АДАМНАН АЛЫСТАТҚАН – АРАҚАШЫҚТЫҚ ЕМЕС
Кешкі уақыт. Үйге жиналған отбасы дастарқан басында отыр. Анасы күннің қалай өткенін сұрайды. Әкесі жұмыста болған бір жаңалығын айтқысы келеді. Баласы үнсіз. Оның қолында – телефон. Бір кезде анасының телефонына хабарлама келеді, әкесі де экранға үңіледі. Әңгіме басталмай жатып, әркім өз әлеміне қайта кіріп кетеді. Бір үйдің ішінде отырған төрт адам бір-бірінен небәрі бірнеше қадам жерде. Бірақ олардың арасында көзге көрінбейтін қашықтық бар секілді.
Мұндай көрініс бүгінде таңсық емес. Біз алыстағы адаммен секунд ішінде байланыса аламыз, бірақ кейде жанымыздағы адамға бірнеше минут уақыт таба алмай жатамыз. Әлеуметтік желі жүздеген шақырымды жақындатты, алайда кейде бір дастарқан басындағы адамдардың арасын алыстатып жібергендей.
Бұрын жақын адамның жағдайын білу үшін оның үйіне арнайы баратын. Көрші есігін қағып, шай үстінде әңгімелесетін. Ағайын бас қосқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қалатын. Бір табақ ас, бір кесе шай, қарапайым әңгіме – адамдарды жақындастыруға жеткілікті еді. Қазір «Қалайсың?» деген сұрақ кейде бір ауыз жауаппен аяқталады. «Жақсымын» деген сөздің ар жағында не жатқанын сұрап, әңгімені жалғастыруға уақыт таппай жатамыз. Себебі телефондағы келесі хабарлама, жаңа бейне немесе әлеуметтік желідегі жаңалық назарды қайтадан өзіне бұрады.
Мәселе тек кездесудің сиреуінде емес. Кейде адамдар бірбірімен сөйлесіп отырып та, шын мәнінде бір-бірін тыңдамайды. Біреу әңгімесін айтып отырғанда, қарсысындағы адамның назары экранда болуы мүмкін. Бірге отырған достардың әрқайсысы өз телефонына үңіліп, үнсіз отыратын сәттер де аз емес. Әңгіме бар болғанымен, оған бөлінген көңіл жетіспейді.
Әрине әлеуметтік желінің пайдасын жоққа шығаруға болмайды. Ол алыстағы туыспен сөйлесуге, достармен байланыста, жаңалықтан хабардар болуға мүмкіндік береді. Жұмыс пен оқу үдерісін де жеңілдетті. Сондықтан мәселе технологияны қолдануда емес, оның шынайы қарым-қатынастың орнын басып кетпеуінде. Бірақ әлеуметтік желідегі адамның өмірі де оның шынайы көңіл-күйін толық көрсете алмайды. Суреттен оның күлгенін көреміз, жазбасынан қуанышын байқаймыз. Алайда сол адамның ішкі жағдайын бір ғана жарияланымнан түсіну қиын. Кейде оған көпшіліктің «лайкы» емес, бір адамның қасында отырып, асықпай тыңдағаны қажет.
Бұл әсіресе отбасы ішінде анық сезіледі. Бір үйде тұратын адамдардың өзара сөйлесуге уақыты азайса, күнделікті тірліктің арасында маңызды әңгімелер де кейінге қала береді. Бала атаанасының назарын күтеді, ата-ана жұмыстан шаршап келеді. Ал кешкі уақыттың бір бөлігі әркімнің жеке экранына кетеді. Сөйтіп, бір шаңырақ астындағы адамдар бірге болғанымен, бір-бірінен алыстай бастайды.
Бұрын адамдардың бас қосуына көп нәрсе қажет емес еді. Көршіге кіріп шығу, досыңды шайға шақыру, үлкеннің халін сұрау немесе кешкілік әңгімелесу қалыпты жағдай болатын. Қазір мұндай кездесулерді алдын ала жоспарлап, уақыт іздейтін болдық. «Кейін сөйлесерміз», «жазып қоя салшы» деген сөздер жиі айтылып, көзбекөз кездесудің өзі сирей түсті.
Ал шынайы қарым-қатынас үлкен нәрседен басталмайды. Телефонды бір сәтке шетке қойып, жақыныңның сөзін тыңдау, атаанамен асықпай сөйлесу, досыңмен кездесіп, бірге уақыт өткізу жеткілікті. Адамның көңілін сұрап қана қоймай, жауабын тыңдау да – сыйластықтың бір түрі. Сондықтан виртуалды өмірден толық бас тартудың қажеті жоқ. Технология алыстағы адамдарды жақындастыру үшін керек. Бірақ қасыңдағы адамға келгенде экранның ар жағынан емес, өзіңнен жылу қажет. Алыстағы туыстың жүзін телефоннан көруге болады, ал жаныңда отырған жақыныңның көңіл-күйін оның көзіне қарап қана сезінетін кездер болады. Кейде біз байланыста жүргенімізді жақындық деп қабылдаймыз. Күн сайын бір-біріміздің суретімізді көреміз, жазбамызға пікір қалдырамыз, хабарлама жібереміз. Бірақ адамның өмірінде ең есте қалатын сәттердің көбі экраннан тыс өтеді. Бірге ішкен шай, ұзақ әңгіме, күтпеген жерден жасалған қоңырау, қиын сәтте жанынан табылу – осылардың қадірі уақыт өте келе анық сезіледі.
Уақыт бәрібір алға жылжиды. Бүгін қасымызда отырған адам ертең алыста болуы мүмкін. Бала ер жетеді, ата-ана қартаяды, дос басқа қалаға көшеді. Ал бірге өткізуге болатын кейбір сәттер қайта оралмайды. Сондықтан шынайы өмірге уақыт бөлу – жай ғана қарымқатынасты сақтау емес, кейін өкініп қалмаудың да бір жолы.
Кейде жақындарымызға уақыт бөлуді үнемі кейінге қалдырамыз. «Кейін сөйлесеміз», «кейін барамын», «кейін бірге отырамыз» дейміз. Бірақ өмірдегі кейбір сәттерді кейінге қалдыруға болмайды. Бүгін қасымызда отырған адам ертең алыста болуы мүмкін, бүгінгі әңгіме ертең дәл солай қайталанбауы мүмкін. Телефондағы хабарламаға кейін де жауап беруге болады. Әлеуметтік желідегі жаңалықты да кейін көруге мүмкіндік бар. Ал жақын адамыңмен дәл қазір бірге өткізіп отырған уақыттың қайтып келетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан кейде телефонды бір шетке қойып, айналамыздағы адамдарға назар аударған жөн. Ата-анамен асықпай сөйлесіп, досыңмен жүздесіп, жақыныңның жанында үнсіз болса да бірге отырудың өзі жеткілікті. Өйткені адам өміріндегі ең қымбат сәттер көп жағдайда ерекше оқиғалардан емес, дәл осындай қарапайым кездесулерден құралады. Кейінге қалдыра бермей, бүгін қасымыздағы адамның қадірін білейік. Себебі ертең сағынатын сәтіміздің бірі дәл бүгін болуы мүмкін.
Бауыржан ЖҮНІС















