Болашақ бастауы
Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетін бай тәрбие дәстүрін қалыптастырған. Халық даналығы мен ұстанымдары балаға адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, сыйластық және рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған. Бүгінгі таңда да ата-бабамыздың осы мұралары бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады.
Бала тәрбиесі – қоғамның ең маңызды және күрделі мәселелерінің бірі. Қазіргі заманның қарқынды өзгерістеріне қарамастан, әрбір ата-ана үшін баласының дені сау, білімі терең, тәрбиелі азамат болып өсуі басты мақсат болып қала береді. Осы мақсатқа жету үшін ата-ана, мектеп және қоғамның бірлескен жұмысы қажет. Баланы тәрбиелеу – бұл тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Баланың алғашқы тәрбие мектебі – отбасы. Әке мен ананың жылы сөзі, мейірімі мен махаббаты бала үшін өмірдің негізін құрайды. Баланың бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда ата-ананың үлгі-өнегесі ерекше рөлге ие. Себебі бала айналасындағы үлкендерден көргенін қайталайды. Халық арасында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық тәмсіл қалыптасқан. Бұл халық даналығы бала тәрбиесінің бастауын отбасынан алатынын көрсетеді. Бала ата-анасының іс-әрекеті мен мінез-құлқын көріп өседі. Сондықтан ата-ананың өзі өнеге болып, шынайы үлгі көрсетуі маңызды. Баланы тек сөзбен емес, іспен тәрбиелеу – халықтық ұстанымның негізі. Сондықтан балаға дұрыс әрекет көрсетіп, сөз бен істі үйлесімділікте ұстау қажет. Бала ата-анадан мейірімділік, сабырлылық, адалдық сияқты қасиеттерді үйренуі тиіс.
Ата-ананың балаға мейірімін төгіп, оның пікірін тыңдап, кез келген жағдайда қолдау көрсетуі маңызды. Сонымен қатар отбасында баланың жасына сай міндеттер жүктелсе, ол жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті үйренеді. Бала өз ортасында өзін маңызды сезінгенде ғана дұрыс тұлға болып қалыптасады. «Еңбек түбі – береке» деген халық нақылы баланы еңбексүйгіш тікке тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетеді. Қазақ халқы баланы жастайынан еңбекке баулыған, оны өмір сүрудің негізгі қағидасы ретінде үйреткен. Жас ерекшелігіне сай үй шаруасына қатыстыру арқылы баланы табандылыққа, жауапкершілікке және шыдам дылыққа баулу секілді әдеттер күн санап бала тәрбиесінен алыстап барады.
Бүгінгі таңда бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар көбейіп келеді. Әсіресе, интернет пен гаджеттер баланың қызығушылығын жаулап, шынайы өмірден алшақтатуда. Осы орайда ата-аналар саналы түрде шектеу қойып, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөлуі керек. Баланы кітап, газет оқуға, шығармашылықпен айналысуға, спорттық іс-шараларға қатысуға баулудың маңызы зор. Баланың дене белсенділігін арттырып, табиғат аясында уақыт өткізуіне жағдай жасау, оның физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтады.
Бала тәрбиесінде тәртіп пен махаббатты қатар ұстану қажет. Шектен тыс қаталдық баланы еркіндігінен айырып, өз-өзіне сенімсіз етеді. Ал шексіз еркіндік жауапкершілік сезімін қалыптастырмайды. Сондықтан ата-аналар балаға қойылатын талаптарды түсінікті әрі әділ етіп белгілеуі қажет.
Қазақ халқында үлкендерге құрмет көрсету – тәрбиенің басты қағидасы. Бала кішіпейілділік пен ізеттілікті отбасы мен айналасындағы адамдардан бойына сіңіреді. Балаға үлкендерге орын беру, амандасу, құрмет көрсету секілді қарапайым әдептілік қағидаларын үйрету, атаәжесімен бірге уақыт өткізуге жағдай жасап, олардың өмірлік тәжірибесінен сабақ алуына мүмкіндік беру қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отыр.
Қазақтың ауыз әдебиеті – бала тәрбиесінің негізгі құралдарының бірі. Мақал-мәтелдер, жырлар, ертегілер мен термелер арқылы балаға өмірдің мәні, жақсы мен жаманның аражігі түсіндірілген. Бұл үрдісті қазір де жалғастыруға болады. Баламен бірге ертегі оқып, оның кейіпкерлерін талқылау, мақал-мәтелдерді күнделікті өмірде пайдаланып, олардың мағынасын балаға түсіндіру аса күрделі іс емес әрі көп уақыт алмайды. Алайда нәтижесі көңіл көншітері анық.
Баланың отбасынан бөлек тәрбие алатын ортасы – мектеп. Мектеп – баланың екінші үйі. Мұнда ол білім алып қана қоймай, өзін қоршаған ортада қарымқатынас жасауды үйренеді. Мұғалімдер мен ата-аналар ынтымақтасып, баланың жеке тұлға болып қалыптасуына бірдей жауапкершілікпен қарауы тиіс. Сонымен бірге қоғамның әрбір мүшесі – баланы қолдау мен қорғауға, дұрыс бағыт көрсетуге жауапты тұлға.
Қоғам да бала тәрбиесінде үлкен рөл атқарады. Көршілерден бастап, көшедегі әрбір адамның көрсеткен үлгісі балаға әсер етеді. Сондықтан қоғамдағы мәдениет, моральдық құндылықтар жоғары болған сайын баланың дұрыс тұлға болып қалыптасуына ықпал ететіні анық.
Бала тәрбиесі – болашаққа салынған ең маңызды инвестиция. Әрбір ата-ана өзінің балаға көрсеткен қамқорлығы мен махаббаты арқылы елдің ертеңгі бақытына үлес қосады. Қазақ халқының тәрбиелік ұстанымдары бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл ұстанымдар бала бойына рухани байлықты, моральдық қасиеттерді сіңіруге бағытталған. Халықтық тәрбиені заманауи әдістермен ұштастыра отырып, саналы, ізгі ниетті ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті.
Лаура Бақтыбаева