ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАЙЫҚ
Өрт – адам өмірі мен денсаулығына, мүлкіне үлкен қауіп төндіретін төтенше жағдайдың бірі. Өкінішке қарай, тұрғын үйлерде орын алатын өрт оқиғаларының басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан туындайды.
Ағымдағы жылдың 7 айында аудан көлемінде 22 өрт оқиғасы тіркелді. Талдау нәтижесіне сәйкес, өрттердің басым бөлігі электр сымдары мен электр желілерінің қысқа тұйықталуы салдарынан орын алған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажеттігін көрсетеді.
Тұрғын үйлердегі өрттің негізгі себептеріне электр желілерінің ақауы, электр құралдарын дұрыс пайдаланбау, пештерді пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын елемеу, ашық отты абайсыз қолдану және балалардың отпен ойнауы жатады. Өрттің алдын алу үшін электр сымдарының жарамдылығын тұрақты тексеріп, бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қоспау қажет. Сондай-ақ үйден шығарда электр құралдарын тоқ көзінен ажыратуды ұмытпаған жөн.
Балаларды қараусыз қалдырмау, оларға сіріңке мен оттықтың қауіпті екенін түсіндіру де маңызды. Аула аумағында қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуге жол берілмеуі тиіс. Бұл өрттің тез таралуына себеп болуы мүмкін.
Өрт орын алған жағдайда үрейге бой алдырмай, дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарлау қажет. Қауіпсіз жерге шығып, айналадағы адамдарды ескерткен дұрыс.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Өз өміріңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін қарапайым ережелерді сақтап, өрттің алдын алуға бірге атсалысайық.
ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІ












