Жастар жаңашылдыққа үндейді
qarmaqshy-tany.kz ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? АЛДЫМЕН ОСЫҒАН КЕЛЕЙІКШІ. РЕСУРС ДЕГЕНДЕ ЖАЛПЫ БАЙЛЫҚ, ҚОР, ҚАЗЫНА, АРТЫҚ ДҮНИЕ ЕКЕНІН БІЛЕМІЗ. ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДЕГЕНДЕ ЖАСТАРДЫҢ КҮШІН, РЕСУРСЫН ЖАҚСЫ ЖАҚҚА БАҒЫТТАП, ЕҢБЕГІН ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРА ОТЫРЫП, ӨЗ БОЛАШАҒЫНА ПАЙДАСЫ ТИЕТІН ТҰСЫН ТАҢДАУҒА МҮМКІНДІК БЕРУ ОЙҒА ОРАЛАДЫ.
Сонымен қатар, тұлғаның маңызды дағдыларын қалыптастыруға жұмыс жасайтын орталық екенін шамалаймыз. Жастардың бойындағы рухани, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ұйымдастырушылық қабілетін арттырып, оның тұлға болып қалыптасуына, дамуына жәрдемдесетін, «Екі қолға бір күрек» дегендей, егер ешқандай дарының болмаса да бойыңдағы жастық күшіңді өзіндік дамытумен, кітап оқумен, жақсы орта қалыптастырып, достар табуың үшін түрлі үйірме ашып, дебат жасап, салауатты өмір сүруге жетелейтін орта бұл. Егер өмірден түңілсең үміт сыйлап, жігер беріп, қатарға қосылуыңа, қолынан іс келсе оны дамытуға, әрі қарай жандандыруға мүмкіндік ашатын, өзгермелі заманауи қоғамда жастардың цифрлық сауаттылығын арттыратын орталық деп түсінгеніміз абзал. Ақысыз негізде психологиялық кеңестер мен заң тұрғысында көмектерге қол жеткізе алатын орын да осы. Жас отбасылармен жұмыстар жасап, жастардың жұмысқа тұруына ықпал ететін, волонтерлық қызмет, жастар бастамаларына консультативтік және ақпараттық қолдау көрсететін, өз мақсатына қол жеткізуге ықпал жасайтын үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс жасайтын да осы орталық десек мүлт кетпейміз. Семинар-тренинг, вебинарлар әзірлеу, жастар сұранысына байланысты жоба, бағдарламалар дайындап, үйлестіру, жастар ұйымдарын жетілдіруге, өзін-өзі басқаруға қолдау жасау да осы мекеннің еншісінде.
Орталықтың жыл басынан бері атқарып келе жатқан еңбегі көңіл көншітеді, ризашылығыңызды оятады. Әлеуметтік желі арқылы да байқап отырмыз, көз тоярлық істеріне, жетістіктеріне сан жетпейді. Ауданымыздағы Жастар ресурстық орталығымен бірге облыстық Жастар денсаулығы орталығының Қармақшы жастар денсаулығы бөлімшесі де (ЖДО) тығыз байланыста бірлесіп жұмыс істеуде. Құрамында психолог маман, медбикесі бар орталық жастардың денсаулығына баса мән береді. Орталық кешенді медициналық, психологиялық-әлеуметтік қызметтер көрсетумен қатар консультациялық жұмыстармен, түрлі кеселдің алдын алу шараларымен, ақпараттандыру және өзіне сенімділікті, жауапкершілікті арттырып, салауатты өмір қалыптастыруға бағыттаумен айналысады. Ауданымызда белсенді жастардан құралған «Қармақшы жастары», «Төретам жастары», «Демеу» еріктілер тобы, «Қарекет», «Зекет» қоғамдық қорларының да орны ерекше. Мемлекетіміздің жастар саясатына қолдау жасауды маңызды санайтыны, демеуі – болашаққа салынып жатқан инвестиция.
Бізде де осындай жастар орталығында ардагерлеріміз жастарға ақыл-кеңесін, ақ батасын беруде. Жастар – еліміздің келешегі. Олардың алар асуы әркез алда. Осындай жалындаған жастары бар да ұлтымыз сақталып, елдігіміздің еңсесі биіктей түсетініне сенемін.
Әмина КЕТЕБАЕВА, аудандық
Жастар денсаулығы орталығының психологі