КІСІ ЕДІ МІНЕЗГЕ БАЙ,ЗИЯЛЫ...
Асқар тау ұстаз тұлғасы, орны, тәрбиесі, жол нұсқауы перзенті үшін қашанда ерекше болады. Ұстаздан алған тәлім-тәрбие балаға өмір бойына азық болатыны хақ. Біздің де білім саласында жүріп, ұрпақ тәрбиелеуде әулет болып ерен еңбек етуімізге, елге қызмет көрсетуімізде ықпалы ерекше.Әулеттің ұйытқысы болған, ұлағатты ұстаз, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі» Байұзақ Жұматаев әрдайым ерен еңбектің абырой биігінен көрініп, баршаға үлгі бола білді. Ол 1939 жылы талай асыл азаматтарды дүниеге әкеліп, тербеткен Алдашбай ахун ауылында өмірге келген. 1957 жылы қаладағы «1 Май» қазақ орта мектебін тәмамдап, Қызылорда педагогикалық институтының химия-биология факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1962 жылы бітіріп, еңбек жолын жолдамамен Шымкент облысының Ленин ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» қазақ, орыс, өзбек аралас орта мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастайды. Ұстаз мұнан кейін 1964 жылы туған елге оралып, Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектебінде мектеп директорының өндірістік оқу жөніндегі орынбасары қызметін атқарса, 1965- 1993 жылдары №185 қазақ орта мектептің директоры, Кекірелі бөлімшесіндегі №254 мектептің директоры болып басшылық қызмет атқарады. Кейіннен ұстаздық жолы №254, №185, №26, №121 мектептерде, №12 кәсіптік-техникалық колледжде пән мұғалімі ретінде бала оқытып, білім нәрімен сусындату жолына ұласты. Ұстаз өте талапшыл, білімді, еңбекшіл біртуар азамат болды. Шәкірттерінің білімді болғанының айқын дәлелі 1971-1974 жылдары Өскемен, Байқоңыр қалаларында өткізілген республикалық пәндік олимпиададан оқушысының 1-орын алуы, Воронеж қаласында өткізілген Бүкілодақтық химия пәні білім сайысына қатыстырғаны болды.
Міне, осындай ұстаздық жолындағы қызметінің жемісі «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағымен марапатталуы болғанын мақтанышпен айта аламыз. Фотосуреті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрмет тақтасына» ілінді. Ұстаздық қызметпен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, Жаңақала ауылдық кеңесіне депутат болып сайланып, халықпен қойын-қолтық жұмыс жасады.
1964 жылы Ханбибі Боранбаевамен отбасын құрып, яғни 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының білімді де салиқалы азамат болып өсуіне айрықша мән берді. Бәрі де жоғары білім алып, еңбек жолын халыққа қалтқысыз қызмет етуімізге ықпал етті. Бүгінгі күні ұстаздық қызметі ұрпағына сабақтастық болып жалғасты. Үлкен қызы Әмина әке жолын жалғастырып, туған жерімізде, №185 мектепте, химия-биология пәнінің мұғалімі болса, Берік құрылысшы мамандығының майталманы. Мұхтар тарих пәнінің білікті ұстазы болып, аудандағы бірнеше мектептерде мұғалім болып, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарып жүр. Қазір аудан орталығындағы іргелі шаңырақ №121 орта мектепте басшылық жолын жалғастыруда. Қызы Жадыра Астана қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектепте биология пәнінің білікті маманы, ұлы Ерлан Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі. Кенже қызы Жанат медицина саласында адал қызмет етуде. Өмір жолдарында білім мен парасаттылықтан тұратын ұстаз есімін әрқашан үлгі тұтып жоғары ұстап келеді. 2014 жылы Еңбек әулеті Қазақстан Республикасы Президентінің қолдауымен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2015 жылы әулетіміз облыс бойынша «Ұстаздар әулеті» номинациясымен облыс әкімінің алғыс хатын иеленді. Бүгінде ұлағатты ұстаз Байұзақ Жұматаевтың суреті аудандық «Руханият орталығындағы» Құрмет тақтасында ілінген.
Әулеттің қамқоршысы, отбасының ұйытқысы бола білген ұлағатты жан 2008 жылы, 62 жасында өмірден озды. Ұстаздың өзі кетсе де, ұрпағы, артындағы шәкірттері есімін ұмытпақ емес. Осы мақсатта еңбек еткен туған ауылындағы №185 мектепте ұстаз атындағы химия кабинеті ашылып, оқушылардың игілігіне берілді. Ұстаз туралы ыстық естелігім мен ақжарма ойымды айтыскер ақын, Қызылорда облысының құрметті азаматы Серік Ыдырысовтың өлең жолдарымен жалғасам деймін.
«Отты көз, нұрлы дидар, жазық маңдай,
Білімі шәкірттерге азық болды-ай.
Ол менің Байұзақ ағам Жұматаев,
Қайратын көрген жандар қағып таңдай.
Сабырлы, салиқалы, саналы адам,
Халыққа тірліктегі амалы адал.
Ол басшы болып барған бар мектепті,
Мемлекет өте биік бағалаған.
Кісі еді мінезге бай, зиялы,
Ойы ұшқыр, ісіне сай қиялы.
Сөйлесе сөзге шешен, ойы орнықты,
Секілді дүр Омардың тай тұяғы...»
Шағын мақала түйінінде Байұзақ Жұматаевтың есімін жаңғырту мақсатында Жосалы кентінен көше аты берілсе, жас ұрпақ пен жерлестерінің жадында ұлағатты ұстаздың есімі мәңгі қалар еді.
Мұрсал ӘБДІҚАСОВ,
ардагер-ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин»
төсбелгісінің иегері















