«ЕРТЕҢНЕН БАСТАЙМЫН...»: НЕГЕ АДАМДАР КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРАДЫ?
«Ертең тапсырамын», «Дүйсенбіден бастап спортпен айналысамын», «Келесі айдан бастап ақша жинаймын»... Осындай сөздерді өмірінде бір рет болса да айтпаған адам кемде-кем шығар. Маңызды істі кейінге қалдыру – көпшілікке таныс құбылыс. Алайда бұл жай ғана жалқаулық па, әлде оның астарында терең психологиялық себептер жатыр ма?
Психология ғылымында маңызды істерді себепсіз кейінге қалдыру прокрастинация деп аталады. Бұл – адамның белгілі бір істі орындау қажеттігін біле тұра, оны кейінге ысырып, уақытын басқа, көбіне маңызы төмен әрекеттерге жұмсауы. Психолог Тимоти Пичилдің айтуынша, прокрастинацияны жалқаулықпен шатастыруға болмайды. Жалқау адам жұмысты істеуге ниет білдірмеуі мүмкін, ал прокрастинацияға бейім адам тапсырманың маңызды екенін түсінгенімен, оны бастауға немесе аяқтауға психологиялық тұрғыдан қиналады.
Психологтің пікірінше, прокрастинацияның басты себебінің бірі – сәтсіздікке деген қорқыныш. Кейбір адамдар «Қолымнан келмесе ше?», «Қателесіп қалсам не болады?» деген ойдың әсерінен жұмысты кейінге қалдырады. Тағы бір себеп – бәрін мінсіз орындауға деген шамадан тыс ұмтылыс. Психологтар мұны перфекционизмнің кері әсері деп түсіндіреді. Адам мінсіз нәтижені күтумен жүріп, жұмысты мүлде бастамай қояды.
Қоғамда «мен жұмысты соңғы сәтте жақсы орындаймын» деген пікір жиі кездеседі. Расында, уақыттың тығыздығы адамды жылдам әрекет етуге итермелейді. Бірақ мамандар мұндай әдеттің ұзақ мерзімде тиімді еместігін айтады. Себебі асығыс орындалған жұмыстың сапасы төмендеп, қателік жіберу ықтималдығы артады, ал тұрақты күйзеліс адамның психологиялық және физикалық денсаулығына кері әсер етеді.
Қазіргі заманда прокрастинацияның күшеюіне әлеуметтік желілер мен смартфондардың да ықпалы зор. Бір хабарламаны ғана қараймын деген адам бірнеше минуттан кейін бейнежазбалар көріп, жаңалықтар оқып немесе әлеуметтік желіні ақтарып отырғанын байқамай қалады. Зерттеулер телефонға жиі алаңдау адамның назарын шашыратып, маңызды жұмысты орындау уақытын ұзарта түсетінін көрсетеді.
Бұл құбылысқа ми жұмысының ерекшелігі де әсер етеді. Адамның миы тез нәтиже мен бірден ләззат сыйлайтын әрекеттерді ұнатады. Ал дипломдық жұмыс жазу, емтиханға дайындалу немесе күрделі жобаны орындау ұзақ уақыт пен табандылықты қажет етеді. Сондықтан ми жеңіл әрі қызықты әрекеттерді таңдауға бейім келеді.
Прокрастинацияның салдары алғашында байқалмауы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе аяқталмаған жұмыстар көбейіп, адам күйзеліске түседі. Үнемі асығыс жұмыс істеу өнімділікті төмендетіп, мазасыздықты күшейтіп, ұйқының бұзылуына және өзіне деген сенімнің азаюына әкелуі мүмкін. Сондықтан психологтар прокрастинацияны жай әдет емес, адамның эмоционалдық жағдайымен тығыз байланысты психологиялық құбылыс ретінде қарастырады.
Дегенмен бұл әдеттен арылуға болады. Мамандар үлкен жұмысты бірден орындауға тырысқаннан гөрі, оны шағын бөліктерге бөлуді ұсынады. Мысалы, «бүгін бүкіл есепті аяқтаймын» деудің орнына, «алғашқы екі бетін жазамын» деген мақсат қою жұмысты бастауға жеңілдік береді. Осындай шағын қадамдар уақыт өте келе үлкен нәтижеге жеткізеді.
Тағы бір тиімді тәсіл – «екі минут ережесі». Егер қандай да бір істі екі минут ішінде бастап кетуге мүмкіндік болса, оны кейінге қалдырмай бірден орындаған жөн. Өйткені ең қиын кезең – жұмысты бастау. Ал басталған іс көбіне соңына дейін жалғасады.
Сонымен қатар телефондағы қажетсіз хабарламаларды өшіру, әлеуметтік желілерге бөлінетін уақытты шектеу, күн тәртібін жоспарлау және еңбек пен демалыстың тепе-теңдігін сақтау да өнімділікті арттырады.
Прокрастинация – әлсіздіктің белгісі емес. Ол адамның қорқынышы, күйзелісі, эмоциясын басқаруы және уақытты ұйымдастыру дағдысымен тығыз байланысты психологиялық құбылыс. Ең бастысы – мінсіз сәтті күтпей, алғашқы қадамды дәл бүгін жасау. Өйткені үлкен жетістіктердің бәрі «ертеңнен» емес, бүгін басталған әрекеттен басталады.
Бауыржан ЖҮНІС















