Құрылтай
» » ЖЫЛДАМ КОНТЕНТ ЖҰТАҢ ОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

ЖЫЛДАМ КОНТЕНТ ЖҰТАҢ ОЙҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Бірде емханада жолдасын ертіп жүрген орта жастағы әйелдің әңгімесін еріксіз құлағым шалып қалды. «Таңнан кешке дейін Тикток көре бересің, соны өшіріп тасташы. Ауруыңның көбі содан басталды емес пе?!» деп кейіп күйеуіне сөйлеп жатыр екен. Рас, бүгінде заман ағысына сай түрлі қосымшалар пайда болып жатыр. Оның ішінде атағы жер жарып тұрғаны – «Тикток».
Мұны қазірде қолданбайтын адам кемде-кем. Əртүрлі видеолар түсіруге, оны көруге, тікелей эфир жасауға, өзге қолданушыларға тіркелуге жəне бір-бірімен хабар алмасуға мүмкіндік беретін бұл қосымша жастар арасында кең өріс алуда. Қазіргі уақытта Тикток желісін 1 млрд-тан астам адам қолданады. Желінің негізгі аудиториясы ретінде жасөспірімдер саналады. Десе де мұны тек жастар ғана емес, үлкендер де қызығушылықпен көреді. Қолдары қалт ете қалса сол желіні түртіп ашып, таңға дейін көруге бар. Ал келесі күні мең-зең, делсал күйде жүретінін осыбір желімен тіптен байланыстырмайды. Саулығының кері кетіп жатқанын да елемейді. Аз уақыт ішінде әртүрлі күйді бірден бастан кешіру ағзаға зиян. Бұл күн сайын қайталана берген соң жоғарыда айтқан жағдай секілді емханадан бір-ақ шығып жататын жайттар аз емес.
Қысқа форматтың құрығы
Рас, әлеуметтік желілердегі қысқа форматтағы бейнероликтер бүгінде жастардың ақпарат тұтыну мәдениетін түбегейлі өзгертіп отыр. Бұрын жастар белгілі бір тақырыпты жан-жақты түсіну үшін кітап оқып, мақала немесе телебағдарлама көретін болса, қазір бірнеше секундтық бейне арқылы ақпарат алуға бейімделе бастады. Мамандар мұны «клиптік ойлау» деп атайды. Бұл – ақпаратты терең талдаудан гөрі, оны қысқа, көрнекі әрі жылдам қабылдауға негізделген ойлау ерекшелігі.
Әлеуметтік желілердегі контенттің басым бөлігі ойын-сауыққа бағытталған. Түрлі тренд, челлендж, әзіл мен қысқа бейнежазба қолданушылардың назарын әп-сәтте өзіне аударады. Бір ғана бейнеролик санаулы минуттың ішінде мыңдаған қаралым жинап, өзгелер оны қайталау немесе бөлісу арқылы жаңа үрдістің қалыптасуына ықпал етеді. Бұл құбылыс жастардың ортақ қызығушылығын қалыптастырғанымен, олардың ақпаратты саралап қабылдауына әрдайым мүмкіндік бере бермейді.
Әлеуметтік желілердің алгоритмі де қолданушының қызығушылығын үздіксіз талдап, бұрын көрген мазмұнына ұқсас бейнежазбаны ұсынып отырады. Соның нәтижесінде адам өзіне қызықты контентті бірінен соң бірін көріп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Оның шексіз жалғасуы қолданушының назарын ұзақ уақыт әлеуметтік желіде ұстап, одан алыстамауына ықпал ететін тиімді тетікке айналған.
Мәселенің түйіні – қысқа контенттің өзінде емес, оны шектен тыс тұтынуда. Ақпаратты үнемі ықшам форматта қабылдауға дағдыланған адамның ұзақ мәтінді оқуға, күрделі мәселені саралауға және терең ой қорытуға деген ынтасы біртіндеп төмендеуі мүмкін.
Көңіл көтеру ме, уақыт жоғалту ма?
Бүгінде «уақыт жоқ» деген сөзді жиі естиміз. Адамдардың көбі үнемі асығыс, барлығын тез бітіріп үлгеруге тырысады. Осындай жағдайда кейбіреулер қысқа бейнелерді көріп, уақытты тиімді пайдаланамын деп ойлайды. Алайда шындығында бұл көзқарас әрдайым дұрыс бола бермейді. Себебі бірінен соң бірі үздіксіз ағылатын қысқа видеолар адамның уақытын байқатпай алып қояды.
Мұндай контенттің ерекшелігі – оның шексіздігі. Бір видео аяқталмай жатып келесі бейне автоматты түрде ұсынылады. Осылайша адам тоқтаусыз қарауға бейімделіп, уақыттың қалай өткенін аңғармай қалады. Нәтижесінде аз ғана демалыс ретінде басталған әрекет ұзақ уақытқа созылып, өнімсіз уақыт өткізуге айналуы мүмкін.
Сонымен қатар қысқа видео адамның эмоциялық күйіне де әсер етеді. Бір сәтте көңілді, келесі сәтте мұңды немесе қорқынышты мазмұндар алмасып отырады. Осындай тез ауысатын эмоциялар жүйке жүйесіне салмақ түсіруі ықтимал. Адам бір мезетте әртүрлі сезімді бастан өткергендіктен, психологиялық тұрғыда шаршау байқалады.
Зерттеулер не дейді?
Соңғы жылдары TikTok, Reels, Shorts сияқты қысқа видеолар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Орташа ұзақтығы 15-60 секунд болатын бұл контент жылдам қабылданады және оңай тұтынылады. Алайда нейробиологтар мен психологтар оның адам миына тигізетін әсеріне алаңдаушылық білдіруде.
2023 жылы жүргізілген халықаралық зерттеулерге сәйкес, адам күніне 2,5-3 сағат уақытын қысқа видео көруге жұмсайды екен. Бұл бір күндегі бос уақыттың едәуір бөлігі. Америкалық психолог Глория Марктың зерттеуіне сүйенсек, соңғы 20 жылда адамның бір іске үздіксіз зейін қою уақыты 12 секундтан 8 секундқа дейін қысқарған. Мамандар бұл өзгерісті цифрлық орта мен қысқа контент тұтынудың артуымен байланыстырады. Қысқа контент миға «жылдам сыйақы» механизмін қалыптастырады. Әрбір видео дофаминнің ләззат гормонының бөлінуіне себеп болады. Гарвард медицина мектебінің мәліметінше, дофаминдік стимул жиі қайталанған кезде ми ұзақ ойлануды және күрделі ақпаратты қабылдауды қиын қабылдай бастайды. Соның нәтижесінде кітап оқу, сабаққа зейін қою немесе ұзақ мәтіндерді қабылдау қиындайды.
Нейропсихологтардың айтуынша, қысқа контентті шамадан тыс тұтынатын адамда есте сақтау қабілеті 20-30 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Себебі ми ақпаратты терең өңдеудің орнына, тез ауысатын визуалды стимулдарға бейімделеді. Бұл әсіресе жасөспірімдер үшін маңызды, өйткені олардың миы әлі қалыптасу кезеңінде болады.
Сонымен қатар қысқа контент эмоциялық тұрақтылыққа да әсер етеді. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша, күніне 2 сағаттан артық қысқа видео көретін жастар арасында мазасыздық пен көңіл күйдің тұрақсыздығы 40 пайызға жиі байқалған. Бұл ми үнемі жаңа әсер күтетін күйге бейімделетінін көрсетеді. Сонымен қатар Аустралиядағы Гриффит университетінің ғалымдары 71 ғылыми мақаланы негізге алып, шамамен 100 мың қатысушының деректерін талдап, қысқа видеоның когнитивтік функциялар мен психикалық денсаулыққа қалай әсер ететінін анықтауға тырысқан.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қысқа видеоны жиі көру ми қызметін төмендетіп, назарды шоғырландыруды және реакцияны бақылау қабілетін нашарлатады. Бұл құбылыс жасөспірімдерге де, ересектерге де қатысты.
Ғалымдар тұжырымдарын Гроувс пен Томпсонның «үйрену мен сезімталдықтың қос теориясына» сүйеніп жасаған. Бұл теория когнитивтік процестердің қалай жұмыс істейтінін түсіндіреді. Аустралиялық зерттеушілер мынадай қорытындыға келді. Жылдам әрі қысқа видеолар тәуелділік тудыруы мүмкін. Уақыт өте келе миға ұзақ әрі тыныш әрекеттерге (мысалы, кітап оқу немесе есеп шығару) ауысу қиындайды. Контентті іріктеу алгоритмдері импульсивтілікті күшейтіп, жылдам ләззат алуға ұмтылысты арттырады. Қысқа видеоларды шамадан тыс көру әлеуметтік оқшаулануға, өмірге қанағаттанудың төмендеуіне, ұйқының нашарлауына және мазасыздықтың артуына байланыстырылады. Зерттеушілер бұл әсер барлық жастағы адамдарда байқалатынын атап өтті, қысқа видеоларға көп уақыт бөлетіндерде назарды шоғырландыру айтарлықтай төмендейді.
Баланы экранмен емес, әрекетпен қызықтыру керек
Қоғамның бұл дерті тек біздің елде емес, әлемнің барлық мемлекетінде қауіпті құбылысқа айналған. Сол себепті балаларды экраннан алыстату үшін түрлі амал-айла қолданылып жатыр. Мәселен, Финляндияда бастауыш білім беру жүйесінде балалардың көп уақыты ашық ауада өтеді: олар табиғатта ойнап, зерттеу арқылы үйренеді. Бұл әдіс баланың зейінін, қиялын және әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған. Жапонияда балаларды ерте жастан бастап өздігінен әрекет етуге, топпен ойнауға және шығармашылық жұмыстарға баулу кең таралған. Балабақшаларда рөлдік ойындар мен қолөнерге ерекше мән беріледі. Ал Оңтүстік Кореяда соңғы жылдары digital detox бағдарламалары енгізіліп, балаларға арнайы лагерьлерде гаджетсіз уақыт өткізу ұсынылады. Бұл тәжірибе олардың эмоциялық тұрақтылығын арттырып, тірі қарым-қатынасқа бейімдейді.
Осы үлгілер көрсеткендей, кітап оқу, сурет салу, спортпен айналысу, үстел ойындары, рөлдік ойындар және ата-анамен бірлескен іс-әрекеттер баланың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Мұндай әрекеттер баланың қиялын дамытып, сөйлеу қабілетін арттырады және эмоциялық тұрақтылығын нығайтады. Ең бастысы, бала үшін экран емес, шынайы орта мен қарымқатынас негізгі даму факторы болып қала береді.
Бүгінгі цифрлық заманда баланы экраннан толық алыстату мүмкін емес. Бірақ оның қандай контент көріп отырғаны мен уақытын қалай өткізіп жатқаны – ең маңызды мәселе. Бала көргенін қайталайды, естігенін бойына сіңіреді. Сондықтан оның ақпараттық ортасы саналы түрде қалыптасуға тиіс.
Ұлт болашағы экранның арғы жағындағы сапалы контенттен басталады. Сол себепті әр ата-ана баласына тек шектеу қоймай, мазмұнды, тәрбиелік мәні бар дүниелерді ұсынып, бірге талқылап отырғаны жөн.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
19 шілде 2026 ж. 92 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (10521)

18 шілде 2026 ж.

№52 (10520)

14 шілде 2026 ж.

№51 (10519)

09 шілде 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 498
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 987

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031