ҰЛТТЫҚ ӨНЕР – АДАЛДЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ
Киелі өңірде ел игілігіне арналған іс-шаралар жалғасын табуда. Соның бірі – сейсенбіде Мөлтек шағын ауданының бір көшесіне мәдениет қайраткері, саналы ғұмырын аудан мәдениеті мен өнеріне арнаған қайраткер тұлға Сұлтан Сармолдиннің есімі берілді. Сондай-ақ ағамыздың ұрпақтарының демеушілігімен балалардың ойын алаңы салынып, ел игілігіне ұсынылды. Ел құрметіне бөленген С.Сармолдиннің өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, қазақ халқының ұлттық мәдени мұрасын қастерлеудің үлгісі. Ардақты жан 1939 жылы Дүр Оңғар ауылында дүниеге келіп, ауданның мәдениет саласының өркендеуіне аянбай қызмет етті. 1956 жылы аудандық мәдениет үйінде мотористік жұмыстан басталған еңбек жолы мәдениет үйінің, киножүйесінің директоры, мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерімен өрілді. Ұзақ жылғы абыройлы еңбектен соң 1996 жылы зейнеткерлік демалысына шықты. Ел ағасының атына көше беру – өткенге құрмет, тарихқа тағзым, келер ұрпаққа өнеге болса, балаларының ойын алаңын тарту етуі – бүлдіршіндерге көрсетілген қамқорлықтың белгісі.
Көшенің ашылу рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағанбетұлы, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов, еңбек ардагерлері Шекер Орынбаева, Бақытбек Тәуекелов құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, бір топ ардагер көшенің және ойын алаңының лентасын салтанатты түрде қиып, ақ батасын берді.
Мұнан соң іс-шара Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ұлттық өнер адалдықтың жаршысы» тақырыбында «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы аясында Сыр мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз еңбегі сіңген ардагер, мәдениет майталманы Сұлтан Сармолдиннің есімін жаңғырту бағытында мәдениет үйлері мен клубтары арасында өткен облыстық байқауға ұштасты.
Мәдени шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев тағылымды сөз сөйлеп, байқауға қатысушы талапкерлерге сәттілік тіледі.
– Баршаңызды Сыр елінің қасиетті мекені, жыр мен өнердің құтты ордасы – Қармақшы ауданында өтіп жатқан мәдениет үйлері мен клуб мекемелері арасындағы Сұлтан Сармолдин атындағы облыстық байқаудың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі «Ұлттық өнер – адалдықтың жаршысы» атты байқаудың маңызы ерекше. Өйткені ұлттық өнер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы, ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі. Оны сақтау, дамыту және келер ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет.
Бұл байқау есімі ел жадында сақталған мәдениет саласының ардагері Сұлтан Сердалыұлы Сармолдиннің өнегелі жолын ұлықтауға арналған. Сұлтан ағамыз ұзақ жылдар ауданның мәдениет саласында еңбек етіп, халық театрының қалыптасуына, өнер ұжымдарының дамуына, ұлттық өнердің насихатталуына және жас таланттардың танылуына зор үлес қосты.
Бүгінде мәдениет саласының қызметкерлеріне жүктелер міндет зор. Ұлттық құндылығымызды дәріптеу, дәстүрлі өнерімізді жаңғырту, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау – рухани дамуымыздың маңызды бағыттары. Өнер сайысы өнерпаздардың тәжірибе алмасуына, кәсіби шеберлігін шыңдауына және шығармашылық мүмкіндігін көрсетуіне жол ашады деп сенемін. Байқауға қатысушы барша өнер ұжымына сәттілік тілеймін. Еңбектеріңіз бағаланып, өнерлеріңіз өрге жүзсін. Ұлттық руханиятымыз жасай берсін, мәдениетіміз өркендей берсін, –деді аудан әкімінің орынбасары.
Байқау облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, «Жаңажол» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен өтті.
Дәстүрлі өнер байқауында ұлттық өнерді ұлықтап, шығармашылық шеберлік танытқан қатысушылар арасынан үздіктері анықталып, марапатқа ие болды. Атап айтқанда, бас жүлдені Дүр Оңғар ауылдық клубы қанжығасына байлады. І орынды Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылдық клубы, ІІ орынды Қызылорда қаласының Талсуат мәдениет үйі, ІІІ орынды Сырдария ауданының Бесарық ауылдық мәдениет үйі және Қазалы ауданының қалалық мәдениет үйі иеленді. Сонымен қатар «Өнерге өрілген адалдық» номинациясының иегері болып Шиелі ауданының Бестам ауылдық клубы танылса, Сармолдин атындағы арнайы жүлдені Жалағаш ауданының Таң ауылдық мәдениет үйі жеңіп алды.
Байқау облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен, «Жаңажол» ЖШС-ның қаржылай қолдауымен өтті.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
















