ҰСТАЗ АТЫНАН КАБИНЕТ АШЫЛДЫ
Ұстаз – болашақты жасаушы тамаша талант иесі. Ұстазға бас имейтін адам жоқ. Оның алдынан білім алған әрбір жас үлкен өмірге қанат қағып, өмірге кірпіш болып қаланады. Шәкіртін баласындай мәпелеп, тұлға қалыптастыра білген ұлағатты ұстаз – «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» Байұзақ Жұматаев.
Ол 1939 жылы Қосарық ауылдық кеңесіне қарасты қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген. Орта білімді Қызылорда қаласындағы 1 Май қазақ орта мектебінен, жоғары білімді педагогикалық институттан алады. Мамандық алған соң еңбек жолын 19621963 оқу жылында Шымкент облысының Ленин ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы атындағы» қазақ, орыс, өзбек мектебінде химия-биология пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1964 жылы туған өлкеге оралып, №29 қазақ орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалады. Мұнан кейін 1965-1973 жылдар аралығында №185 қазақ орта мектебінде мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған. 1971-1974 жылдары Өскемен, Байқоңыр қалаларында өткізілген республикалық пәндік олимпиададан шәкірті І орын алса, Воронежде Бүкілодақтық химия пәнінен өткен білім сайысына оқушысын қатыстырған.
Ұстаздың әрі қарайғы еңбек жолы 19731976 жылдары №29 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болумен жалғасса, 1976-1980 жылдары №185 орта мектепке директорлық етті. Жауапкершілікті терең түсінетін Б.Жұматаевты аудандық оқу бөлімі шалғайдағы №254 мектепке басшылық етуге жібереді. Кейіннен ол №254, №185 мектептерде пән мұғалімі ретінде, балаларды білім нәрімен сусындандырды.
Ұлағат иесінің педагогикалық қызметі жемісті болды. «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін тағынып, фотосуреті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құрмет тақтасына» ілінді. Ұстаз болумен қатар қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан ағамыз Жаңақала ауылдық кеңесіне депутат болып та сайланды.
Тағы бір керемет жетістік – 2014 жылы «Еңбек әулеті Қазақстан Республикасының президентінің қолдауымен Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» Жұматаевтар әулетінен 17 ұстаз марапатталды. Бүгінде арда азаматтың аудандық «Руханият орталығындағы» Құрмет тақтасына суреті ілінген.
1964 жылы өмірлік серігі Ханбибі Боранбаевамен отбасын құрып, 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Әмина әке жолын қуып, №185 мектепте химия-биология пәнінен сабақ берсе, Берік құрылысшы-инженер, Мұхтар №121 мектепте әкесінің басшылық жолын жалғастыруда. Жадыра Астанада Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте биология пәнінен, Ерлан №26 мектепте тарих пәнінен мұғалім. Жанат медицина саласында еңбек етеді. Білім мен парасатты жоғары қойған отбасында балалары үшін асқар тау әкенің өмір жолы мен есімі әрқашанда биікте.
Ұжымның құрметтісі, шәкірттерінің сүйікті ұстазы, ұл-қыздарының қамқор-қорғаушысы бола білген ардақты жан 62 жасында өмірден өтті.
Жақында №185 орта мектептен ұстаз атында химия кабинеті ашылып, игі жаңалық болды. Жалпы парасат иесі жайында ақ тілектер жетіпартылады. Соның бірқатарына тоқталып өтсек.
«Мен 1982 жылы аудандық білім бөлімінің бұйрығымен «Кекірелі» қазақ орта мектебіне оқу ісінің меңгерушісі, математика пәні мұғалімі болып келдім. Мектеп басшысы Байұзақ ағамыз. Он жылдан астам бірге еңбек еттік. Институтты бітіргеніме бір жыл болған жас маманмын. Өмірімде меңгеруші болмақ түгілі бірлестікке жетекші болып көрмегенмін. Оның үстіне өзімнің ағамның қарамағына жұмысқа келдім. Жауапкершілік екі есе күшейді. Осының бәрін дұрыс түсінген ағам маған барлық жұмысты оқушыға сабақ түсіндіргендей етіп үйретті» деп еңбек ардагері Әлихан Әліпов өткен еңбек жолын еске алса, шәкірті, ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», жоғары санатты дәрігер Күнзира Анықова «Ағай химиядан сабақ берді. Өмір жолымды ой елегінен өткізсем, Қызылдың қиясында жол қатынасы жоқ, аптасына 2-3 рет АН-2 ұшағы ғана қатынайтын. Облыс орталығынан 300, ауданнан 150 шақырымда орналасқан. Ауылда қаншама бала білім алып, әр салада еңбек етуде. Бұл мектеп ұстаздарының қажырлы еңбегі. Қазіргідей білім ресурстарымен қамтылмаған, ұстазым Байұзақ ағайдың еңбегімен ғана аудандық, облыстық олимпиадаға химия пәні бойынша қатысып, 1-2 орын алып, республикалық жарысқа қатысқан болатынбыз. Олимпиаданың не екенін ағайдан білдік қой. Ол өте білімді, талапшыл, еңбекшіл, біртуар ұстаз десем болады. Біздің жүрегімізде солай сақталды. Сабақ кестесінен тыс қосымша үйретулермен көп айналысатын. Институт қабырғасында 1-2-курстарда органикалық, аналитикалық, физколлоидты химия жүрді. Химиялық теңдеу шешу, элементтердің формуласын білу, зертханалық жұмыстар жүргізу мен үшін түк те болмайтын. Оның себебі, мектеп табалдырығында ұстазымыз миымызға құйып берген білімі мен еңбегі жатқан-ды. Сондай кезде ұстазымның өте білімді екенін сезініп отыратынмын» деп үзік сырымен бөлісті.
Қазақстанның құрметті жазушысы, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Махмұтбай Әміреұлы да былайша ой толғайды. «Қармақшылық ұстаз, асыл азамат Б.Жұматайұлының есімі аталғанда Қызылорда пединститутына оқуға түсіп, студенттік өмірді енді бастаған балаң кезіміз ойға оралады. 1959 жылы Жалағаш ауданындағы Мақпалкөл орта мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда пединститутының қазақ тілі мен әдебиет факультетіне оқуға түстім. Бұл кезде туған ағайым Рақыш Әміреұлы осы институттың жаратылыстану факультетінің 3-курс студенті еді. Қасында өзімен бірге оқитын қармақшылық азамат Байұзақ Жұматаев болатын. Екеуі қаланың Ғ.Мұратбаев мектебі жанынан пәтер жалдап тұрады екен. Осы пәтерге үшінші болып мен қосылдым. Ағамыз табиғаты таза мейлінше адал тілекті, ақ жүректі жан екен. Алғаш кездескен кезден туған ағайымдай болып кетті, мені туған інісіндей көріп, қашанда қамқорлық жасауға асығып тұратын. Пединститутты бітіріп, қызметте жүрген кезімде де арнайы іздеп келіп, жағдайымды біліп тұратын. Туған ағайым Рақыш Әміреұлы ғылым жолында көп ізденіп, жоғары табыстарға жетті. Мәскеу қаласында аспирантурада оқып, химия ғылымдарының кандидаты, кейіннен докторы атақтарын табыспен қорғады. Екі қорғау кеңестеріне де қатысып, ағамыздың ғылым жолындағы табыстарының куәсі болдым. Қазір ағамыз Павлодар мемлекеттік университетінде ұстаздық қызмет атқаруда. Бірақ қайда жүрсе де Байұзақ аға екеуінің достық қатынасы үзілген емес. Асыл азаматымыздың отбасына, ұрпақтарына қашанда ұзақ ғұмыр, бақыт пен табыс тілеймін» дейді ақжарма тілекпен.
Айтыскер ақын, Қызылорда облысының құрметті қызметкері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Серік Ыдырысовтың айтулы тұлғаға арнаған өлең жолдарына назар аударуды жөн көрдік.
«Отты көз, нұрлы дидар, жазық маңдай,
Білімі шәкірттерге азық болды-ай.
Ол менің Байұзақ ағам Жұматаев,
Қайратын көрген жандар қағып таңдай.
Сабырлы, салиқалы, саналы адам,
Халыққа тірліктегі амалы адал.
Ол басшы болып барған бар мектепті,
Мемлекет өте биік бағалаған.
Кісі еді мінезге бай, зиялы,
Ойы ұшқыр, ісіне сай қиялы.
Сөйлесе сөзге шешен, ойы орнықты,
Секілді дүр Омардың тай тұяғы.
Шықтыңыз абыройдың асқарына,
Байұзақтың бағын берсін бастарыңа.
Ұнатқан хим-биолог мамандығын,
Құт болсын дәрісханаң жастарыма...».
Сәрсенкүл АҚКІСІ
















