ЖҮРЕКТЕН ШЫҚҚАН ЖАНАШЫРЛЫҚ
Жақында Жосалы кентінде орналасқан "Дәметкен ана" балаларды оңалту орталығының құрылтайшысы, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, "Алтын дәрігер" аталымының иесі Дина Базаралықызы редакциямызға арнайы бас сұғып, жақсы жаңалығымен бөлісті. Жай келмей, қолына "Райымбек" баспа үйінен шыққан "Қазақстанның алтын кітабы" атты қалың мұқабалы кітапты бірге ала келіпті.
Кітапты парақтай отырып, «Дәметкен ана» балаларды оңалту орталығын құрушы, теміржол саласының ардагері, өмірлік серігі болған ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, профессор, «КСРО жоғары білімінің үздігі» төсбелгісінің иегері, «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» Зарқұм Сартайұлы Бекжанов туралы мақалаға көзіміз түсті.
Онда сала ардагерінің өмір және еңбек жолы жайлы жазылып қана қоймай, оның теміржол саласы ғылымындағы жетістіктері, отбасында әке ретіндегі үлгі-өнегесі көрініс табады. Қоғамға жасаған пайдалы істерімен қатар, ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрге сай, қолөнер шеберлігі де кеңінен әңгімеленген. Ата дәстүрді ұстанған ағамыз өмірінің соңына дейін жүрген ортасына қазақылықтың иісін шығарып жүргенін қалың елі біледі. Шебер қолынан шыққан талай бұйым отбасы төрінен орын алса, өзі қолымен құрған «Дәметкен ана» оңалту орталығына да ерекше сән беріп, безендіріп тұр десек, артық емес.
Туған жерге деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі ғалым ағамызды қасиетті топырағына әкеп, осы жерден ерекше балалардың орталығын ашуға сеп болған еді.
2018 жылы қабырғасы қаланған орталық бүгінде халыққа өз қызметін көрсетуде. Бірнеше маманды жұмыспен қамтыған.
– Аудандағы «Қармақшы таңы» газеті орны бар басылым. Сіздерге ақжолтай жаңалығымызбен келіп отырмыз. Бір жағынан мекемеміз басылымға үзбей жазылады. Тұрақты оқырмандарыңыз боламыз.
Ал келген себебіміз – Зарқұм Сартайұлы, өздеріңіз білесіздер елге, халыққа еңбегі сіңген азамат. Теміржол саласының ардагері. Саналы ғұмырында мыңдаған шәкірт даярлап, ғылымға қанаттандырған қайраткер азамат.
Туған жерінен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын ашу туралы арман Зәкеңнің көкірегінде ұзақ жылдан бері сөнбей келе жатқан шырақ еді. Бұл идея – сырт көзге жай ғана әлеуметтік жоба болып көрінгенімен, оның терең түкіпірінде тағдырмен таңбаланған сағыныш, өмірлік адалдық пен асыл естеліктің табы жатты. Төрт бірдей ұлының анасы атанған Дәметкен Қабыланбайқызының жарқын бейнесі еді. Қырық сегіз жасында аяқастынан дүние салған аяулы жанның қазасы Зәкеңе ауыр тисе де, ол жарының есімін туған жеріндегі ерекше балаларға жасалар қамқорлық арқылы мәңгілікке жалғауды ойлады. Парасаты терең, пейілі кең, болмысы бекем Дәметкеннің аты игілікпен аталып, ел жадында қалса деген ақеден тілегі 2018 жылы жүзеге асты. Осы жылы орталықтың құрылысы басталып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей алғашқы қадамын жасады. Келесі жылы әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп, қор жұмыс істей бастады. Осылайша, сауапты мекеме отбасының ортақ мұраты ретінде қоғамдық маңызы зор іске ұласты. Қордың алты жылдық қызметі барысында Зәкең еліміздегі қайырымдылық қорларымен әріптестік құрып, сенімге негізделген байланыс қалыптасты. Үш гранттық бағдарлама табысты жүзеге асып, демеуші, жомарт жандардың қолдауы тартылды. Соның арқасында орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Балаларға арналған кешенді әлеуметтік оңалту жүйесі жолға қойылып, бүгінгі күн талабына сай нәтижелі әдістемелер енгізілді. 2024 жылы орталық жанынан «Ақ қозы» спорт залы салынды. Бұл жай ғана нысан емес, шектеуді еңсеруге ұмтылған талай баланың сенімін шыңдайтын, бойындағы ашылмаған қабілетін оятатын, ауылдық өңірдегі инклюзивті спортқа тың серпін берген ерекше кеңістік болды.
Ол өзі бүгінде ортамызда болмаса да, оның құрып, жасап кеткен игі ісі жалғасын табуда. Біздің азаматтық бастамамыздың ауқымды әрі терең рухани астарын да, арқасүйер адамгершілік тірегін де айқындап берген – осы кісі.
Қазіргі кезде қор жұмысы жүйелі түрде жүруде. Атпал азаматтың «Қазақстанның алтын кітабына» енуі – оған қойылған рухани ескерткіш әрі адал бағасы деп есептейміз. Жарқын ісі жалғасын таба береріне сенім мол, – дейді ғалымның жары Дина Исмаилова.
Еске сала кетейік, аталған кітап бойындағы қабілетін ізденіске, қажыр-қайратын, еңбегін ел игілігіне арнаған тұлғаларды топтастырады.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















