Мәслихаттар сайлауы
» » ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ҰЯЛАҒАН ҰСТАЗ

ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ ҰЯЛАҒАН ҰСТАЗ

Байұзақ Жұматаев 1939 жылы бұрынғы Майлыөзек, қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Ағайынды Мәрдісадық пен Байұзақ екеуі де ұстаздық жолды таңдап, бар ғұмырын білім беру мен тәрбие ісіне арнаған. Бұл – олардың бойындағы елге қызмет етуге деген адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Байұзақ ағай 1962 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетін химия-биология мамандығы бойынша тәмамдап, ұстаздық еңбек жолын туған өңірінде бастады. Қармақшы ауданының қазіргі Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектепте еңбек етіп, 1964 жылы директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасар қызметін атқарды. Кейін №185 орта мектепте мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры болып қызмет етті. Сонымен қатар №254 мектепті басқарды. Жосалы кентіндегі №121, №26 мектептерде және №12 кәсіптік колледжде шәкірт тәрбиелеп, мол тәжірибесін кейінгі ұрпаққа аманат етті.
Байұзақ ағайдың ұстаздық шеберлігі мен пәндік білімі шәкірттерінің жетістіктерінен айқын көрінді. Әсіресе химия пәнін терең меңгертуге ерекше көңіл бөліп, оқушыларын аудандық, облыстық, республикалық және Бүкілодақтық пәндік олимпиадаларға дайындады.
«Жүз шайырды тербеткен – Алтын бесік», «Тұрмағамбет ауылы», «Ғибратты ғұмыр», «Ұлағатты ұстаздар» секілді еңбектерде елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолы мен өнегесі баяндалады. Солардың қатарында ұрпақ тәрбиесіне айрықша үлес қосқан Байұзақ ағайдың да өмір жолы – кейінгі буынға үлгі.
1971-1974 жылдары химия пәніне ерекше мән берілген кезеңде оның шәкірттері республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетті. Сол жылдары шәкірті Палайым Жұматаева химия пәнінен бірінші орын алып, республиканың атынан Воронеж қаласында өткен Бүкілодақтық олимпиадаға қатысу құрметіне ие болды. Бұл жетістік – шәкірт талантымен қатар, ұстаз еңбегінің де жемісі еді.
Ұстаздың қадір-қасиеті оның қызметтік атағымен ғана емес, шәкірттерінің жүрегінде қалдырған ізімен өлшенеді. Байұзақ ағайдың білімділігі, кәсіби біліктілігі туралы әріптестері мен шәкірттерінің естеліктері аз емес.
Нұртілеу Салықов өз естелігінде Байұзақ Жұматаевтың білімділігіне, химия пәнін жетік меңгергеніне ерекше тоқталады. Ұстазының партияға кандидаттыққа қабылдану мәселесі қаралған кезде де оның кәсіби шеберлігі мен шәкірттері жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтып, ұстазына деген шынайы құрметін білдірген. Байұзақ ағайдың шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық және Бүкілодақтық олимпиадаларға қатысып, жоғары нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен.
Кейін Нұртілеу Салықов «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атанып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Ол кісінің жиі айтатын: «Математикадан – Үсен Қошалақов, химиядан – Байұзақ Жұматаев өткен» деген сөзі осы екі ұстаздың ел жадында қалған биік беделін аңғартады.
«Болашақ» университетінің ректоры Өмірбек Үмбетов те химия пәнін терең меңгеруіне ұстаздарының ықпалы зор болғанын айтып, Тұрмағамбет ауылындағы №29 мектепте Байұзақ Жұматаевтан білім алған шәкірттердің кәсіби жетістіктерін жоғары бағалаған.
1976 жылы №185 орта мектептің директоры қызметіне тағайындалған Байұзақ ағай білім сапасын арттыруға, оқушылардың қабілетін дамытуға және олардың ғылымға деген қызығушылығын оятуға күш салды. Роза Қуаңбаева секілді шәкірттерінің мектепті «Алтын медальмен» аяқтап, химия пәнінен аудандық және облыстық олимпиадаларға қатысуы – ұстаз еңбегінің нәтижесі.
1986-1996 жылдары Қорқыт ата атындағы университеттің Қызылорда оқу орнында оқыған, Байұзақ Жұматаевтың жоғарғы жетістіктерге жеткені, үздік көрсеткіштері үшін суреті оқу орнының «Құрмет тақтасына» ілінген.
2024 жылы «Руханият» орталығында елге еңбегі сіңген ұстаздарға арналған құрмет тақтасына Әбдуали Жаназаров, Серік Ахметов, Қали Шыңғысов, Зибаш Қамбарова және Байұзақ Жұматаевтың суреттері ілінді. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет, өткенге тағзым және жас ұрпаққа үлгі болатын игі іс. Байұзақ ағайдың шәкірті ретінде осы сәтті зор қуанышпен қабылдадым. Өйткені ұстазыңның еңбегі еленіп, есімі ел жадында жаңғыруы – шәкірт үшін үлкен мақтаныш.
Байұзақ Жұматаевтың өнегелі жолы өз отбасында да жалғасын тапты. 2014 жылы оның ұрпақтары «Еңбек әулеті», «Ұстаздар әулеті» ретінде аталып, әулеттің жалпы еңбек өтілі 520 жылды құрағаны атап өтілді. Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың атынан ұрпақтарына Құрмет грамотасы табысталды. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның дамуына үлес қосқан ұстаздар ұрпағына көрсетілген лайықты құрмет болатын.
Ұстаздың шынайы бақыты – шәкіртінің жетістігі, ал ең үлкен марапаты – есімінің ұмытылмай, еңбегінің ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қалуы. Ағайдың өмір жолы осы сөздің айқын дәлелі. Ол шәкірттеріне тек химия пәнінің қыр-сырын үйретіп қана қоймай, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, адалдықты және білімге деген құштарлықты бойларына сіңірді.
Ұстазым Байұзақ Жұматаевтың жарқын бейнесі мен өнегелі істері шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Осындай ардақты ұстаздан білім алғанымды мақтан тұтамын. Ұстаз еңбегін ұлықтау – өткенге құрмет көрсетіп қана қоймай, келешек ұрпаққа рухани мұра қалдыру.
Ұстаздар әулетіне шәкірті ретінде шынайы алғысымды білдіре отырып, отбастарына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, абырой мен береке тілеймін. Ұстаз есімі шәкірт жүрегінде мәңгі жасай берсін.
Тоты КӨШЕРБАЕВА,
№27 орта мектеп директорының орынбасары
18 қараша 2026 ж. 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№87 (10555)

16 қараша 2026 ж.

№86 (10554)

14 қараша 2026 ж.

№85 (10553)

10 қараша 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 379
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 508

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30