ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАР ЖЕТІСТІККЕ БАСТАЙДЫ
Біз бүгінде даму жайлы көп айтамыз. Тұлғалық өсу тақырыбы да жиі көтеріледі. Сондай дамуға оң әсер ететін дағдылардың бірі – жазу. Ал енді жазудың қандай пайдасы бар? Осы туралы кеңінен тарқатсақ.
Қазірде өте табысты, әлемдік деңгейдегі мықты адамдардың базалық әдеттерінің бірі – жазу. Себебі олар жазудың пайдасын жақсы біледі. Бүгінгі біздің қоғам жазудың құнды әдет екенін білмей жатады. Былай қарасаңыз, оп-оңай дүние. Бірақ соны жасамайды.
Адамға күніне шамамен 60-70 мың ой келеді екен. Оның 95 пайызы қайталанады. 5 пайызы – жаңа ойлар. Мойындайықшы, кейде адамға ерекше, тың ой келеді. Бірақ оны түртіп алып, зейін қоймасаңыз ол ғайыпқа айналады. Есіңізге түспейді. Бұл ой қайта айналып келмеуі де мүмкін.
Сол себепті жазу арманыңызға бір қадам жақындататынын ұмытпаңыз. Зерттеулер бойынша қағазға жазылған нәрселер сіздің миыңызда басқа бір бөлікпен сараланады, «мынау жазылды, демек маңызды» деп қабылдайды. Сол кезде бұл ақпараттың ұмытпау ықтималдығы көбірек.
«Неге жетістікке жетпей жүрмін?». Бұл сұрақты әр адам өмірінде кем дегенде бір рет өзіне қояды. Көп жағдайда біз жетістікті сырттан іздейміз: мүмкіндік жоқ, уақыт тапшы, орта қолдамайды деп ойлаймыз. Алайда шын мәнінде кедергілердің көбі өз ішімізде жатады. Осы себепті қаламмен достасып, барлығын қағазға түсіріп жүру маңызды.
Жетістікке жетпеудің басты себептерінің бірі – нақты мақсаттың болмауы. Қайда бара жатқанын білмеген адам жолдан жиі адасады. Себебі жоспарсыз, жүйесіз жүреді. Ал жоспарсыз жүрген адам шаршағыш келеді. Екінші себеп – қорқыныш. Қателесуден, сыннан, сәтсіздіктен қорқу әрекет етуге кедергі жасайды. Үшіншіден, тұрақсыздық: басталған істі соңына дейін жеткізбеу, тез жалығу, нәтижені бірден күтудің салдары.
Қазіргі қоғамда «уақыт жоқ» деген сөз сылтау секілді көп айтылады. Таңнан кешке дейін жүгіріп жүргендей көрінеміз, бірақ күн соңында атқарылған істің мардымсыз екенін байқаймыз. Негізінде уақыт ешқашан жоғалмайды да, кеміп кетпейді де – бәрімізге тәулігіне бірдей 24 сағат беріледі. Айырмашылық сол уақытты қалай пайдаланатынымызда.
Көп жағдайда мәселе уақыттың жетіспеуінде емес, оны дұрыс жоспарлай алмауда. Күнделікті тірлікті жүйесіз бастау, маңызды істерді кейінге ысыру, ұсақтүйекке көп уақыт жұмсау бәрі де уақыттың «жоқ» болып көрінуіне әкеледі. Ал жоспарсыз адам бір істен екінші іске ауысып, шаршайды, бірақ нақты нәтиже көрмейді.
Жоспар – тәртіп пен жауапкершіліктің көрінісі. Күнді, аптаны, тіпті айды алдын ала жоспарлау адамға бағыт береді. Қай істің маңызды, қайсысының кейінге қалдыруға болатынын айқындап алады. Жүйелі жоспар бар жерде асығыстық азаяды, күйзеліс кемиді, жұмыс та, жеке өмір де өз үйлесімін табады.
Ең бастысы – жоспар жетістікке жетудің құралы. Үлкен мақсат ұсақ қадамдарға бөлінгенде ғана орындалады. Бүгінгі шағын қадам ертеңгі үлкен нәтижеге бастайды. Сондықтан «уақыт жоқ» деудің орнына, «уақытымды қалай тиімді пайдаланамын?» деген сұрақ қою маңызды. Уақытты басқарған адам – өмірін басқарған адам. Ал жүйелі жоспар әрдайым жетістікке бастайды.
Ақнұр САҒЫНТАЙ

















