» » Дағды дәуірі: дипломның маңызы төмендеп бара ма?

Дағды дәуірі: дипломның маңызы төмендеп бара ма?


Осыдан он жыл бұрын ғана жоғары білімнің болмауы мансаптық жолға кедергі келтіретін фактор болып саналды. Ал бүгінде елдегі еңбек нарығы керісінше үрдісті көрсетіп отыр. Дәрежесіне қарамастан, көптеген мамандықтың табысы мен сұранысы артып келеді. Жұмыс берушілер түйіндеме жолының орнына практикалық дағдыларды, тұрақтылықты және тәжірибені көбірек іздейді. Бұл әсіресе қызмет көрсетуден бастап техникалық мамандықтарға дейінгі негізгі және қолданбалы мамандықтарда байқалады.
Жұмысқа орналасу үшін диплом қажет пе? Дипломы бар жастар неге жұмыссыз? Дағды дәуірі қалай дамуда? Саралап көрсек.

Таңдау таразысы

Рас, қазірде қалта томпайтар кәсіпті, тұрақты жұмыс пен бақуатты өмірді қаламайтын адам кемде-кем. Жасыратыны жоқ, сананы тұрмыс билегендей. Ақша көктен жаумайды. Әлбетте еңбектену керек. Жайлы жұмыс пен кәсіп қожайыны болмасаңыз табысты боламын деу бос сөз.
Бүгінде жақсы жұмыс оған төленетін жалақысына қарай өлшенеді. Соған сәйкес жастар да мамандығын таңдайды. Әсілінде мектеп бітіруші түлектің көбі «ақылы» негізде оқығысы жоқ. Ата-анаға салмақ салғысы келмей, грантқа түсуге талпынып, көңіл қалаған мамандығынан бас тартатын жағдай да жиі кездесіп жатады. Әрине, жақсы жұмыстың жалақысы да жоғары болатыны белгілі.
Әне-міне дегенше оқу жылы да аяқталады. Бітіруші түлектердің алдында «Кім боламын? Қайда барамын?» деген сан түрлі сауал тұр. Бүгінгінің жас буыны қандай мамандықты таңдағаны дұрыс? Қандай бағыт-бағдар керек? Міне, осы сұрақтар көптің көңілін күпті етіп отыр.
Мамандығы бойынша жұмыс істемеу – бүгінгінің басты мәселесіне айналған. Дипломын құшақтап, әр саланың есігінен сығалап жүрген жастар көп, бірақ жұмыс жоқ. Ең қажетті мамандықты оқыса, әрбір адамға жұмыс бірден табылар ма еді, кім білсін?! Мәселен, тігін фабрикасына тігіншілер жетіспейді, ауылдық жерлерге педагог мен дәрігер жетіспейді, ғимарат салуға құрылысшылар қажет, тағысын тағы.
Мұнан бөлек, бізде барлығын ҰБТмен байланыстырып қоятын жансақ түсінік бар. Құдды сол тестпен бәрі шешіліп кететіндей. Тестілеуден кейін де өмір жалғасады. Сондай-ақ, табысқа жетуде ҰБТ-ның кей сәттерінің маңызы да болмай қалады. «Әрбір жас мамандық таңдау кезінде мына 3 негізгі сұрақты өзіне қойса жеткілікті. «Нені қалаймын?», «Қолымнан не келеді?», «Еңбек нарығына не қажет?». Міне, осылар адам өмірінің бағытын айқындап, табысқа жеткізіп, қоғамға пайдасын тигізеді.

Жанға батқан жалақы

Таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етіп, ай соңында алған табысы күнкөрістен артылмайтын жандар аз емес. Жалақы – тек табыс көзі ғана емес, ол адамның еңбегіне берілген баға. Ал сол баға әділ болмаса, бұл тек қалтаға емес, көңілге де салмақ түсіретіні бар.
Жоғары оқу орнын бітіріп шыққан жастар үлкен үмітпен жұмыс іздейді. Алайда тәжірибенің жоқтығы немесе бос орындардың аздығы олардың лайықты жалақы табуына кедергі келтіреді. Нәтижесінде кейбірі өз мамандығынан тыс жұмыс істеуге мәжбүр болады немесе шетелге кетуді ойлайды.
Иә, жастар жалақысы төмен жұмысқа барғысы жоқ. Себебі де жоқ емес. Дәл бүгінгі қоғамда табысты болу жоғары бедел саналады. Жасы да, кәрісі де әлеуметтік желіде отырады. Сондағы табысты адамдарды көріп, өзіне мотивация алады. Тоқетеріне келгенде, сіз бен біз көріп жүрген табысты адамның дипломы сандықта жатыр. Олар ақша табу үшін дипломның қажеттілігі жоқтығын алға тартады.
Дипломсыз жетістікке жету мүмкін емес деген ойдан арылып, сол қағазсыз да талай шыңды бағындырып, танымал болғандар көп. Айталық, Билл Гейтс, Марк Цукерберг, Стив Джобс, Коко Шанель, Джим Кери сынды әлем мойындаған тұлғалардың бір де бірінде диплом жоқ. Ал сол білімнің соңына түсіп, қос-қостан мамандық алғандардың көбі бүгінде өзге салада еңбектеніп жүр.

Диплом бар, жұмыс жоқ

Иә, қазір диплом алып жатқан жастар көп. Әйтсе де олардың кейбірі алған біліміне сәйкес жұмысқа орналаса алмай жүр. Себеп қандай? Өйткені түлек әу баста мамандық таңдаудан қателеседі. Біріншіден, мамандық таңдауға мүмкіндік берілмеген. Көп жағдайда ата-ана шешім шығарады, баланың дәрігер, мұғалім не заңгер болғанын қалайды. Ол бұл мамандықты игеріп шыға алады ма, көңілі қалап тұр ма бас ауыртпайды. Ал жаны қаламаған дүниені бала ары қарай алып кете алмайды. Статистикаға сүйенсек, жоғары білімді мамандардың 60 пайыздан астамы алған біліміне сәйкес жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Мемлекет қажетті мамандықтарға оқу грантын көп бөледі. Әйтсе де бітіруші түлектердің жұмысқа орналасу жайы жеткіліксіз болып тұр.
Осы арада тұрмыстық мәселені де айта кету керек. Бірінші кезекте, тегін оқу деген түсініктің болуы. Мемлекеттік грантқа түсу керек дегенді баланың жадына сіңіріп қоямыз, я болмаса оқу ақысы арзан, ортаңқол оқу орнын таңдауға мәжбүр болады. Бұл қазіргі көп отбасындағы жағдайдың бірі.
Осылайша оқуды әупірімдеп бітіреді де, дипломды сандыққа салып қояды. Сөйтіп, мамандығынан мақұрым тағы бір маман диплом алып шығады. Жас маманның келесі кезектегі мәселесі – жұмысқа орналасу. Амалсыз дипломды маман болған жастың енді жұмысқа да құлқысы жоқ. Содан келе талай жанның дипломы сандықта шаң басып жатыр. Баяғыда құнды болған солбір қағаздың қазірде құны азайып бара ма қалай өзі?!
Жастар мектеп бітіре салып ЖОО-на түсіп, диплом алуға асықпайды. Керісінше, өз икемділігіне қарай күнкөріс көзіне айналған бір саланы меңгергісі келеді. Қоғам өміріне етене араласып, бизнеске бейімделуді қалайды. Еуропа елдерінде бұрыннан бар осы үрдіс біздің елдің жаңа толқынына да әсер етіп жатқандай.

Дағдыға баса мән бере бастады

Қазіргі қоғам қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Технология дамыған сайын еңбек нарығына қойылатын талаптар да жаңарып келеді. Бұрын жоғары оқу орнын тәмамдап, қолыңа диплом алу – тұрақты жұмыс пен табысты өмірдің кепілі саналды. Ал бүгінгі күні бұл қағида біртіндеп өз күшін жоғалтып бара жатқандай. Себебі жұмыс берушілер енді қағаздағы біліктілікке ғана емес, нақты дағды мен тәжірибеге басымдық бере бастады. Қазіргі еңбек нарығында ең жоғары бағаланатын нәрсе – дағды. Бағдарламалау, дизайн, маркетинг, тіл меңгеру, коммуникация, сыни ойлау сияқты қабілеттер адамды бәсекеге қабілетті етеді.
Бүгінде көптеген компаниялар қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның дипломына емес, нақты не істей алатынына назар аударады. Мысалы, жақсы портфолиосы бар дизайнер немесе нақты жобаларды жүзеге асырған бағдарламашы дипломсыз-ақ жоғары табыс таба алады.

Қоғамдағы көзқарас қалай өзгеріп жатыр?

Қазіргі жастар арасында «алдымен тәжірибе, кейін диплом» деген ұстаным қалыптасып келеді. Көпшілігі оқумен қатар жұмыс істеп, өзін әртүрлі бағытта сынап көруге тырысады. Жұмыс берушілер де икемділікке, жылдам үйренуге, жаңа жағдайға бейімделуге қабілетті адамдарды жоғары бағалайды. Бұл – дәстүрлі дипломнан гөрі дағдының маңыздырақ бола бастағанының белгісі.
Дағды дәуірінде дипломның маңызы бәсеңдегенімен, ол толықтай қажетсіз болып қалған жоқ. Екеуі де маңызды. Диплом – теориялық негіз берсе, дағды – сол білімді өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Ең тиімді жол – осы екеуін ұштастыру. Сонда ғана адам еңбек нарығында өз орнын тауып, табысты бола алады.

Түйін

Сөз соңында айтпағымыз мынау. Екі қолға бір күрек табылады. Бірақ білім мен қабілет тасада қалмауы қажет. Жетістікке жеткен адамдарға қарап, жетістіктің кілті жоғары оқу орнын тәмамдауда емес, шынайы білім мен ізденісте, өзіңді жетілдіруде екендігіне көз жеткізесіз. Өзін қамшылап, арманға қарай әрекет қылғандар үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Сол себепті дипломды да алып, қосымша түрлі дағдыны меңгерген абзал.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
05 мамыр 2026 ж. 91 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10501)

05 мамыр 2026 ж.

№32 (10500)

01 мамыр 2026 ж.

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 3 041
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 645

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031