Ұлттық ойын дәріптелді

Заман көші алға жылжыған сайын көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеміз. Тіпті соңғы жылдары қарқын алған роботехника саласы да қазақиланып келеді. Олай дейтініміз, ұлттық ойындарды дәріптейтін роботтар пайда болуда. Жуырда ғана өзімізде осындай іс-шараның куәсі болдық.
Кент орталығындағы №183 орта мектепте аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен «Ұлы дала ойындары – 2025» тақырыбында мектеп оқушылары арасында роботтан аудандық чемпионат өтті. Бұл сайыстың басты мақсаты – ұлттық ойын түрлерінің мазмұнын түсіндіре отырып, робот арасындағы жарыстар түрінде көрсету. Қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастыру.
Байрақты бәсекеде 16 команда, 80-нен аса оқушылар бақ сынады. Бұл іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Үсенұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Мажитқызы, Ү.Томанов атындағы №183 мектептің директоры Гүлнар Исақызы қатысты. Қызықты, әрі тартысты өткен чемпионат ұлттық нақышта өрбіді. Ұстаздар мен оқушылар толықтай қазақы қамзолмен жиын сәнін келтірді.
Жарыс басында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Әділ Үсенұлы сайысқа қатысушыларға ыстық лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Сайыста оқушылар өздерінің роботехника мен бағдарламау дағдыларын көрсетті. «Робо теңге ілу», «Робо жамбы ату», «Робо қыз қуу», «Робо асық ату», «Робо арқан тартыс», «Робо күрес» номинацияларымен бақ сынасқан балалар ұлттық ойындардың ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік алды. Өнертапқыш оқушылар сайыс нәтижесіне орай жүлделі І, ІІ, ІІІ орындарды иеленіп, ««AMANAT» партиясының демеушілігімен дайындалған сыйлықтарға ие болды.
Ұлы дала құндылықтары біздің қоғамды біріктіретіні рас. Бұл жарыс қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастырып отыр. Оқушының танымы кеңейіп, бүгін мен өткенді байланыстырған бұл сайыс алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА