ОТБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ, ТӘРБИЕ – БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ!
№106 және №107 орта мектептерінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында аудан әкімінің орынбасары Шыңғыс Сыдықовтың қатысуымен «Отбасы – ұлттың тірегі, тәрбие – болашақтың кепілі» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді.
Аудан әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған жиынды Шыңғыс Әбділәмитұлы жүргізіп, бала тәрбиесі – отбасы мен мектептің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында аудан прокурорының орынбасары Еркебұлан Байділда «Құқық және жауапкершілік» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру мен бала алдындағы міндеттерін тиісінше орындаудың маңызын түсіндірсе, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Оспан Ешжанов жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелерін атап өтті.
Ал Жастар денсаулық орталығының психологы Әмина Кетебаева «Құқықбұзушылықтың адам денсаулығына әкелетін зардаптары» тақырыбында сөз сөйлеп, жасөспірімдерге қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру жөнінде маңызды ақпараттармен бөлісті.
Жиын соңында ата-аналар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу жүргізілді.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі















