ЖАҢА БУЫН КЕЛБЕТІ
Қай дәуірде де қоғамның келбеті мен елдің ертеңі оның жастарының бейнесінен айқын көрінеді. Бүгінгі күннің жастары еркін ойлы, ашық көзқарасты, жаңа заманның тынысын дәл сезіне білетін буын. Тәуелсіз елде туған ұрпақтың ой-өрісі кең, мүмкіндігі мол. Алайда еркіндікпен бірге жауапкершілік жүгі де артқаны анық.
Қазіргі жастар мен бұрынғы жастардың айырмашылығы жер мен көктей. Әрине, мен де осы XXI ғасырдың жаc толқынына жатамын. Студент шағымызда өзімізден ересектердің «Біз кезінде қандай едік?» деп бастайтын әңгімесін ұнатпай қалатынбыз. Ал қазір өзіміз де «Біз баяғыда...» деп сөз тізгінін алатын болыппыз. Әріптестермен осы тақырыпты талқылап отырғанымызда редакциямызға бас сұққан бір оқырман «Бұл бұрыннан солай ғой. Қазіргі жастарға менің де көңілім толмайды. Телефон мен компьютерді өздеріне дос қылған. Аулаға шығып бір-бірімен араласпайды. Бірақ бұлай өкпелеуімнің де жөні жоқ шығар. Біздің жастық шағымызда да үлкендердің бізге көңілі толмаған. Бұл әр заман өкілінің құндылықтарының бір-бірімен тоғыспауынан ғой» деп еріксіз жымиды. Оқырманмен келіспеске лажымыз қалмады. Себебі расында әр заманның өз жаңалығы бар. Келген ұрпақ соны бойына сіңіреді емес пе?
Менің ойымша, бүгінгі жастар «жаман» емес. Олардың басты ерекшелігі – білімге деген талпынысы. Мектеп пен колледждерде, жоғары оқу орындарында оқып жүрген жас буын тек сабақпен шектелмей, түрлі ғылыми жобалар мен волонтерлік бастамаларға қатысуда. Олардың арасында ауылдың әлеуметтік өміріне үлес қосып жүрген белсенділер де көп.
Алысқа бармай-ақ, өз ауданымызды алайықшы. Бүгінде аудан жастары ауылшаруашылығынан бастап, шығармашылық, спорт, кәсіпкерлік бағытында да белсенділік танытуда. Бірі шағын бизнес ашып, туған жерінде жұмыс орнын құрып жатса, енді бірі ұлттық өнерді насихаттап жүр. Мұның бәрі – жастардың өз әлеуетін туған өлкенің игілігіне жұмсауға дайын екенінің дәлелі. Бұл буынның басты құндылығы – білім мен еңбек. «Жақсы оқысам – жақсы өмір сүремін» деген ұстаныммен жүрген жас буын уақыттың қадірін түсінеді. Олар жаңа технологияны меңгеріп, тіл үйреніп, өз ісінде бәсекеге қабілетті болуға тырысады.
Ғаламтор мен әлеуметтік желі – қазіргі жастар өмірінің ажырамас дүниесі. Мұны мойындаймыз. Бұл құбылыс олардың ойлау жүйесін, қарым-қатынас мәдениетін, тіпті өмірлік бағытын өзгертіп отыр. Бір жағынан, желі арқылы жастар ақпаратқа тез қол жеткізеді, өз ойын еркін білдіреді, таным көкжиегін кеңейтеді. Екінші жағынан, виртуалды әлемге тәуелділік, уақыттың босқа кетуі сияқты келеңсіз тұстары да бар. Сондықтан бүгінгі буын ақпаратты талдап, пайдалы мен зиянды ажырата білуі керек. Сол үшін бала жастан ақпараттық сауаттылықты үйрету маңызды.
Қазіргі шетел жаңалығын жатсынбай қабылдайтын дәуірде ұлттық тамырдан ажырамау көптің көңіліндегі дүние. Әлеуметтік желіден аңғарғанымыздай жастардың бір бөлігі қазақтың дәстүрін, салтын, тілін қадірлей отырып, заманауи өркениетпен ұштастыруға тырысады. Бұл – қуантарлық құбылыс. Сондай-ақ ауданымыздағы жыр үйірмесіне қуана баратын, төл аспаптарымызды төріне шығаратын жастардың бар екенін мақтанышпен айта аламыз. Бүгінгі буын – ұлттық құндылықты жаңаша қабылдай білетін, оны өмір салтына айналдыруға бейім ұрпақ. Қазақтың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі жастардың рухани тірегі болып қала бермек.
Жастардың белсенділігі мен талпынысы елдің болашағына деген сенімді нығайтады. Қай саланы алсақ та, бүгінгі буынның ізденісі мен жаңашылдығы байқалады. Олар қоғам өміріне бейжай қарамайды, өз пікірін ашық білдіріп, туған жердің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Аудандық деңгейдегі түрлі форумдар мен жобалар жастардың бойындағы бастамашылдық пен көшбасшылық қасиеттерді дамытуға үлкен мүмкіндік. Осындай алаңдар арқылы жас буын пікір алмасып, қоғамдағы өз орнын табуға үйренеді.
Қорыта айтсақ, бүгінгі жас – заман ағымына сай бейімделген, жаңа ой мен идеяның иесі. Олардың бойындағы рух, намыс, білімге құштарлық – болашаққа деген сенімнің символы. Қоғам келешегі – жастардың қолында. Ал жастардың бағыты біздің бүгінімізге байланысты.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ














