ЭКРАННЫҢ АР ЖАҒЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ: ЖЕЛІ БЕЛСЕНДІЛЕРІ ТӘРБИЕШІ БОЛА АЛА МА?
Миға шабуыл жасайтын контент
Бүгінгі жас ұрпақ бұрынғыдай тек атаананың, мұғалімнің немесе кітаптың тәрбиесін алып жатқан жоқ. Қазіргі таңда жастардың дүниетанымына ықпал ететін негізгі құралдардың бірі – смартфон. Таңертең көзін ашқаннан кешке ұйқыға кеткенге дейін жастар әлеуметтік желілердің ортасында жүреді.
Жастардың бір бөлігі интернеттегі сәнді әрі мінсіз болып көрінетін өмір салтына қызығушылық танытады. Олар кімдерді тыңдайды? Кімдерге еліктейді? Қандай құндылықтарды бойына сіңіреді? Бұл сұрақтардың жауабы қоғамды алаңдатуы тиіс. Бір кездері балаға үлгі болатын тұлғалар ғалымдар, ақындар, ұстаздар еді. Ал бүгінде миллиондаған оқырманы бар блогерлер жастардың ойына, мінезіне, өмірлік ұстанымына әсер ететін күшке айналды. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей дұрыс бағыт көрсете бермейді.
Желі белсенділері – жаңа заманның тәрбиешісі ме?
Экраннан көрінген тұлға жастарға жақын әрі шынайы болып көрінгендіктен, олар оның өмір салтына, көзқарасына және әрекеттеріне еліктеуге бейім келеді. Психологтардың айтуынша, жасөспірім кезеңінде тұлға өзіне үлгі болатын адамдарды іздейді. Егер бұл рөлді ата-ана немесе ұстаз емес, әлеуметтік желідегі танымал тұлғалар атқарса, олардың айтқан ойы мен әрекеті жас адамның құндылықтарына тікелей әсер етуі мүмкін.
Алайда танымал болу мен тәрбие беру – екі бөлек ұғым. Кейбірі миллиондаған көрсетілім жинау үшін арсыз әрекеттерге барып, дөрекілікті әзілге айналдырады. Осындай контентті күн сайын көрген жас буын ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата ала ма? Егер жастардың идеалы еңбегімен емес, тек танымалдығымен ерекшеленетін тұлғалар болса, бұл қоғамның құндылықтарына қалай әсер етеді?
Зерттеулер әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану адамның өзін өзгелермен салыстыруына, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне және психологиялық қысымның артуына әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Бүгінде жасөспірімдер уақытының едәуір бөлігін цифрлық кеңістікте өткізеді. Сондықтан әлеуметтік желілер олардың дүниетанымын қалыптастыратын маңызды факторлардың біріне айналды.
Интернеттегі агрессия қалыпты жағдайға айналып бара ма?
Әлеуметтік желілердің тағы бір қауіпті тұсы – агрессия мен дөрекіліктің кең таралуы. Психологтардың айтуынша, интернеттегі қорлау мен кибербуллинг жасөспірімдердің психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Бүгінде адамдар бір-бірін көрмей отырып, ауыр сөз айтуға оңай үйренді. Пікір қалдыру мәдениеті сын көтермейді. Балағаттау, мазақ ету, қорлау кейде қалыпты нәрсе ретінде қабылданып кеткендей.
Көптеген жасөспірімдер әлеуметтік желідегі келемеж бен қысымның құрбанына айналады. Кейбірі өзіне деген сенімін жоғалтса, кейбірі күйзеліске түседі. Ал мұндай жағдайлардың салдары кейде өмір бойы жазылмайтын жара қалдыруы мүмкін. Егер біз дөрекілікті күн сайын көріп, оған үнсіз үйрене берсек, мейірімділік пен адамгершілік қайда қалады?
Әлеуметтік желілердегі – алгоритмдердің жұмысы
Көп жағдайда пайдалы әрі сапалы контенттен гөрі, эмоция тудыратын, дау-дамайға негізделген материалдар тез таралады. Себебі агрессия, жанжал немесе шектен шыққан әрекеттер көрілім жинауға оңай.
Нәтижесінде жастардың ақпараттық кеңістігінде сапалы мазмұн мен арзан контенттің арасында үздіксіз бәсеке жүреді. Бір жағында білім мен дамуға жетелейтін контент болса, екінші жағында уақытты босқа өткізетін, жеңіл танымалдықты насихаттайтын материалдар бар. Мұндай жағдайда көрерменнің медиасауаттылығы бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Ақпаратты талдай білу, оның шынайылығын тексеру және саналы таңдау жасау – цифрлық дәуірдің басты дағдыларының бірі.
Бұл жерде кінәні тек блогерлерден немесе әлеуметтік желіден іздеу дұрыс емес. Себебі контентті өндіруші де, оны тұтынушы да – қоғамның бір бөлігі. Блогер әр жариялаған материалы үшін жауапты болуы керек. Себебі оның әр сөзі мыңдаған адамның санасына әсер етеді. Ата-ана баласының интернетте не көріп жүргеніне бейжай қарамауы керек. Мектеп пен қоғам цифрлық мәдениетті қалыптастыруға күш салуы тиіс. Ал жастардың өзі де көрген ақпаратты сүзгіден өткізіп, сыни ойлауды үйренуі қажет. Жауапкершіліксіз еркіндік – тәртіпсіздікке апарар жол.
Желі белсенділері – өзгеріс пен білімнің жаршысы
Дегенмен әлеуметтік желідегі барлық ықпал теріс деп айту шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда көптеген блогер өз аудиториясын пайдалы іске бағыттап жүр. Олар ғылымды, білімді, кітап оқуды, спортты, кәсіпкерлікті және ұлттық құндылықтарды насихаттайды. Кейбір контент авторлары жастарға мамандық таңдауға көмектессе, енді бірі шетелде білім алу, қаржылық сауаттылық немесе жеке даму туралы маңызды ақпараттармен бөліседі.
Әсіресе ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған заманда блогерлер білім мен тәжірибені жылдам жеткізетін көпірге айналды. Бірнеше минуттық бейнеролик кейде жас адамның жаңа кәсіп үйренуіне немесе өмірлік мақсатын анықтауына әсер етуі мүмкін. Қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, әлеуметтік мәселелерге қоғам назарын аударып жүрген блогерлер де аз емес. Олар қиын жағдайға тап болған жандарға көмек жинап, қоғамдық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.
Сонымен қатар, көптеген желі белсенділері жастарға өз пікірін еркін жеткізуге, шығармашылықпен айналысуға және жаңа мүмкіндіктерді іздеуге шабыт береді. Олар жетістікке жетудің артында үлкен еңбек, тәртіп пен табандылық жатқанын көрсетіп, бос даңқ емес, нақты нәтиженің маңызын түсіндіреді.
Бүгінгі таңда жастардың санасы үшін көзге көрінбейтін күрес жүріп жатыр. Ол мектеп қабырғасында емес, смартфон экранында өтуде. Сондықтан мәселе блогерлердің көптігінде емес, олардың қандай идеяны насихаттап жатқанында. Егер экранның ар жағынан білім мен жауапкершілік көрінсе, ол тәрбие құралына айналады. Ал арзан танымалдылық пен дөрекілік үстемдік етсе, оның салдарын ертең бүкіл қоғам сезінеді.
Балаларымызды шынымен кім тәрбиелеп жатыр? Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын. Себебі бүгінгі тәрбие отбасы, мектеп және цифрлық кеңістікпен қатар қалыптасады. Сондықтан ата-ана да, мұғалім де, блогер де, жастардың өзі де ортақ жауапкершілікті сезінуі қажет.
Ұлттың болашағы жастардың қолында десек, жастардың болашағы олардың санасында жатыр. Ал сананы қалыптастыратын ақпарат қандай болса, ертеңгі қоғам да сондай болмақ. Сондықтан экранға қарамас бұрын, бір сәт ойланайық.
Бауыржан ЖҮНІС















