Апостиль не үшін қажет?

Қазіргі таңда білім алу, жұмысқа орналасу, некеге тұру немесе шетелде түрлі құқықтық рәсімдерден өту үшін азаматтарға өз құжаттарын басқа мемлекетте ұсыну қажеттілігі жиі кездеседі. Осындай жағдайда құжаттың заңды күшін растау мәселесі туындайды. Мұндай рәсімдердің бірі — апостиль қою.Апостиль — бір мемлекеттің аумағында берілген ресми құжаттың басқа мемлекетте заңды түрде танылуын қамтамасыз ететін арнайы белгі. Ол құжаттағы қолдың, қол қойған адамның өкілеттілігінің және қажет болған жағдайда мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалығын куәландырады.Апостиль көбінесе шетелде пайдаланылатын ресми құжаттарға қойылады. Мысалы:
* туу туралы куәлік;
* неке туралы куәлік;
* диплом және білім туралы құжаттар;
* сотталмағаны туралы анықтама;
* нотариалды құжаттар;
* сот құжаттары;
* азаматтық хал актілері туралы құжаттар;
* басқа да ресми құжаттар.
Мысалы, Қазақстан азаматы шетелдік оқу орнына құжат тапсыратын болса, оқу туралы дипломының немесе басқа да білім құжатының түпнұсқалығын растау талап етілуі мүмкін. Кейбір жағдайларда дәл осы мақсатта құжатқа апостиль қойылады.Апостильдің негізгі мақсаты — құжаттың шетелде ресми түрде танылуына мүмкіндік беру.
Егер құжат бір елде беріліп, екінші елде қолданылатын болса, қабылдаушы тарап оның шынымен құзыретті орган тарапынан берілгеніне көз жеткізуі керек. Апостиль осы түпнұсқалықты растаудың жеңілдетілген тетігі болып саналады.Апостиль халықаралық құжат айналымын жеңілдетуге және азаматтардың шетелде құқықтық, білім беру немесе басқа да рәсімдерді орындауына жағдай жасауға бағытталған.Апостильді нотариалды куәландырумен шатастырмаған жөн. Нотариус құжаттың көшірмесін, аудармасын немесе белгілі бір әрекетті куәландыруы мүмкін. Ал апостиль құжатты шетелде тану үшін оның ресми түпнұсқалығын растауға арналған арнайы рәсім.Сонымен қатар апостиль барлық жағдайда қажет бола бермейді. Оның қажеттілігі құжат ұсынылатын елдің заңнамасына және мемлекеттер арасындағы халықаралық келісімдерге байланысты.Апостиль — шетелде пайдаланылатын ресми құжаттардың заңды мәртебесін растауға көмектесетін маңызды рәсім. Ол азаматтардың шетелде білім алу, жұмыс істеу, отбасылық және басқа да құқықтық мәселелерін шешу кезінде құжаттарын мойындатуды жеңілдетеді.
Сондықтан құжатты шетелге ұсынбас бұрын, баратын мемлекеттің талаптарын алдын ала анықтап алған жөн. Кейбір елдерде апостиль талап етілсе, кейбір жағдайларда халықаралық келісімдерге байланысты одан босату қарастырылуы мүмкін. Дұрыс рәсімделген құжат уақытты үнемдеп, шетелдегі ресми процестердің кедергісіз өтуіне ықпал етеді.Қазақстанда апостиль қою құжаттың түріне байланысты тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.Мысалы, әділет органдарының құзыретіне жататын ресми құжаттар мен нотариустар рәсімдеген құжаттарға апостиль қою қызметі бар. Сонымен қатар білім, архив және басқа да салаларға қатысты құжаттарды апостильдеу үшін тиісті уәкілетті органға жүгіну қажет.Қызметті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе кейбір санаттағы құжаттар бойынша электронды түрде алуға болады. Апостиль алудың жалпы тәртібін бірнеше кезеңге бөлуге болады.Ең алдымен құжаттың түпнұсқалығын және оның шетелде пайдалануға жарамдылығын тексеру қажет. Құжаттағы мәліметтер анық болуы және ресми түрде берілгені маңызды.
Сондай-ақ апостильді дәл қай мемлекеттік орган қоятынын анықтаған жөн.Апостиль қоюға өтінішті мемлекеттік қызмет көрсету орындары арқылы беруге болады. Бірқатар қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы да рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
eGov арқылы өтініш берген кезде пайдаланушы авторизациядан өтіп, тиісті мемлекеттік қызметті таңдап, электрондық өтінімді толтырады және апостиль қойылатын құжаттың скан-көшірмесін тіркейді. Апостиль қою үшін мемлекеттік баж төленеді.
Қолданыстағы тәртіп бойынша апостиль қою үшін мемлекеттік баж мөлшері әрбір құжат үшін 0,5 МРП болып белгіленген.
Егер бірнеше құжатқа апостиль қою қажет болса, баж әр құжат үшін жеке есептеледі.Уәкілетті орган ұсынылған құжаттағы қолдың, мөрдің және құжатты рәсімдеген лауазымды тұлғаның өкілеттігінің түпнұсқалығын тексереді.
Тексеру нәтижесінде құжат белгіленген талаптарға сәйкес келсе, оған апостиль қойылады.Апостиль қағаз түрінде қойылуы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстанда электрондық апостиль (e-Апостиль) қызметі де қолданылады.
Электрондық апостиль электронды түрде рәсімделіп, уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады. Оның түпнұсқалығын арнайы электрондық жүйе арқылы тексеруге болады.
e-Апостиль дегеніміз не?
Цифрлық технологиялардың дамуына байланысты Қазақстанда апостильді электронды түрде алу мүмкіндігі енгізілді.
e-Апостильдің басты артықшылығы — азаматқа мемлекеттік органға бармай-ақ, онлайн өтініш беруге мүмкіндік беруі. Қызмет eGov порталы арқылы жүзеге асырылады, ал дайын нәтиже электронды құжат түрінде беріледі.
Электрондық апостильдің заңды күші қағаз түріндегі апостильмен бірдей. Оның түпнұсқалығын электрондық реестр, QR-код немесе арнайы тексеру тетіктері арқылы растауға болады.
Қызмет көрсету мерзімі құжаттың түріне және өтініш беру тәсіліне байланысты болуы мүмкін.
Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ресми ақпаратта кейбір құжаттарды апостильдеу үшін өтінішті «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы берген кезде қызмет көрсету мерзімі 2 жұмыс күні, ал электрондық үкімет порталы арқылы өтініш берген жағдайда 1 жұмыс күні деп көрсетілген.
Қажетті құжаттар апостиль қойылатын құжаттың түріне байланысты өзгереді. Жалпы жағдайда:
* апостиль қойылатын ресми құжат;
* жеке басын куәландыратын құжат;
* мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
* өкіл арқылы өтініш берілсе, өкілеттігін растайтын құжат қажет болуы мүмкін.
Нақты құжаттар тізімі таңдалған мемлекеттік қызметке байланысты анықталады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі жүзеге асыратын құжаттарды апостильдеу қызметінде апостиль қойылатын құжат пен мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат көрсетіледі.
С.Қожабаев,
Қармақшы аудандық сотының бас маман
сот отырысының хатшысы














