» » Ерлік рухы асқақтаған мереке

Ерлік рухы асқақтаған мереке


Еліміздің тыныштығы мен тәуелсіздігін сақтау – қай кезеңде де қасиетті міндет. Туған жердің тұтастығын қорғап, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету – ұлт руханиятының маңызды бөлігі. Әсіресе жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, ерлік пен елжандылық қасиеттерді сіңіру бүгінгі қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі болып отыр.
Осы орайда Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған «Ерлер – жердің қорғаны, елдің тұтқасы» атты салтанатты мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Тағылымы мол жиынға аудан ардагерлері, әскери сала өкілдері, мекеме қызметкерлері, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты кеш барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, жиналған қауымды қос мерекемен құттықтады.
– Бұл – халқымыздың ерлігі мен батырлығын ұлықтайтын ерекше мереке. Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Ел тыныштығы мен мемлекет қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға әрдайым құрмет көрсетілуі тиіс. Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері тәуелсіз еліміздің сенімді қорғанына айналды. Құрылғанына 34 жыл толған Қарулы Күштеріміз мемлекетіміздің айбынын асқақтатып келеді. Еліміздің ер азаматтары әрдайым абырой биігінен көріне берсін. Аспанымыз ашық, бейбіт өміріміз баянды болсын, – деді аудан әкімі.
Шара барысында ел игілігі жолында адал еңбек етіп жүрген және қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелері қатарында әскери қызметкерлер, құқық қорғау саласының мамандары, төтенше жағдай қызметкерлері мен түрлі сала өкілдері болды. Бұл – олардың ел алдындағы еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі.
Кештің көркемдік бөлімі де көпшілік көңілінен шықты. Сахна төрінде патриоттық әндер орындалып, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік пен елдік тақырыбын арқау еткен «Көптен күткен күн» тақырыбында театрландырылған көрініс ұсынылды. Өнерпаздардың шынайы орындау шеберлігі көрермендерге ерекше рух сыйлап, мерекелік кештің мазмұнын тереңдете түсті. Әсіресе өнерпаздардың орындауындағы патриоттық әндер мен соғыс жылдарындағы ананың, жардың, бауырдың тағдырын бейнелеген сахналық қойылым көпшіліктің жүрегіне әсер етті. Көрермендер батырлар рухына тағзым етіп, ел тыныштығының қадірін терең сезінді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері 1992 жылы құрылған. Ал 1993 жылдан бастап 7 мамыр ресми түрде «Отан қорғаушылар күні» ретінде бекітіліп, мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл күн – ел қорғаған ерлерге құрмет көрсететін, әскери қызметтің маңызын айшықтайтын тарихи мереке. Ал 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні майдангерлердің жанқияр ерлігі мен бейбіт өмір жолындағы қажырлы күресін ұлықтайтын тағылымы терең дата болып саналады.
Қос мерекені қатар ұлықтаған тағылымды жиын елдік рухты асқақтатып, патриоттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосты. Батыр бабалардың аманатына адал болып, ел тыныштығын күзетіп жүрген азаматтарға көрсетілген құрмет – тәуелсіздіктің қадірін арттыра түсері сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 мамыр 2026 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10502)

09 мамыр 2026 ж.

№33 (10501)

05 мамыр 2026 ж.

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 064
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 664

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031