РЕСМИ ҚҰЖАТТАРҒА АПОСТИЛЬ ҚОЮ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЖОЛЫ
Қазіргі таңда азаматтардың шетелде оқу, жұмыс істеу, отбасын құру немесе іскерлік қатынастар орнату мүмкіндіктері артып келеді. Мұндай жағдайда Қазақстанда берілген ресми құжаттарды шетел мемлекеттерінде жарамды ету мәселесі туындайды. Бұл ретте халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын және құжаттың түпнұсқалығын растауға арналған арнайы рәсім – апостиль қою маңызды рөл атқарады.
Апостильдің мәні мен құқықтық негізі Апостиль – бұл құжатқа оның түпнұсқалығын, қол қойған лауазымды тұлғаның өкілеттігін және мөрдің немесе штамптың дұрыстығын растайтын ерекше мөртабан. Ол тек 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясына қатысушы мемлекеттер арасында қолданылады. Апостиль қойылған құжатты шетелде қосымша консулдық заңдастырудан өткізу талап етілмейді, бұл азаматтардың уақытын үнемдеуге және рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасында апостиль төмендегі ресми құжаттарға қойылады:
• Азаматтық хал актілері туралы куәліктер (туу, неке қию, некені бұзу, қайтыс болу туралы);
• Білім беру ұйымдарының ресми құжаттары (аттестат, диплом, оқу үлгерімі туралы қосымша);
• Нотариус немесе сот органдары бекіткен құжаттар;
• Мемлекеттік органдардан берілген анықтамалар, ресми хаттамалар.
Апостиль – халықаралық құжат айналымындағы маңызды құқықтық рәсім. Ол Қазақстан азаматтарына шетелде құқықтық және жеке мүдделерін қорғауда, жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыруда үлкен жеңілдік береді. Сондықтан әрбір азамат апостильдің мәні мен рәсімдеу тәртібін білгені жөн.
Д.Сахи,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы