясын көбейту мақсатында сериалдарды сырттан сатып алады. Кейін ішкі сұранысымызға орын қалмай жатады. Сонымен қатар ел экономикасына да кері әсерін тигізеді. Бейресми деректер бойынша «Келін», «Қыз ғұмыры» сынды телесериалдарының әр бір сериясы 1000-1500 доллар, түріктің «Сұлтан Сүлеймені» мен «Дениз» телесериалының әр бір сериясына 7000 еуродан төленген деседі. Ал отандық телесериалдары шетелдік телесериалмен салыстырғанда қымбат деп жатады.  Әр бір сериясының аз дегені 15 000 доллар. «Тракторшының махаббаты» сынды телесериалдың әр бір сериясы 45 000 долларға түсірілген. Қазақ сериаалдарының өлшемі мен бөлімі жағынан аз болуының себебі де осыдан болар.

P.S
Әрине, отандық телесериалдардың саны арту керек. Бірақ махаббат бағытында емес, қазақ елінің батырларын дәріптейтін тарихи телесериалдар қаузайтын болса, көрермен қатары да артар еді. Себебі, олар тарихи дамудағы ірі өзгерістерге белсене қатысып, өзіндік жеке рөлін қалдырды. Солардың ішінде 1511-1521 жылдары Қазақ хандығын билеген Қасым ханның орны ерекше екені бесенеден белгілі.   Ол жайында сөз қозғасақ, ойымызға «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз тіркесі оралады. Бұл сөздің астарында үлкен мән жатыр. Қасым ханның өмірі, хандық билігі, сол жылдардағы Мауреннахрдағы шайбанилер әулетімен, Моғолстандағы шағатайлар әулетімен жүргізген саясаты, сыртқы саясаты мен дипломатиясы, Қазақ хандығын күшейтудегі, қазақ мемлекетін нығайтудағы сіңірген еңбегі мен мемлекетті басқару ісіндегі келер ұрпаққа қалдырған өнеге жолын неге дәріптемеске? Сериалға қажеті интрига ма? Қасым хан мен Мұхамед Шайбанидің қарым-қатынасы интригаға толы емес пе? Телесериал қылып түсірсе, мүмкін түріктің «Сұлтан Сүлейменінен» де мәнді хикая болар ма? Сонда ғана кәрістің «Жумонгы», АҚШ-тың «Бетмені» болып жүрген балаларымыз Қасым болуға ұмтылар ма еді?
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
15 мамыр 2018 ж. 1 259 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 054

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031