» » БҮГІНГІ БАЛАНЫҢ БЕЙНЕСІ

БҮГІНГІ БАЛАНЫҢ БЕЙНЕСІ

Бала – болашақтың тұтқасы, елдің ертеңгі үміті. Әр ұрпақтың өзіндік ерекшелігі, заманға сай келбеті бар. Бүгінгі бала – ХХІ ғасырдың, яғни цифрлы дәуірдің перзенті. Ол – техника тіліне жетік, жаһандық жаңалыққа елеңдеген, еркін ойлы, өзіндік көзқарасы қалыптасқан тұлға.
Бүгінгі бала – ұялы телефон мен интернетсіз өмірді елестете алмайтын буын. Ол кішкентайынан смартфонды шебер меңгеріп, шет тілін тыңдап, түрлі мультимедиа әлеміне еркін енеді. Бұл – бір жағынан артықшылық. Ақпаратқа бай, ойөрісі кең, тіл меңгеруге қабілетті, жаңашыл. Бірақ осы мүмкіндіктермен қатар, оларды дұрыс бағыттап, ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу – бізге жүктелген міндет.
Қазіргі балалар шындықты тура айтады, әділетсіздікке төзбейді, өз ойын еркін жеткізеді. Олармен тіл табысу үшін тек бұйыру жеткіліксіз, керісінше, пікірлесіп, дос бола білу қажет. Себебі бүгінгі бала – тек тыңдаушы емес, ойлаушы, іздеуші, жасампаз тұлға. Ол – сұрақ қоятын, жауап іздейтін, өз ортасында орнын табуға тырысатын бала.
Дегенмен, рухани тәрбие, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіру – бүгінгі баланың бейнесін толықтыратын басты белгі. Тек техникаға емес, жүрекке, сезімге, адамгершілікке де бай бала тәрбиелеу – ата-ана мен ұстаздың қасиетті парызы.
Абай атамыз он тоғызыншы сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады» деуінде үлкен мән жатса керек.
Өзіміз де бала өсіріп отырған соң олардың болашағына бейжай қарамайтынымыз рас. Бүгінгі балалар бәрін білгісі келіп тұрады. Ән мен биге, өнерге, спортқа жақын болғысы келеді. Баламыз көбінесе өзімізге үлкендер ойламаған сауалдарды қойып, таңдандырып та жатады.
Жасыратыны жоқ, дәл қазіргі компьютерлік дәуірдің қарыштап дамыған тұсында кішкентай балаларымыздың телефонға тәуелділігі барша ата-ананы алаңдататын жағдай болып отыр. Қазіргі көпшілік ата-аналар құлағының тыныштығы үшін әсіресе үйге қонақ келген кезде балаларымыздың қолына ұялы телефонды ұстата салып, тыныш отыруын талап етеміз. Ал баламыздың ұялы телефоннан не нәрсе қарап отырғанын ыждағаттап қадағалап жатпаймыз да. Сонымен бірге телефонның бала денсаулығына, жүйке жүйесіне кері әсері барын барша ата-ананың білетіндігі де анық.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, қазіргі баланың бейнесін жақсы сәттермен есте ұстауымыз үшін ең алдымен баланың ортасы, ата-анасы бала тәрбиесіне немқұрайлы қарамауы керек. Тәрбие тал бесіктен басталатынын ескеріп, баламыздың балдай тәтті бала бейнесін, балалық аңғалдығы мен балалық қуанышын жоғалтып алмайық десек, бүлдіршіндерімізге әу бастан өзіміз үлгі болып, ақ пейілмен, адал көңілмен, еңбекті адалынан табуға баулуымыз керек. Сол кезде ғана балаларымыздың болашағы мен ертеңі жарқын болмақ.
Бүгінгі бала – заманның айнасы, болашақтың сәулесі. Оған берген біліміміз – болашақтың іргетасы, дарытқан тәрбиеміз – ұлт болашағының кепілі. Сондықтан бүгінгі баланың бейнесі тек ақылды ғана емес, жүрегі мейірімді, тілегі ізгі, жаны таза болып қалыптасуы тиіс. Өміріміздің мәні мен сәні, тәтті балапандарымыздың бейнесі заман өзгергенмен, менің ойымша еш өзгермек емес. Бала өз балалығымен, пәктігімен, аңғалдығымен ғана шынайы өмір сүреді. Оларды өтірік айтпауға, мейірімді болуға, үлкенге ізетті, кішіге қамқор болуға, бауырға жанашыр болуға, біз, яғни үлкендер, атааналар бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеуіміз керек.
Қымбат МОЛЫБЕКҚЫЗЫ
17 шілде 2025 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№52 (10420)

15 шілде 2025 ж.

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 078
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031