Ұлы дала мұрасы – заманауи инновацияда

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды қазіргі заманғы технологиялармен ұштастыра отырып, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру және шығармашылық әлеуетін дамыту. Бұл бағыт бүгінгі білім беру жүйесінде аса өзекті болып отыр.
Іс-шараға аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенұлы қатысып, байқауға жиналған ұстаздарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ел дамуы үшін цифрландырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті. Осындай заманауи жабдықталған оқушылар үйінде ауқымды байқаудың ұйымдастырылуы – жасанды интеллектіні дамытуға жасалған нақты қадамдардың бірі. Қазіргі жастардың бойында тың идеялар жетерлік, сол себепті оларды қолдау – басты міндетіміз, – деді ол.
Байқау үш негізгі бағыт бойынша өткізілді. Бірінші бағыт – «Дәстүрден – дизайнға: Ұлы дала шеберлігі» атты қолөнер сайысы. Бұл кезеңде қатысушылар ұлттық қолөнер туындыларын заманауи дизайн элементтерімен үйлестіріп, ата-баба мұрасын жаңаша сипатта ұсынды. Көрмеге қойылған бұйымдардан ұлттық нақыш пен жаңашылдықтың үйлесімді байланысы анық байқалды.
Екінші бағыт – «Ұлы дала: технология және дәстүр» робототехника сайысы болды. Мұнда педагогтер инновациялық жобаларын ұсынып, робот техникасы мен STEM бағыты бойынша тың шешімдерін көрсетті. Қатысушылардың жобалары көрермендер мен қазылар алқасының ерекше қызығушылығын тудырып, заманауи білім беру үрдісінің даму қарқынын айқын көрсетті.
Ал үшінші бағыт – «Цифрлық мұра: жасанды интеллект және ұлы дала» кезеңінде қатысушылар жасанды интеллект негізінде әзірленген жобаларын таныстырды. Түрлі мобильді қосымшалар, чат-боттар мен цифрлық модельдер арқылы ұлттық мұраны сақтау және оны кеңінен насихаттаудың тиімді жолдары ұсынылды. Бұл жұмыстар дәстүр мен технологияның үйлесім таба алатынын дәлелдеді.
Байқауға білікті мамандардан құралған қазылар алқасы төрелік етті. Олардың қатарында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Нұржан Жакешов, «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директорының орынбасары Шынтас Қыдырәліұлы, IT-Park орталығының жетекшісі Жанболат Сәдібеков және GRAND master ЖШС директоры Алмат Қуанышбаев болды. Қазылар қатысушылардың жұмыстарын жан-жақты бағалап, әр жобаға кәсіби тұрғыда пікір білдірді.
Байқау қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар білім бөлімінің арнайы дипломдары және алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар «AMANAT» партиясы аудандық филиалы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ















