» » ТАБЫСТЫ ТІРЛІКТІҢ ЖЕМІСІ ТӘТТІ

ТАБЫСТЫ ТІРЛІКТІҢ ЖЕМІСІ ТӘТТІ

Трактор гүр ете қалды. Жойқын күшті бойына жиған техника кәдеге асып келе жатқалы қанша жыл?! Бірақ, сыр берер емес. Сонау 300 шақырымды бағындырып, еңбек майталмандарын қызу іске кірістіруде де аянбаған осы. Тракторист Мұратбек Әділов осы тұлпармен бірге не көрмеді, қайда бармады? қасиетті Қармақшы топырағын тұтасымен шарлады. Иә, құрамында 56 адам маңдай терін төгетін Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінің жұмысын былайғы жұрт біле де бермейді. Бар білетініміз, аң-құс атуға, отын алуға рұқсат қағазын береді. Бітті. Болды. Басқасына бойлауды да ойлағанымыз жоқ.

– Рұқсат қағазын береміз. Бірақ, оған дейінгі қанша еңбек тасада қалып жатыр. Басқа сала мамандарының жұмысы оңай деген сөз емес, біздің жігіттердің төккен маңдай терін көрсеңіз. Ен далада 1000 гектар жерді жыртып, оған тоң қатпай тұрып, сексеуіл тұқымын себеді. Тұқымның нағыз пісіп тұрған шағы осы – қара күз. Шаруашылықтар өнімдерін жинап, жылды қорытындылап жатқанда қара суықпен қатар біз де іске кірісеміз, – деді мекеме директоры Дас­тан Өтеуов.
Мекеме мұнан бөлек табиғатты қорғау, заңсыз сындырып-қирататын сұғанақ­тармен күресу, зиянкестерді анық­тау және күресу, орман өсіру, молық­тыру, азайып бара жатқан өсім­діктер мен жануарларды көбейту жұмыс­­тарымен айналысады. Ерте көк­темде жердің тоңы жіби бастағаннан ағаш көктегенге дейін оларды тағы да қауырт тірлік күтіп тұрады. Ол – ағаш егу жұмыстары.
– Аудан бойынша 435286 гектар орман қоры бар. Біздің межеміз бір жылда 800 гектар жерге 4100 келі сексеуіл тұқымын себу. Аудан орталығынан 300 шақырым жердегі алқапта басында жатып, жұмыс істейміз. Одан бөлек сексеуіл түптерінің маңын жыртып, да­йындаймыз. Бұл біздің жұмыс барысында сексеуілдің өздігінен шығуына ықпал ету деп аталады. Мұнан бөлек, 200 гектар жерге сексеуіл көшетін отырғызамыз, бұл көлемге 72000 дана көшет кетеді. Бұл жыл сайын жүретін жұмыс, – деді директордың орынбасары Сайранбек Назаров бізбен әңгімесінде.
Аймақты жасыл желекке айналдыруда тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандар жасыл жолақты да жолға қойған. Жылына 275 шақырым жердегі көне жолақты ауыстырса, оған 75 шақырым жасыл жаңа жолақты қосып отырады. Көркейту-көгалдандыруға да сеп­­тесіп жатыр. Тіпті, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолымен келе жатсаңыз, байқаған боларсыз аудан орталығына жетіп қалған тұста, жаңа лагерь құрылысына жол жарып өтетін жасыл ағашты алқап бар. Жолдың екі бетінде қатар егілген ағаштар жайқалып тұр.
– Бұл жерде 33 және 31 гектардан екі бетті қосқанда 64 гектар жерге ағаш отырғызылды. Мұны ары қарай да жалғастыру ойда бар. Тек аяқсу мәселесі аяққа тұсау болып тұр. Бұйыртса, күн энергиясын пайдаланып, жерасты суын тартатын насос алмақпыз. Сол кезде мына жолдың екі бетіне жыл сайын жаңа жер қосып, еге береміз. Жасыл белдеу осылай ауданға дейін жолды жағалап, көрік беретін болады. Мұның бәрін күтіп-баптау, бірлеу жұмыстары мекеме қызметкерлерінің мойнындағы жүк, – деді Сайранбек Орынбекұлы.
Айтпақшы, орманшылар қауымы елді де естен шығарған емес. Қурап, өлуге таяған ағаштар мен сексеуілдерді отындық сүрлеуге белгілейді. Ал, қыстың қамына кірісіп, отын алатындар салық органдарына төлемін төлеп, рұқсат қағазы арқылы оны сындыра алады.
– Қай ағашты кесу керек, қурайын деп тұрған қайсысы: мұның бәрін мамандар әбден зерттеп, қорытындылап, белгілейді. Айта кетерлігі, салық органдарына ақша төлеу керек екен деп шошудың қажеті жоқ. Бұлардың бәрі халықтың хал-жағдайына қарасқан тірлік. Отындық сүрек жүргізіп, біз елге керекті отынды қайдан алу керегін дайындап береміз, – деді директор Дастан Орынбасарұлы.
Халықтың қамын да ойлап, таби­ғатты да қорғап үлгеретін маман­дардың арасында заңгер Руслан Байназаров та бар. Ол рұқсатсыз сексеуіл сындырып, аң-құс атқандарға шара көретін заң баптарымен таныстырды.
– Рұқсатсыз аң аулау, сексеуіл, ағаш сындыру заң жолымен жазаланады. Қазір ағаш кесудің өзі 2015 жылдан бері қылмыстық теріс қылыққа жатқызылды. Біз тек акт толтырып, ішкі істер органдарымен бірлесіп жұмыс істейміз. Ары қарай ҚР ҚҚБК 340-бабы бойынша қаралады. Ал заңсыз аң-құс аулағандар ҚР ӘҚБК 382-бабының 1-бөлігімен әкім­ші­лік айыппұл салынып, мемлекетке келтірілген шығынды өтейді, – деді Р.Байназаров.
Табиғат-Ана адамзат атаулыны асырап отыр. Оқта-текте тосын мінез танытқанмен адам баласының қажет­тілігінің барлығы табиғаттан өте­леді. Орман қорғаушыларға Отан қорғау­шылардай құрмет көрсетсе де жарасады, өйткені олар табиғат атты Отанымызды кірпік қақпай күзетіп, алақанында аялап отыр.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
26 қазан 2018 ж. 1 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 244

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 346

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930