» » ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

ҰСТАЗҒА ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ

Ұстаз – шәкірт жүрегіне білім шырағын жағып, өмір жолына бағыт беретін ардақты тұлға. Жылдар өтсе де, оның өнегесі ұмытылмай, жүрекке қалдырған ізі өшпейді. Соның айқын дәлелі – Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте өткен тәрбиелік іс-шара. Ол ардақты ұстаз, ұлағатты тәлімгер Қауынбек Баеновтың туғанына 100 жыл толуына арналды.
1926 жылы дүниеге келген Қауынбек Баенов 1966 жылдан бастап өмірінің соңына дейін туған ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ол шәкірттеріне терең білім беріп қана қоймай, оларды еңбекқорлыққа, адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Өкінішке қарай, оқушыларды күзгі егістік жұмысына апарған сапарында өмірден озғанымен, оның артында қалдырған өнегелі жолы мен шәкірттерінің жүрегіндегі орны мәңгілікке сақталды. Ұстаздың қадір-қасиетін жылдар өткен сайын тереңірек түсінген шәкірттері оның есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі етуді парыз санады.
Тағылымды шараның ұйымдастырушылары – 1963 жылы туған, 1974-1980 жылдары Қауынбек ағайдан тәлім алған мектеп түлектері. Арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, ұстазға деген құрметі мен сағынышы суымаған шәкірттердің бұл бастамасы – ұрпаққа өнеге, кейінгі буынға тағылым.
Іс-шараны мектеп директоры А.Оспанов салтанатты түрде ашып, ұстаздық жолдың қасиеті мен Қауынбек ағайдың өнегелі өміріне тоқталды. Кеште ардагер-ұстаз Қ.Ермағанбетова және ұстаздың шәкірттері Г.Мұнарбаева, С.Әлібаев, М.Жақанбаев жүрекжарды естелігімен бөлісіп, аяулы ұстаздың адамгершілік келбетін, тәлімгерлік қасиетін еске алды.
Басқосуда оқушылар арасында «Ұстазға тағзым» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды. Жас ақындар шығармаларына ұстаз бейнесін, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті, Тәуелсіздік тақырыптарын арқау етіп, ақындық қабілеттерін танытты.
Қазылар алқасының шешімімен Ұлпан Саматқызы І орынға ие болды. Ұлназ Қазақбаева мен Аружібек Оразбек ІІ орынды өзара бөлісті. Ал Альфия Кәрібаева, Мадина Қанибекова және Жанат Үрістембекова ІІІ орынға лайық деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы мадақтама, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жас ұрпақтың жыр арқылы ұстазға құрмет білдіруі – білім мен тәрбиенің сабақтастығын айқындайтын көрініс. Өйткені ұстазға арналған әрбір өлеңнің астарында алғыс, сағыныш пен шынайы құрмет жатыр.
Екі күнге созылған іс-шара мектеп қабырғасымен шектелмеді. Ауылдағы «Әбу Ханифа» мешітінде марқұмның рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл – өткенге құрмет көрсетіп, ұстаз рухына тағзым етудің мәнді белгісі.
Сонымен қатар ауылдық спорт мектебінде қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күрес және арқан тарту сынды ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырылды. Ауыл жастары күшжігері мен ептілігін сынап, сайысқа түсті. Жарыс жүлдегерлеріне 1963 жылғы мектеп түлектерінің атынан арнайы сыйлықтар табысталды.
Рухани тағылым мен ұлттық спортты ұштастырған бұл іс-шара ауыл тұрғындарының басын қосып, бірлік пен ынтымақты нығайтуға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді құндылықты дәріптеуге ықпал етті.
Ұстаздың ұлылығы – шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, өміріне бағытбағдар бере білуінде. Қауынбек Баеновтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл жиын ардақты ұстаздың еңбегі мен өнегесінің ұмытылмағанын көрсетті.
Жылдар жылжып, заман өзгерсе де шынайы ұстаздың шәкірт жүрегіндегі орны бөлек. Ұстазын ұлықтап, оның рухына тағзым еткен шәкірттердің игі ісі – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге. Мұндай бастама жас буынның бойына туған жерге сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, адамгершілік қасиетін сіңіреді.
Ақтөбе ауылында өткен тағылымды шара ардақты ұстаздың есімін жаңғыртып қана қоймай, ұстаздық еңбектің қадірін ұғындырған, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған мәнді басқосуға айналды.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
06 қараша 2026 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№83 (10551)

03 қараша 2026 ж.

№82 (10550)

29 қазан 2026 ж.

№81 (10549)

24 қазан 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 4 265
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 422

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30