» » ЕҢБЕКТІҢ ҮЛГІСІН КӨРГІҢ КЕЛСЕ

ЕҢБЕКТІҢ ҮЛГІСІН КӨРГІҢ КЕЛСЕ

«ТҰРМАҒАМБЕТТІКТЕРДІҢ» ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІГІ
Биылғы егін егу маусымында 13850 мың гектар егістік алқапқа Сыр салысын орналастырған ауданның диқан-механизаторлары бүгінде сонау ерте көктемнен күтіп-баптауды қолға алған күріш дақылын суға бастырып, алдағы жинау маусымына дайындауда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бө­лімінің мәліметіне сүйенсек, өңір диқандары қазірде күріш дақылынан басқа 210 гектарға еккен бидайды орып болса, 1700 гектарға орналастырған мақсарыны да жақын арада жинап алмақшы. Сонымен қатар, таяу күндері 6500 гектар ескі және жаңа жоңышқаның үшінші орымын бастайды.
Міне, аудандағы «Жаңажол», «Достық Жер МК», «Ақтөбе и К», «Ораз ахун» және «Тұрмағамбет» сынды ірі серіктестіктермен бірге, «Ақниет», «Оңталап», «Дөйт»,«Әсіл», «Болашақ», «Шабан ата», «Шахзада», «Ақжар» және басқа да шағын шаруашылық құрылымдары өздеріне бекітілген күріш және басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын күтіп-баптап, алдағы егін жинау науқанына дайындалуда.
Осы ретте, егінжай ерлерінің алдағы маусымға дайындықтарымен танысуда аудандық мәслихат депутаты, білікті сала маманы Нұржан Пірмантаев басшылық жасайтын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жолға шықтық.
Жол сілтеушінің көмегімен шаруашылықтың Абай Жәкеев бас­қаратын №4 егіс бригадасына да келіп жеттік. Егістік басы ығы-жығы толған адам. «Бұл жерде не болып жатыр» деген сұрағанымызға жол басшымыз:
– Бүгін таң азанмен ауыл болып, мына жайқала өскен күріш атыздарында қылтиып өсіп тұрған қызыл күрішті орудамыз. Биыл қызыл күріш көп өсіп кетті, оны піспей тұрып орып тастамасаң, ертең тұқымы жерге түсіп, алдағы жылы ол бұдан да көп өсіп кетеді. Күрішке зиянын тигізеді. Мектеп оқушылары мен студенттер және шаруашылық жұмысшылары жұмылып, қызыл күрішті орудамыз. Тіпті, оқушылар мен студенттер еткен еңбектеріне қарай еңбекақы алады,– деді.
Егістің басына келгенімізде, бізді күтіп алған шаруашылық басшысы Нұржан Айдарбекұлы іс-шараның мән-жайына қанықтырған соң, шаруашылық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгіме өрбіттік.
– Биыл шаруашылық бойынша 2700 гектар егістік алқапқа Сыр маржаны орналастырылды. Сонымен қатар, 949 гектарға ескі, ал 315 гектарға жаңа жоңышқа егіліп, бүгінде оның екінші орымын орып болдық. Осы айдың аяғында үшінші орымға түсеміз. Ал, 150 гектарға егілген мақсары мен 5 гектарға орналастырылған бақша дақылдары, көкөніс және картопты күтіп баптаудамыз. Сондай-ақ, диқаншы қауым үшін ең негізгі жұмыс ол сонау көктемнен жер ана төсіне тіккен әрбір күріш дақылын балаша баптап-өсіріп, ендігі жерде оның ризығын көру екені рас. Бұл жұмыстардың да нәтижесін көрер күн де алыс емес. Егін жинау науқанына 7 комбайн, 7 жатка, 14 тасымал көлігі тіркемесімен және 250-ге жуық егінші күзгі жиым-терімге қатысады деп күтілуде. Шаруашылықта өткен жылы өздеріне бекітілген міндеттемелерді асыра орындаған Сәлімгерей Қалтаев, Болат Дәулетбаев, Ақылбек Құлбарақов, Нұржан Ертаев, Әлжан Қамбаров сияқты озаттар биыл да әріптестеріне үлгі көрсетіп, алдыңғы қатарда боламыз деп уәделерін беруде. Әрине, жастар да аға буын өкілдерінен қалыс қалмауда аянбай тер төгуде,– дейді шаруашылық басшысы.
«Балапанды күзде санайды» дегендей, күзгі жиым-терім науқаны да тая күндері басталады. Егінші қауымның да көңілі көтеріңкі. Диқан-механизаторлармен де егін жинау мау­сымына дайындық туралы тілдесуге мүмкіндік болды.
– Биыл мен басқаратын №4 егіс бригадасында еңбек ететін 36 диқан-механизатор өздері күтіп-баптап отырған 4795 гектар егістік күріштің шығымына дән риза. Бригада диқандары өткен жылы әр гектардан 50 центнердің үстінде өнім алса, биыл сол көрсеткішті 60-тан асыруды межелеп отыр. Алла қаласа алдағы жиым-терімде үлкен нәтижеге қол жеткіземіз деген үмітіміз бар. Оған Серік Смағұлов, Базар Бектасов, Сәбит Ертаев, Талғат Сыдықов, Яхия Мәмбетов сынды бригада озаттарымен бірге өзге де егіншілер атсалысады деген ойдамын, – дейді бригада басшысы Абай Жәкеев.
Міне, түскі астың уақыты да болыпты. Егінжай ерлерімен бірге біз бригада аспаздары Жанат Қарлыбаева мен Мырзабике Асқарова дайындаған тағамдардан дәм таттық. Әсіресе, аспаздардың балды бар­мағымен майға бөк­тірілген тандыр нанын тоя жеп, мұздай айранына шөлімізді қан­дыр­дық.
«МУЗА» ЕГІНШІЛЕРДЕ ҚОНАҚТА
Айтпақшы, біз егістік басына кел­гені­мізде Шәмшат Төлепова атын­дағы аудандық мәдениет үйінің директоры Ерлан Құлмырзаев бастаған көркемөнерпаздар егінжай ерлеріне арнап концерт дайындап келген. Ал, диқаншы қауым болса өнерпаздарды қоршай отырып алыпты.
Міне, егіншілер алдына ду қол шапалақпен биыл аудан жұрт­шы­лығына өздерінің әсем ән-жырларын ұсынып, құрметке бөленіп жүргеніне 5 жыл толған, құрамында түрлі халық­аралық, республикалық өнер бай­қауларында жеңімпаз атанған Тоғжан Бақытова, Зарина Ибрагимова, Бибімариям Серік сынды жас дарын иелерінен құралған «Муза» триосы шықты. «Муза» триосының көркемдік жетекшісі Ақмарал Кішкентаеванының жүргізуімен өткен концерттік бағдарламада өздерінің әсем әндерімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған жас өнерпаздармен бірге есімдері аймағымызға танымал Айна Оңалбаева, Ғалымжан Шәкизада сынды талант иелерінің өнеріне егіншілер қол соғып, құрмет көрсетті.
– Биыл «Муза» триосына 5 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында аталмыш өнер ұжымы көптеген ха­лық­аралық, республикалық ән-жыр байқауларында бақ сынып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Киелі Қармақ­шы өңірінде ата-бабадан мирас­тыққа жалғасып келе жатқан әншілік-жыршылық өнердің дамуына үлес қосып келе жатқан майталман мамандардың қатарын толықтырды. Міне, бүгін олар Тұрмағамбет ауылына келіп, егінжай ерлеріне концерт беруде. Бізге осындай қабылдау ұйымдастырып, халық алдына шығ­уы­мызға қолдау көрсеткен халық қалау­лысы, шаруашылық төрағасы Нұржан Пірмантаевқа айтар алғысымыз шексіз, – дейді «Музаның» көркемдік жетекшісі Ақмарал Бақбергенқызы.
– «Ән – көңілдің ажары» демекші, бүгін біз біраз ән-жыр тыңдап, көңіліміз көтеріліп қалды. Бұрындары елімізде Кеңес Одағы өкіметі дәуірлеп тұрған жылдарда аудан орталығынан, құрамында әнші-бишілері мен кино және кітапханашылары бар мәдени-үгіт бригадасы келіп, егіншілер мен малшыларға мәдени қызмет көрсететін-ді. Міне, бүгін сол ұмыт болған үрдісіміз де қайта ортамызға оралуда, осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді егін майталманы Сәлімгерей Қалтаев.
Иә, «Ән болса, нан да болады» деп сонау Кеңестік дәуірде егіншілер қауымы ұрандағандай, бүгінде дала майданының сарбазы атанған тәуелсіз еліміздің диқаншы қауымы үшін ала жаздайғы баптап өсірген егінін алдағы келе жатқан жиым-терім маусымында төкпей-шашпай жинап алу басты міндет. Десе де, диқаншы қауым қа­шан­да ән мен еңбектің егіз екенін жақсы біледі.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
16 тамыз 2018 ж. 2 263 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 034

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031