» » Жолдағы тәртіп – қауіпсіздік кепілі

Жолдағы тәртіп – қауіпсіздік кепілі


Соңғы уақытта Қазақстанда автокөлік жүргізушілері арасында бұрын-соңды болмаған қозғалыс байқалды. Дәріхана мен автоқұралдар сататын дүкендердің алдында кезек көбейіп, дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және апаттық тоқтау белгілеріне деген сұраныс күрт артты. Бұған басты себеп – жол-патрульдік полициясының күшейтілген тексерістері. Алайда бұл құбылысты тек айыппұлдан қашудың амалы деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – қоғамдағы жол қауіпсіздігі мәдениетінің біртіндеп қалыптасып келе жатқанының айқын көрінісі.
Ішкі істер органдарының мәліметінше, еліміздің бірнеше өңірінде жүргізілген рейдтер барысында бір күннің өзінде 1500-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталған. Бұл көрсеткіш жүргізушілердің арасында әлі де болса жауапкершіліктің толық қалыптаспағанын аңғартады. Дегенмен, жаппай тексерістерден кейін халықтың қауіпсіздік талаптарына назар аудара бастауы оң өзгерісті көрсетуде.
Қазіргі таңда көлік жүргізушілері арасында ең көп талқыланып жатқан мәселе – автокөлікте міндетті түрде болуы тиіс қауіпсіздік құралдары. Заң талаптарына сәйкес, әрбір жүргізуші көлігінде үш негізгі құралды алып жүру міндеттелді, яғни дәрі қобдишасы, өрт сөндіргіш және апаттық тоқтау белгісі. Бұл талаптар тек формальды ереже емес, нақты өмірде адам өмірін сақтап қалуға бағытталған маңызды шаралар.
Біріншісі, дәрі қобдишасы. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған ең маңызды құралдардың бірі. Оның құрамы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен арнайы тізімге сай болуы тиіс. Атап айтқанда: 3% сутегі тотығы ерітіндісі, стерильді және стерильді емес бинттер, медициналық салфеткалар, қан тоқтатқыш ширақ (жгут), жабысқақ пластырь, медициналық қолғап және қайшы. Маңыздысы – жарамдылық мерзімінде, яғни 5 жылға дейін. Бүгінде жол сақшылары дәрі қобдишаның тек бар-жоғын ғана емес, толықтығы мен мерзімін де тексереді.
Екіншісі, төтенше жағдай орын алғанда өмірді құтқаратын өрт сөндіргіш құрал. Оны сатып аларда немесе таңдағанда манометрі жұмыс істеп тұрғанын, пломбасы бұзылмағанын және қысымы қалыпты екенін тексеру қажет. Өрт тек өз көлігіңізде ғана емес, айналадағы басқа көліктерде де болуы мүмкін. Сондықтан бұл құрал – өзара көмек мәдениетінің де белгісі.
Үшінші міндетті құрал – апаттық тоқтау белгісі. Бұл белгі жолда қалған немесе жол-көлік оқиғасы болған жағдайда басқа жүргізушілерге ескерту үшін қойылады. Оның жарық шағылыстыратын қасиеті қараңғы уақытта ерекше маңызды. Көп жағдайда дәл осы қарапайым құрал ірі апаттардың алдын алуға көмектеседі.
Соңғы уақытта жүргізушілер арасында жарық шағылыстыратын жилетке қатысты сұрақтар да жиілеп кетті. Бұл элемент те қауіпсіздік талаптарының бір бөлігіне айналып отыр. Әсіресе, тасжолда немесе қараңғы уақытта көліктен шығуға тура келген жағдайда жилет жүргізушіні алыстан көрінетін етеді. Бұл тәжірибе Еуропа елдерінде бұрыннан қолданылып келеді және өзінің тиімділігін дәлелдеген. Қазақстандағы логика да дәл сондай жүргізушіні көрінетіндей ету және қағып кету қаупін азайту.
Алайда сұраныстың артуымен қатар нарықта бағаның негізсіз өсуі де байқалуда. Кейбір кәсіпкерлер жағдайды пайдаланып, қауіпсіздік құралдарын бірнеше есе қымбатқа сатуда. Бұл – тұтынушылар құқығын бұзатын және қоғамдағы сенімге селкеу түсіретін әрекет. Сарапшылар мұндай жағдайда мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін алға тартады.
Заң талаптарына сәйкес, аталған құралдар көлікте болмаған жағдайда жүргізушіге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 21 625 теңге. Дегенмен, мәселе айыппұлда емес. Ең бастысы – адамның өмірі мен денсаулығы.
Жол – ортақ кеңістік. Онда әрбір жүргізушінің әрекеті өзгелердің қауіпсіздігіне әсер етеді. Сондықтан көлік жүргізу мәдениеті тек ережені сақтау емес, жауапкершілікті сезіну, өзгеге құрметпен қарау және қауіптің алдын алу дағдысын қалыптастырудан тұрады.
Егер әрбір жүргізуші жолға шығар алдында тек құжаттарын ғана емес, қауіпсіздік құралдарын да тексеруді әдетке айналдырса, бұл еліміздегі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
28 сәуір 2026 ж. 47 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10499)

28 сәуір 2026 ж.

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 979
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 608

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930