ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕН АСҚАН ҚОРЛЫҚ ЖОҚ
Иә, бәріміз де – Жұбан ақын айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың баласымыз. Ұланғайыр қазақ жерімен оны мекен еткен қазақ деген халықтың бастан өткерген зобалаңы аз болған жоқ. Солардың бірі –отызыншы жылдардағы қуғынсүргін. Шүкір, бүгінде еліміз егемендік алып, тарих пердесін айқара ашып, тоталитарлық зобалаң кезеңіндегі шаш ал десе бас алған зорлық-зомбылық пен асыра сілтеушілік оқиғаларын ешқандай боямасыз, бүкпесіз ашықтан-ашық толыққанды тарихтың қателіктерін қайталамас үшін айқын айтуымызға мүмкіндік туды.
Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз тағдырын өзі билеп, өз болашағын өзі болжай алатын мүмкіндікке қол жеткізді. Ал жариялылық кезеңіне дейін бұйрықшыл, әміршіл, әкімшіл бюрократтық жүйе мен тәртіп зұлмат науқаны 1920 жылдардың аяғы мен 1930-1940 жылдардағы репрессия құрбандары жөнінде шындық ашық айтылмады. Осы жылдарда қауіпсіздік органдарының қолымен мыңдаған адам, ең алдымен қазақтың зиялы азаматтары жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырады. Осының бәріне себеп болған – жеке басқа табынушылық, зорлық-зомбылық пен заңсыздық. Сталиннің индустриализациясы өкіметті жеке басқару режимін жасаудың алғашқы қадамы болды. Ал екінші қадамы – коллективизация. Ауыл шаруашылығын зорлап ұжымдастыру, қазақ шаруаларын күштеп ұжымға кіргізу, байкулактардың мал-мүлкін тәркілеу, тағы сол сияқты зобалаң 1932 жылы Қазақстанды жаппай ашаршылыққа әкеп соқтырды. 1921- 1922 жылдары 2 миллион 300 мың адам аштыққа ұшырады. 1929 жылы байлар, ірі феодалдар тәркіленді. Олардың 83 пайызы асыра сілтеумен тәркіленген сауатты кісілер екен. 1931-1933 жылдары қазақ сахарасын аштық жайлады. Бұл қолдан жасалған аштық нәтижесінде 1 млн 750 мың қазақ қырылып қалды. Салық төлеуден бас тартқандар, кінәсіз жандар жалған жаламен түрмеге жабылды. Күштеп жүргізілген ұжымдастыруға қарсы бүкілхалықтық наразылық орын алды. Қызылорда облысы аймағының өзінде Қарақұмда, Қызылқұмда, тағы басқа жерлерде шаруалардың қарулы көтерілісі болды. Бұл наразылықтарды ОГПУ мен Қызыл отрядтар күштері аяусыз жаншып, басып, қатысушыларды түрмеге тоғытып, жер аударып, осы көтерілісті байлар, ұлтшылдар ұйымдастырған деген жалған жала жабылды. Ф.Голощекин Қазақстанға басшы болып келгеннен елді билеп-төстеу үшін бір топты бір топқа айдап салу тактикасын қолданды. ОГПУ, НКВД күштерін Алаш азаматтарына қарсы қойды. Бірінші кезекте қазақ зиялыларының ең сауатты жетекші тобын, әсіресе Алаш қозғалысының көсемдерінің көзін жойды. Оларға жасырын контрреволюциялық ұлтшылдық ұйым құрып, кеңес өкіметін құлату мақсатын көздеді деп айыптап, Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың 44 азаматын үштіктің қаулысымен әртүрлі мерзімдерге түрмеге отырғызып, концлагерьге айдаған және жер аударған.
Үштік үкімінің жалған жаласымен 1937-1939 жылдары ату жазасының құрбаны болған. Атылмай қалғандары ұзақ мерзімге түрмеге жабылып, итжеккендегі лагерьге айдалды. Олар небір азаптың тауқыметін тартып, кіндік қаны тамған Отанына оралмай көз жұмды. Жоқ жерден жау іздеу секілді теріс құбылыстардың етек алуынан Кеңестер одағында адамзат бұрын-соңды болмаған сұмдық оқиғаны бастан өткерді. Онсызда аштықтың азабынан өліктерді даладан жинап алу көбейген тұста қасіретке қасірет қосылды. Әсіресе зиялы қауым өкілдері көп құрбандыққа ұшырады. Олардың қатарында Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхаметжан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов, Абдулла Розыбақиев, Әлімхан Ермеков секілді айбарлы арыстар болды. Олар басын оққа тігіп, шырылдап шындықты айтты. Осылайша қоғамымызда зерделі, зиялы қауымның көзі жойылды. Ел ішінде тұтас ұлттарды жаппай жер аудару басталды. Кәрістер, немістер, шешендер, қырым татарлары, гректер секілді ондаған ұлт өкілдері кіндік қандары тамған жерлерінен жыраққа кетті. Олардың көпшілігі босып Қазақстанға келді. Жер аударылғандардың саны – 890698 адам болған. Бақытсыздыққа ұшыраған жандарды қазақ халқы тосырқамай қарсы алып, қайғы-қасіретін бөлісті. Мысалы, ұжымдастыру кезінде 1 млн 500 мың қазақ көз жұмды.
1930-1932 жылдары 1 млн 300 мың қазақ Атамекенін тастап кетті. 1930 жылы республикамызда 5 млн 873 мың халық тұрса, 1933 жылы 2 млн 493 мың ғана халық қалған. Зұлматты жылдарда талайлардың тағдыры РКФСР қылмыстық кодексінің атышулы 58-бабы арқылы жазаға тартылып, өмірлері қиылған. ОГПУ, НКВД үштіктері жедел топтар, сан алуан комиссиялар адамдарды топтап соттап, топтап атты. 1937 жылы маусымшілде айларында молдалар мен ишандарды сыпыра ұстап, үштіктің қаулысымен топырлата атуға жол берілді. «Қырық молдаға түскен құрық» деп аталатын мақалада 45 молда жауапқа тартылып, 1937 жылғы 5 қыркүйектегі НКВД қаулысымен 13 қыркүйекте 23 молда атылып кеткен. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуов атамыз бірнеше дүркін Қазалы түрмесіне қамалған. Өздері бұл нәубеттен аман жүргенде Сүлеймен Есқараев, Темірбек Жүргенов Тұрмағамбет атамызды түрмеден ақтап, шығарып алып отырған. Кейін өздері халық жауы атанып, қос арыс 1938 жылы түрмеде атылып кетті. Сол бір солақай жылдарда «халық жауы» атанғандарды бес-ондап бірден ату жазасына бұйырылуы Қармақшы, Жалағаш, Жаңақорған аудандарында, Қызылорда қаласында көптеп кездеседі. Қазақстанға күштеп жер аудару 1944 жылға дейін жалғасты.
1938-1944 жылдар аралығында Қазақстанға 1 млн 200 мың адам жер аударылған. 1930 жылдан бастап Қазақстан жерінде лагерьлер пайда болды. Қарағандыда – Карлаг лагері, оның жер көлемі 110 мың шақырым. Отыз жыл ішінде осы лагерьде 1 млн-ға жуық адам болған. Олардың ішінде көптеген атақты ғалымдар, жазушылар, ақындар, қоғам қайраткерлері болған. Жезқазғанда – Степлаг лагері. Онда 17 мың адам отырған. Ақмолада – Алжир лагері. Онда Отан сатқындарының әйелдері қамалған. Міне, сталиндік қуғын-сүргін бұл ұлттық трагедия, ел-халықтың басына түскен қайғылы қасірет еді. Соғыссыз, майдан шебін аттамайақ бейбіт заманда қаншама адам атылды, жойылды, қырылды, қудалауға түсті. Даңқты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің әр қадамын НКВД жендеттері көзден таса қылмады.
1938 жылы ақынның жаназасын жақындары түнде айдың жарығымен шығарған. Қармақшы ауданында 300-ден астам адам қуғын-сүргін құрбаны болған. Ауыл басқарған, мұғалім болған білімді елдің еңсе көтерер азаматтарының барлығы дерлік себепсіз жағылған күйе, жалған жаламен жауапқа тартылды. Қожамжар Жүсіпов, Мәдір Дайрабаев, Әбзәли Егізбаев, Үбісұлтан Аяпов, Мырзатай Байсақалов, Тілеу Ерекешов, Байділда Найзабаев, Нұржан Құтышев, Бисары Кентібаев, Тілеу Жұбаев, Назар Тұрабаев, Тебеген Қожаназаров, Бұхарбай Еспаев, Ақбала Күнтуарова атты ел басқарған қабілетті жандарды түрлі сылтаумен елге зиянкестік келтірген, колхозшыларға бүлдірушілік жұмыстар жүргізген деп жала жауып, Қызылорда түрмесіне қамаған.
Ақбала Күнтуарова 10-шы ауылдық кеңес, Ленин атындағы колхоздың төрағасы болып қызмет атқарған. Жалған жаланың құрбаны болып, түрмеде шашын алып тастаған. Азаптауға шыдай алмай күйіктен қайтыс болған. Қалғандары Владивостокқа Магадан лагеріне жер аударылған. Лагерьде мерзімді жазасын өтеп, кемемен елге қайтарылған. Әбзәли Егізбаев пен Қожамжар Жүсіповті денсаулығына байланысты кемеге алмай, келесі жылы қайтарылған. Елге келсе бір жыл бұрын кеткен ауылдастарының келмегені, хабар-ошарсыз кеткені анықталған. Олар елге жетпей өлім жазасына кесілген. Бұл топтағы 15 адам Тәуелсіздік алғаннан кейін 1991 жылы 21 наурыздағы облыс прокурорының қаулысымен бұл істі олардың әрекеттерінде қылмыстық әрекеттер жоқ деп өндірістен қысқартқан. Бұл кісілердің барлық құжаттарын дайындап, зорлықпен жауап алып, еріксіз мойындатқан НКВД бастығы Пяткин, қамауға санкция берген прокурор З.Байназаров, облыстық НКВД өкілі, сержант Шомановтар болды. 1939 жылы Қызылордада соттың төрағалығымен осы 15 адамның соты болған. Сот қорытындысымен алды 20 жылға, соңы 10 жылға үкім шығарылып, Шымкент түрмесі арқылы Владивостокқа жіберілген. Оның ішінде Әбзәли Егізбаев, Қожамжар Жүсіпов елге келіп, соғысқа аттанып кеткен. Талай су ақты, талай жел соқты. Дегенмен уақыт белдеуінде қанша уақыт өтсе де қазақ халқының тарих тағдырында бұл нәубет жазылмас шер-шемен болып қалды. Республикамызда, облыстарда, аудандарда, ауылдарда ел басқаруға қабілеті бар жандардың барлығы бір-біріне ұқсас егіздердей айнымайтын жаламен айыпталып, «халық жауы» атанып кетіп жатты. Жер бетіндегі халықтардың бәрінде ел арасында кеңінен танылған ертегілер болады ғой. Солардың әрқайсысының арқасында зұлымдық пен әділет қатар жүреді. Соңында әділеттілік жеңеді емес пе? Алайда адамды жазықсыз күйелеу, жала жабу, кінә тағу, өлімге итермелеу, халық мұратын аяққа басу, бұл тарихтағы ақтаңдақ деп аталады. Қазақ елі Тәуелсіздік алып, арзу арманына қол жеткізді. 1997 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаев жарлығымен 1997 жыл – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітілді. Зердені – қараңғылық, ақылды – ақымақтық, парасатты – арсыздық, татулықты – іріткі салушылық жеңген уақытта халық әділетсіздіктің құрбаны болатыны ақиқат. Әділетсіздіктен асқан қорлық жоқ.
1993 жылы 14 сәуірде жаппай саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Заңы халықтан үлкен қолдау тапты. Зұлмат жылдары жапа шеккен бабаларымыздың тағдыр талайына бас иіп, ілтипат дегім келеді. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның әрбір ұрпағы тектілік тамыры тереңге тартқан қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы болғанын мақтан етіп, еңбек пен білімді қатар алып жүретін ұялтпайтын ұл-қыздар қатарында болуын тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды, аспанымыз ашық болғай.
Зарипа ТАСЫМОВА,
ардагер-ұстаз















