Қасіретті жылдар, қайғылы тағдырлар
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарих пердесін айқара ашып, тоталитарлық зобалаң кезеңдегі шаш ал десе, бас алған зорлық-зомбылық пен асыра сілтеушілік оқиғаларын тұтас күйінде, ешқандай боямасыз, бүкпесіз, ашықтан-ашық, толыққанды мағынада айтуымызға мүмкіндік туды. Бұл – Мемлекет басшысының «1997 жылы – жалпыұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін жылы» деп жариялау мақсатында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленуі еді. 1920-жылдардың соңы мен 1930-1940-жылдардағы репрессия құрбандары туралы шындық ашылғанда ащы ақиқатқа қол жеткіздік. Зобалаңның кесірінен қауіпсіздік органдарының қолымен мыңдаған адам мен қазақтың зиялы азаматтары жазықсыз қуғынсүргінге ұшырады.
Ф.Голощекин Қазақстанға басшы болып келгесін қазақ зиялыларын, әуелі Алашорда партиясы мен алашордашылар көсемдерін «жасырын контрреволюциялық-ұлтшылдық ұйым құрды», тағы басқа да жалған жаламен А.Байтұрсынов бастаған 44 азаматты әртүрлі мерзімге түрмеге қамады. Осылайша, барлық жерде 1937-1939 жылдары ұлт жанашырлары «халық жауы» атанып, атылғандары атылды, ұзақ мерзімге түрмеге тоғытылды, итжеккендегі лагерьге айдалды. Олар небір азаптың тауқыметін тартып, туған елге орала алмай көз жұмды. Ал тірі қалғандары құр сүлде болып, елге оралды. Оған себеп, сотталуы, азап лагеріндегі түрлі азаптаулар, Сібірдің аязы қатты ормандарында ауыр еңбекке жегілуі болды.
Осындай бір үлкен қиянатты істі Қызылорда облысы бойынша №481 істегі Қожамжар Жүсіпов пен Әбзәли Егізбаев және тағы басқа 15 адамның ісінен көруге болады. Бұл істегі адамдар Қармақшы ауданындағы «Ақжар», «Ленин», «Майлыөзек», «Қуаңдария», Т.Көмекбаев атындағы ауылдардағы азаматтардың аталары, аналары, №10, 12 ауылдардың сол кездегі Қожамжар Жүсіпов бастаған ауыл шаруашылығында қызмет еткендер «ұшжар құрылысына қарсы зиян келтірді», «егісті уақытында суармады», «мал басын кемітті», «мектепте оқушыларды ұлтшылдық рухқа тәрбиеледі» деген секілді айыптаулармен 1938 жылдың 3 шілдесінде қылмыстылар деп іс қозғайды. Олардың қатарында ауыл мұрабы Үбісұлтан Аяпов, Түпбөгет ұжшары басқармасының төрағасы Мырзатай Байсақалов, Ленин ұжшары төрағасының орынбасары Мәдір Дайрабаев, Ақжар ұжшарының басқарма төрағасы Тілеу Ерекешов, Ақжар ұжшарының басқарма төрағасы, мектеп директоры Әбзәли Егізбаев, ұжшар активтері Бұхарбай Есбаев, Тілеу Жұбаев, №10 ауылдық кеңес төрағасы, аудандық атқару комитеті қызметкері, ұйым басшысы Қожамжар Жүсіпов, «Өндіріс» ұжшары басқармасының төрағасы Нұржан Құтышов, мектеп оқытушысы Бисары Кентібаев, ұжшар активі Тебеген Қожаназаров, Ленин ұжшарының төрайымы Ақбала Күнтуарова, колхозшы Өмірбай Қаражанов, №12 ауылдық кеңесінің төрағасы Байділда Найзабаев және Егінші ұжшар басқармасының төрағасы Назар Тұрабаевтар болды. Бұл азаматтардың барлығы да халық жаулары деп табылып, революцияға, Кеңес үкіметіне қарсы, ұлтшыл ұйымның мүшелері, ауылда зиянды астыртын жұмыс ұйымдастырумен айналысқан деп айыпталды.
1939 жылы қаңтарда Қызылордада Ақдәулетовтің төрағалық етуімен сот мәжілісі өтеді. Айыпталушы 15 адамның ісін қарайды. Сот қорытындысында айыпталушылар Жүсіпов, Дайрабаев, Байсақалов, Аяпов, Ерекешов 58-баптың 2, 7, 11-тармағымен айыпталып, 15 жыл құлып асты, 5 жыл сайлау құқығынан айырылды. Егізбаев, Қаражанов, Құтышов, Қожаназаров, Кентібаев, Жұбаевтар 58-баптың 2, 7, 11-тармағымен айыпталып, 5 жыл сайлау құқығынан айырылған. Найзабаев, Тұрабаевтар 10 жыл құлып асса, 5 жыл сайлау құқығынан айырылған. Сотталғандар сол бетімен Шымкент қаласындағы түрмеге қамалып, алты айдай жатып, 1939 жылдың 27 шілдесінде жазасын өтеуге Владивостокке айдалды.
Осы жылдың 31 тамызында Қазақ КСР прокуроры Қазақ КСР Жоғарғы сотының үкімін қайта бұзып, істі қайта тергеуге жіберуге бақылау ретінде наразылық білдірген. Осыған байланысты 1939 жылы 21 қыркүйекте Қазақ КСР сот коллегиясы Алматыда Громовтың басшылығымен наразылықты қайта қарап, үкімді бұзып, істі қайта тергеуге жібереді. Оның қорытындысында айыпкерлер Аяпов, Байсақалов, Дайрабаев, Ерекешов, Егізбаев, Есбаев, Жұбаев, Жүсіпов, Құтышев, Кентібаев, Қожаназаров, Күнтуарова, Қаражанов, Найзабаев, Тұрабаевтардың іс-әрекеттерінде қылмыстық сипаты болмағандықтан ақтайды.
Ақталған, жазықсыз жаламен жапа шеккен бұл ата-бабамыздың, анамыздың тағдыры өте ауыр аяқталған. Ақбала Күнтуарова 1939 жылғы 6 маусымда Қызылорда түрмесінде ауыр азаптаудан көз жұмған. Нұржан Құтышов – үйленбеген 28 жаста болса, Өміртай Қаражанов осы жылы Владивосток, Мырзатай Дайрабаев Нагаева лагерінде қаза болған. Тебеген Қожамжаров пен Бұхарбай Есбаевтардың қаза болған орны белгісіз. Ал Әбзәли Егізбаев, Қожамжар Жүсіпов, Тілеу Жұбаев елге оралды. Әбзәли мен Қожамжар Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында ерлікпен қайтыс болды.
Бұл нәубеттен Сыр сүлейі, ақын атамыз Тұрмағамбет Ізтілеуов те жазықсыз жазаланып, халық жауы атанып, тұтқындалып, түрме азабынан науқасқа ұшырап, 1939 жылы өмірден озады.
«Қазақстанға үлкен террор 1937-1938 жылдары келді. 100 мыңға таяу адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, солардың төрттен бірі атылды. Республика 1931 жылдан бастап ГУЛАГ филиалына айналдырылды. Мұнда 20-дан астам лагерь орналастырылды, оған өзге де республикаларда сотталғандар да әкеліп қамалды. Жезқазғандағы Степлагта 17-18 мың, Песчаныйда 18-20 мың адам ұсталды» деп жазады академик Манаш Қозыбаев бір деректе.
«Жарты әріп, жалғаны жоқ жан достарым,
Сағындым сұлу Сырдың суын салқын.
Көктөбе, Жетіасар мен Жосалының,
Көремін құмын – күміс, тасын – алтын» деп, жауынгер-ақын Әбзәли Егізбаев жырға қосқан қасиетті еліміз аман болсын, ұрпағымыз бейбіт, бақытты ғұмыр кешсін. Зұлмат жылдары жапа көрген аталарымыздың әрқайсысы бір-бір тарих. Ол тарихты зерттеу, зерделеу болашақ ұрпақтың еншісінде.
Құндызай ДАЛДАБАЕВА,
Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының кітапханашысы