
Ауданымызда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар аудан әкімінің тұрақты бақылауында. Әсіресе жастардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне ерекше мән беріліп келеді.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу және өзекті мәселелерді талқылау мақсатында бүгін №250 мектеп-лицейінде аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен және аудандық прокуратурамен бірлескен «Заң мен тәртіп», «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тақырыбында жиын өтті.
Аудан басшысы: «Бүгінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Себебі тәртіп пен жауапкершілік бар жерде қауіпсіздік пен тұрақтылық болады. «Заң мен тәртіп» мемлекеттік саясаттың басты қағидаты». Сондықтан әр жас заңды құрметтеп, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы тиіс»,- деп атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев сөз сөйлеп, құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Мұнан соң аудандық прокуратураның прокуроры Әділет Сәдудің «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудандық прокуратура тарапынан 2026 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, бұл бағыттағы шараларды толық таныстырды.
Жиында аудандық полиция бөлімінің орынбасары Оспан Есжанов 2026 жылдың алғашқы 4 айындағы құқық бұзушылық профилактикасы, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жай-күйін айтып өтсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков «Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы» хабарлама жасап, білім беру ұйымдарындағы шараларды баяндады.
Сонымен қатар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев балалардың қауіпсіздігі, жазғы демалыс кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде баяндама жасады.
Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Осы бағытта ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев және білім саласының ардагерлері Зарипа Тасымова мен Болат Жұмабаев пікір білдіріп, ұрпақ тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп және қоғамның бірлескен жауапкершілігіне тоқталды.
Жиын қорытындысында Жандос Еркінбек құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді, түнгі рейдтік шараларды тұрақты ұйымдастыруды, жазғы демалыс кезінде балалар қауіпсіздігін бақылауда ұстауды және ата-аналармен түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізуді жауапты бөлімдерге қатаң тапсырды.
Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі