ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ ЖАЛЫНДЫ ЖҮРЕГІ
12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл мейрам – ғаламдық деңгейде тойланатын бірден-бір мереке. Мұны жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен жержерде түрлі іс-шаралар қолға алынады. Осылайша әлем халқының жастары бұл күні ерекше шаттық пен берекеде атап өтуді жөн көреді.
Расында да бұл мерекенің берері көп. Айтар ойы – орасан. Қатардағы жай бір күндердің қатарына жатқыза салуға әсте болмайды. Себебі бұл мерекенің тарихы ХХ ғасырдан басталады. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан шамамен екі ай өткен соң бекітілді. Дүниежүзілік жастар күнінің тойлау мезгілі 29-қазан мен 10-қараша аралығында Англия астанасы Лондонда өткен Дүниежүзілік жастар конференциясының аяқталуына ұштастырылды. Міне, осыдан кейін барып конференцияның аяқталған күні маңызды болып есептеледі. Өйткені ең алдымен, бұл күн – өзінің «Империализмге және кертартпалыққа қарсы, бейбітшілік, демократия, ұлттық тәуелсіздік үшін, жастардың саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтары мен қызығушылықтарын қорғауға әртүрлі жастар ұйымдарының бірігуі» атты мақсатын жариялаған Дүниежүзілік демократияшыл жастар федерациясының негізделген күні. Осынау ұйымда Кеңес Үкіметі «КСРО жастар ұйымдарының комитетін» ұсынды. Дүниежүзілік жастар күнін жаппай тойлау ықыласын білдірген дәл ДДЖФ бастамашылдары болатын.
Жастар күні бұл жай ғана мереке емес, сенім мен серттің, аманат пен жауапкершіліктің күні. Өйткені әрбір жас – ел тағдырын арқалаған ертеңгі азамат.
Әр дәуірдің өз жастары бар. Бірақ олардың жүрек соғысы – бір. Ол – туған жерге деген махаббат, биік белеске жетемін деген жігер, болашақты жарқын етуге деген ұмтылыс. Қазіргі жаңа ғасырдың жастары уақытпен жарысқан, біліммен қаруланған, ойы ұшқыр, мақсаты айқын буын. Олар – кешегі ата-баба аңсаған азаттықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің жемісі. Сондай-ақ жаһандық кеңістікте еркін ойлайтын, жаңа технологияларды еркін меңгеретін, бәсекеге қабілетті тұлғаға айналып келеді. Ғылым мен білімде, спорт пен өнерде, кәсіп пен өндірісте – қай саланы алсаңыз да, жас буынның жарқыраған жұлдыздары бар. Олар – ел дамуының локомотиві, замана көшін ілгерілететін жетекші күш.
Жаңа ғасыр – мүмкіндіктер ғасыры. Бірақ бұл ғасыр талап пен жауапкершілікті де қоса жүктейді. Жастардың әр қадамы – елдің ертеңіне салынған іргетас. Бүгінгі таңда жас буын ұлттық құндылық пен заманауи өркениетті ұштастыра отырып, Қазақстанды жаңа белестерге жетелеуде.
Жастар – тарихтың жалғасы, болашақтың кепілі. Олар – елдің ең нәзік үмітін, ең асқақ арманын арқалаған қасиетті буын. Қай заманда да елді өрге сүйреген күш – жастардың тегеуріні мен рухы.
Болашақ – бүгіннен басталады. Ал бүгін – жаңа ғасырдың жалынды жастарының күні. Олардың жүрегінде – от, бойында – қайрат, көзінде – үміт сәулесі бар. Әлемді өзгертетін күш те, елді биікке көтеретін тегеурін де – сол жастардың қолында.
Жаңа ғасыр жастары – жаңғырудың жарқын бейнесі, ұлттың ұлы мақтанышы. Олар барда болашақ нұрлы, келешек кемел. Ендеше, Жастар күні – әрбір жас жүректің өзіне серт беретін, биік мақсатқа қол созатын сәті. Бұл күн – арманды іске, үмітті шындыққа айналдыратын жалынды шақ.
Ақнұр САҒЫНТАЙ