» » ТАСТАН ҚАМАЛ ТҰРҒЫЗҒАН

ТАСТАН ҚАМАЛ ТҰРҒЫЗҒАН

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы ақыны Абай айтқан кетікті қалап, тастан қамал тұрғызып, көкпен тірескен зәулім ғимараттарды қиялдан шынайы өмірге айналдырған құрылысшылардың еңбегі ерен. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген еңбеккерлердің төл мерекесі қарсаңында біз құрметтілеріміз хақында қалам тербегенді жөн көрдік.
ТАҢДАУЛЫ ҚҰРЫЛЫСШЫ
«Таңдаулы құрылысшы». Бұл елімізде Кеңестер Одағы билік құрып тұрған жылдарда құрылыс саласына еңбек сіңірген мамандарға берілетін ең дәрежелі атақ. Бірақ, бұл атақ кез келген құрылысшының маңдайына бұйы­ра бермейді. Ал, Ақкүріш апа осындай құрметті аудан, облыс, тіпті республикада алған санаулы сала мамандарының бірі әрі бірегейі.
Ол киелі Тұрмағамбет ауылында бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, өмірден өткен Нұрлыбек Алтайұлының отбасында тәрбиеленген 10 баланың ортаншысы. Ақкүріш апа өсе келе ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң, Жосалы кентіндегі механизаторлар даярлайтын білім ордасын бітіреді. 1962 жылы Қызылорда «СУ-13» құрылыс мекемесіне қарасты аудандық бөлімшесінде механизатор болып еңбек жолын бастайды. Содан бастап Ақкүріш апаның құрылыс саласындағы қызығы мен шыжығы мол жылдары басталды.
Міне, осындай киелі маман­дықты меңгерген Ақкүріш Нұр­лы­­бекқызы аудан әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосқан құрыш қолды құрылысшылардың бірі. Алпысыншы жылдардың аяғында Б.Момышұлы көшесін­дегі электр стансасы мен екі қабатты үйді салудан бастаған ол кейіннен ауданда құрылған жастар бригадасымен, құрамында Тынышкүл Құлсейітова, Марияш Оспанова және басқа да қыз-келіншектермен бірге қазіргі №121 мектеп, кент әкімдігі мен салық басқармасы, Қазақтелеком, мәдениет үйі, аграрлық-техникалық колледж, аудандық аурухана мен ішкі істер бөлімі, сондай-ақ кәсіпкерлер үйі ғимараты, Қорқыт ата мен Аманкелді көшелеріндегі көп­қабатты тұрғын үйлерде, елді мекендердегі бірнеше әлеуметтік нысандарда Ақкүріштей ақ жүректі құрылысшы апамыздың қолтаңбасы бар.
1964 жылы бірге қызмет ететін Тұрсынбек Әшіровпен отау құрған Ақкүріш отбасылық өмірді жұмыспен сабақтастырып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етті. Ел мүддесіне арнаған еселі еңбегі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «КСРО-ның таңдаулы құрылысшысы» төс­бел­гісімен, сол кездегі КСРО Ауыл­шаруашылығы құрылысы ми­­нистрлігінің және облыстық, ау­дан­дық партия комитеттері мен кәсіподағының құрмет грамоталарымен және басқа да салалық ведомстволардың ма­дақ­та­маларымен марапатталды. 2 рет облыстық, 4 рет Жосалы қыстақтық Кеңес атқару комитетінің депутаты болып сайланды. Сайлаушылардың мүддесін қорғауда тынбай еңбек етіп, алғыс арқалаған ол бірнеше рет республикалық кәсіподақтың съезіне делегат болып қатысты
– Мен – бақыттымын. Бақыты­ма орай еліміз тәуелсіздік алды. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, алыпысыншы-тоқсаныншы жылдары біз салған құрылыс нысандары ел-жұртқа әлі де қызмет көрсетуде. Десе де, бүгінде заман ағымына сай бой көтерген зәулім-зәулім тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтік нысандар ел дәулетіне сәулет қосуда. Жастарымыз болашақ иесі екенін көрсетуде. Заман талабы ма, әйтеуір шетелдердегідей төбесі көкпен тірескен ғимараттарды Елордадан да көреміз. Еліміздің бас қаласы мен аймақ астаналарында көкпен иық тірескен алпауыт үйлер көздің жауын алады. Бірге қызметтес болған Тынышкүл, Әлимаш, Қаршыға, Яхия, Жылқыбай сынды замандастарыммен бірге егеменді еліміздің заман ағымына сай өмір көшіне ілесіп келе жатқанына сүйсініп, өскелең ұрпаққа тәжірибемізді бөлісіп, ақыл-кеңесімізді айтып келеміз,– дейді қарт құрылысшы.
Бар өмірін аудан құрылы­сы­ның дамуына арнап, ел құрметіне бөленген, «Алтын алқа» сонымен қатар ІІ және ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» орден-медалінің ие­гері Ақкүріш Алтаева бүгінде мар­құм жары Тұрсынбекпен бірге үкілеп өсірген ұл-қызынан 21 немере, 16 шөбере сүйіп, ағайын-туысқа шуағын шашып, ана­лық ақ батасын беріп отырған ба­қытты жан.

БРИГАДИР БЕЛЕСІ
Өңірде Сламхан Дөсекбаевтай құрыш қолды құрылысшының қатысуымен салынған құрылыс нысандары кемде кем шығар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында білікті сала маманы Әлімжан Кенжебаев басқарған «ПМК-1602» құрылыс мекемесінде еңбек жолын бастап, тәжірибе жинақтаған Сламхан аға сол мекемеде көп жылдар бойы тас қалаушылар бригадасының бригадирі болды. Сан жылдар бойына аудандағы құрылыс саласының дамуына қомақты үлес қосты. Елді мекен­дердегі мектеп, балабақаша, ша­руа­шылықтардағы мал борда­қылау алаңы және басқа да әлеу­меттік маңызы зор нысандарда қол­таңбасын қалдырды.
Көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың тәуелсіз елімізден орнын табуына еңбек сіңірген ардагер құрылысшы зейнерткерлік демалысқа шықса да, өміріне серік еткен құрылысшы қалағын қолынан тастамай, өзі құрған шағын бригадасымен аудан орталығында жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандар салуда. Сала майталманы басқарған бригаданың дені жастар. «Жас келсе іске» дегендей, заман талабына сай жаңа үлгілерді жүзеге асырады. Осы ретте, білікті маман бүгінде елімізде заман ағымымен отандық құрылыс сәулетін жүзеге асыруға жұмыс істеуде.
– Сламханды сонау жетпісінші жылдардан бері білемін. Ол мектепті бітіре саласымен «ПМК-1602» мекемесіне жұмысқа қабылданып, сол уақытта қолына алған құрылысшы қалағын әлі де тастамай, ел әлеуетін арттыруға үлес қосып келе жатқан майталман маман. «Сәкеңнің қолымен қаланған кесектер әлі жүз жыл жасайды» дейді тұрғындар. Бүгінде ол зейнеткерлік демалыста болса да қасына білімді де іскер жастарды топтастырып, аудан халқына қызмет істеуде. Оның жігіттері салған құрылыс нысандары өзгелерге қарағанда сапалы әрі заман талабына сай. Тәжірибелі маманның қызметін тек аудан орталығы ғана емес, барлық елді мекен тұрғындары пайдалануда, – дейді сала ардагері Қаршыға Есдәулетұлы.
– Менің өмірім тек құрылыспен ғана байланысты. Бақытымды да осы құрылыстан таптым. Еңбегім де еленіп, көптеген марапаттарға ие болдым. Кеңес Одағы жылдарында түрлі министрліктерден де марапат алдым. Еңбегімді бағалап, газетке де мақала жария­ланды. Аллаға шүкір, жаман болмадым. Десе де, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы құрылыс мекемелері жабылды. Сонымен қоса жұмысшылар қысқарды. Бірақ, «Көреген көшбасшы алысты болжайды» деп дана халқымыз айтқандай, Мемлекет басшысының іскерлігімен заман жақсарды. Елде, оның ішінде өңірде бұрын-соңды халық көрмеген құрылыстар бой көтерді. Құрылысшылардың қолы қысқарып қалғанымен, мен сол жылдары өзіммен бірге еңбек еткен бригада мүшелерімен ақылдасып, құрылыс бригадасын құрдым. Жеке тұрғын үй, тапсырыспен түрлі құрылыс нысандарын салуға көштік. Қызылорда, Байқоңыр, аудан орталығы мен елді мекендерден де тапсырыс­тар түсе бастады. Міне, сол кездегі жігіттеріміз зейнеткерлік демалысқа шығып кеткенімен, бүгінде олардың орнын балалары басты. Әскер, Айбек деген жігіттер өз алдына бригада құрды. Ауданда құрылыс саласының дамуына үлестерін қосып жүрген білікті мамандар. Ал, бүгінгі бригада құрамында ұжым ардагері Бөрібай Өтешов, Амантай, Жасұлан, ағалы-інілі Болат, Бағдат, Қанағат және басқа да білікті жас мамандарымыз еңбек етуде. Екі бригада жұмыс істейді. Арамызда сылақшы да, тас қалаушы да, бетоншы да бар. Еңбегімізге әрдайым ел риза, – дейді құрыш қолды құрылысшы Сламхан Дөсекбаев.

МАМАН МЕРЕЙІ
«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей, Дариха өмірге ер бала болып келмесе де, бала кезінен әкесі Сақтаған Тұрмағамбетұлының ісіне еліктеп, өмірін құрылыс саласына арнауды қалаған еді.
Міне, көптен күткен арманы да орындалып, мектеп бітірген соң ол Астана қаласындағы Н.Гумилев атын­дағы Евразия университетінің «өндірістік және азаматтық құры­лыс» факультетіне оқуға түсіп, бес жыл білікті сала мамандарынан тә­лім алып шығып, туған елге оралады.
Алғашқы еңбек жолын аудан­дық құрылыс бөлімінде бастаған жас маман ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына өз үлесін қосуға белсене араласып кетеді.
– «Әке көрген оқ жонар» де­мек­ші, құрылысшы мамандығы – жауапты мамандық. Әсіресе, қыз бала үшін өте қиын екені рас. Десе де, бала кезімнен бар өмі­­­­рін осы салаға арнаған әкем Сақтаған Тұрмағамбетұлының күн­­діз-түні тынбай еткен еңбегіне қы­зығатынмын. Әкем сияқты құрылысшы болсам деп армандайтынмын. Әрдайым кешкілік бәріміз дастарқан басына жиналғанда ол жұмысында болған қызықты оқиғалар мен пайдалануға берілген құрылыс нысандары, сонымен қатар газеттерде жарияланған сала ақпараттары туралы айтып отыратын. Міне, бала кезден санама құйып алғаным соншалық, талай рет әкемнен ұрланып, құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардарға құрылысшылардың еңбектерін қызықтап қайтатынмын. Тіпті, бір-екі рет кірпіш те қаладым, – деді ол.
Қай істе болмасын биік шыңдарды бағындыру үшін саланы жан-жақты сүйе білу керек, Дариха – сондай жан. Өз мамандығын сүйген жанның арман асуын бағындыратыны анық.
«Өмір-өзен» дегендей, еліміз тәуелсіздік алып, Елбасының қолдауымен Қазақ елінде көптеген ілкімді істер атқарылды. Сарыарқа төрінен зәулім-зәулім ғимараттар салынып, әлемдегі ең алып қалалармен теңесетін Астана қаласы бой көтерді. Мен де бала кезгі арманыма қол жеткіздім. Бүгінде аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде бас маман болып қызмет істеудемін. Ұжымымның дені өзім сияқты жастар болғанымен, барлығы да жоғары білімді, тәжірибе жи­нақ­таған мамандар. Биылдың өзін­де ауданда бір мектеп, екі балабақша, бір денешынықтыру және сауықтыру кешені және басқа да кәсіпкерлік нысандары ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудан балаларының көптен күткен жазғы тынығу лагері салынуда. Мұндай тындырымды тірліктерде біздің ұжымның да қосқан үлесі ерекше дегім келеді, – дейді білікті маман Дариха Сақтағанқызы.
Дариха өмірлік жары, біршама жыл осы салада еселі еңбек етіп, ел құрметіне бөленген, бү­гінде Қызылорда қаласындағы «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау» қорында менеджер бо­лып қызмет ететін Сәбит Қап­парұлымен шаңырақ көтеріп, бүгінде 4 бала тәрбиелеуде.
Түйін
Ақ халаттылар алдына келген науқастарға жауапты. Мұғалімдер әрбір шәкірттің көкірек көзін ашуға жауапты. Ал, құрылысшылар өзі салған ғимараттың ішіне бас сұғатын адамның өміріне жауапты. Демек, олардың көтерер жүгі жеңіл емес.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».

17 тамыз 2018 ж. 1 879 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 115

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930