» » ТЕЛЕФОНСЫЗ БІР КҮН

ТЕЛЕФОНСЫЗ БІР КҮН

КЕШКІ УАҚЫТ. ҮЙДЕ ЖАРЫҚ ӨШІП, АЙНАЛА ТЫНЫШТАЛҒАНЫМЕН, ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ ТЕЛЕФОННЫҢ ЖАРЫҒЫ ӘЛІ СӨНБЕЙДІ. БІРІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ АҚТАРСА, ЕНДІ БІРІ БЕЙНЕ КӨРІП, ХАТ-ХАБАРҒА ЖАУАП БЕРЕДІ. «СОҢҒЫ РЕТ ҚАРАП АЛАЙЫН» ДЕГЕН НИЕТПЕН ҚОЛҒА АЛЫНҒАН СМАРТФОННЫҢ АЛДЫНДА БІР САҒАТТЫҢ ҚАЛАЙ ӨТКЕНІН БАЙҚАМАЙ ҚАЛАТЫНДАР АЗ ЕМЕС.
Бүгінде смартфон – байланыс құралы ғана емес, оқу, жұмыс, ақпарат алу, көңіл көтеру, сауда жасау және қарым-қатынас құралына айналды. Сондықтан «адам бір күнде экранға қанша уақытын жұмсайды?» деген сұрақтың мәні де артып отыр. DataReportal-дың 2025 жылғы жаһандық есебіне сәйкес, интернет қолданушылары интернетте тәулігіне орта есеппен 6 сағат 38 минут өткізеді. Оның 3 сағат 46 минуты мобильді құрылғылар арқылы интернет пайдалануға тиесілі. Бұл көрсеткіш цифрлық ортаға жұмсалатын уақыттың едәуір бөлігі смартфонға тиесілі екенін көрсетеді.
Ал елімізге қатысты деректерде 2025 жылдың қаңтарында 15,7 миллион әлеуметтік желі қолданушысының идентификаторы тіркелген. Бұл көрсеткіш әлеуметтік желілердің қоғам өміріндегі орнын көрсеткенімен, оны нақты адамдардың саны деп қабылдауға болмайды. Қарағанды облысының санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті жариялаған ақпаратта ересек адамның смартфонмен күніне орта есеппен 4-6 сағат, ал жасөспірімдердің кейде 7-9 сағатқа дейін уақыт өткізетіні келтірілген. Мұнда смартфонның өзі зиянды құрал емес екені, оның адамға әсерінде пайдалану уақыты, қолданылатын контент және адамның жасы маңызды екені атап өтіледі.
Көпшілік үшін телефонды ұйықтар алдында пайдалану күнделікті әдетке айналған. Әлеуметтік желідегі бейнелер, хабарламалар мен жаңалықтар адамның ұйқыға кету уақытын кейінге шегеруі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жасөспірімдер арасында проблемалық әлеуметтік желі қолданудың ұйқының азаюы және кеш жатумен байланысты екенін атап көрсетеді. 2022 жылғы зерттеуге Еуропа, Орталық Азия және Канададан 11, 13 және 15 жастағы 280 мыңға жуық жасөспірім қатысқан. Олардың 11 пайызынан әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде қолдану белгілері байқалған.
Ұйқының жеткіліксіз болуы келесі күнгі шаршауға, зейіннің төмендеуіне және белсенділіктің азаюына әкелуі мүмкін. Ал телефонды жиі тексеру бұл әдетті одан әрі бекіте түседі.
Экран алдында ұзақ отырудың денсаулыққа әсері мұнымен шектелмейді. Көздің құрғауы, ашуы, бас ауруы және көру жайсыздығы байқалуы мүмкін. Телефонға ұзақ уақыт еңкейіп отыру мойын мен арқаға түсетін салмақты арттырады. Ал экран алдында көп отыру күнделікті қимылқозғалыстың азаюына себеп болады. ДДСҰ ұзақ уақыт қимылсыз отыруды денсаулыққа кері әсер ететін фактордың бірі ретінде қарастырады.
Психологиялық тұрғыдан да экранды шамадан тыс пайдалану назарды жиі бөлуі мүмкін. Әр хабарлама, жаңа бейне немесе әлеуметтік желідегі жаңарту адамның назарын қайтадан телефонға аударып, бір іске ұзақ уақыт шоғырлануды қиындатады. ДДСҰ жасөспірімдер арасындағы проблемалық әлеуметтік желі қолданудың белгілеріне бақылаудың қиындауы, басқа істердің ығыстырылуы және күнделікті өмірге кері әсерін тигізуін жатқызады. Дегенмен мәселе телефоннан толық бас тартуда емес. Қазіргі қоғамда смартфон оқу мен жұмысқа, ақпарат алуға және жақындармен байланыс жасауға қажет. Сондықтан маңыздысы – оны қандай мақсатта және қанша уақыт пайдаланатынымызды бақылау.
Кешкі уақытта телефонды қолжетімді жерден алысырақ қою, қажетсіз хабарламаларды өшіру, ұйықтар алдында әлеуметтік желіге кірмеу және күн ішінде экрансыз уақыт белгілеу қарапайым болғанымен, пайдалы әдетке айналуы мүмкін. Бос уақытты кітап оқуға, серуендеуге, спортқа немесе жақындармен жүзбе-жүз әңгімеге арнаудың да маңызы зор.
Телефонсыз бір күн өткізу – заманауи өмірден алыстау емес, керісінше өз уақытымызға қайта назар аудару. Әлеуметтік желідегі виртуалды өмірге сағаттап үңілгенше, таза ауада серуендеп, ата-анамызға уақыт бөліп, достарымызбен кездесіп, бірге қыдырып, тынығып алған әлдеқайда маңызды. Өйткені экранның ар жағындағы әлем қанша қызық болғанымен, адамның шынайы өміріндегі жылы әңгіме, бірге өткізген уақыт пен есте қалатын сәттердің орнын баса алмайды. Сондықтан телефонды анда-санда шетке қойып, өмірдің өзіне көбірек уақыт бөлейік. Себебі ең құнды сәттер экранда емес, шынайы өмірде.
Бауыржан ЖҮНІС
25 қыркүйек 2026 ж. 51 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№73 (10541)

26 қыркүйек 2026 ж.

№72 (10540)

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (10539)

18 қыркүйек 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 908
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Мен – балықшы (фотоэтюд)
06 қыркүйек 2026 ж. 2 160

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930