» » ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

ТІЛ МӘСЕЛЕСІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Ауданда мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қоғамдағы рөлін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның бір айғағы – жақында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Мемлекеттік тілдің маңызы мен қоғамдағы рөлі» атты дөңгелек үстел отырысы.
Жиынның мақсаты – халыққа Конституцияның негізгі қағидаларын түсіндіру, өңірдегі көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің мемлекеттік тілде сауатты қолданылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнама талаптарының сақталуын талқылап, тәжірибе алмасу болды.
Отырысты «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раеважүргізді. Ол өз сөзінде Конституцияның негізгі қағидаларын насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік тілдің қоғамдық кеңістіктегі қолданыс сапасын арттыру – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар, тілдің тек қатынас құралы ғана емес, ұлттық болмыстың өзегі екендігін ерекше жеткізді.
Келесі кезекте аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы Ақниет Бердіғалиев баяндама жасап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы нақты жұмыстарға тоқталды. Ол көрнекі ақпараттардағы мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы мен заң талаптарының орындалуы туралы жан-жақты мәлімет берді.
– Мемлекеттік тіл саясаты – ұлттық саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл мәселеге ерекше назар аударып, тілдің қолданылу аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен. Сондай-ақ қазақ тілін ғылым мен білімнің тіліне айналдыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деді ол.
2021 жылдың 29 желтоқсанында «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ерекше маңызға ие. Аталған өзгерістерге сәйкес, барлық көрнекі ақпараттарды ең алдымен мемлекеттік тілде жазу міндеттелді. Қажет болған жағдайда ғана өзге тілдерде берілуіне мүмкіндік бар. Бұл талап – тіл мәдениетін қалыптастыру мен қоғамдық ортадағы тіл тазалығын сақтаудың маңызды тетігі.
Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап аудан әкімдігіне қарасты барлық ұйымдар мемлекеттік тілдегі құжат айналымы бойынша есеп беруді бастаған. Бұл да – мемлекеттік тілдің ресми саладағы үлесін арттыруға бағытталған нақты қадам.
Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында жүргізілген мониторинг нәтижелері бұл бағыттағы оң өзгерістерді айқын көрсетті. Аудан бойынша тіркелген 18 254 кіріс құжатының 18 045-і мемлекеттік тілде рәсімделген. Бұл – 99 пайыздық көрсеткіш. Ал 8 045 шығыс құжатының 7 805-і қазақ тілінде жолданған, яғни 97 пайызды құрайды. Бұл деректер мемлекеттік тілдің ресми айналымдағы үлесі жылдан-жылға артып келе жатқанын дәлелдейді. Алайда бұл жұмыстар толығымен 100 пайызға орындалу керек.
Жиын барысында тіл мәселесіне қатысты өзге де қатысушылар пікір білдіріп, ойларын ортаға салды. Қазақ тілі қоғамы аудандық филиалының алқа мүшесі Шегебай Құндақбайұлы жаңа Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қайта бекітілуінің тарихи маңызына тоқталды. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің бастауыш ұйым төрайымы Қаршыға Жанбалаева, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторының орынбасары Ерсін Сәдуұлы тіл мәдениетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаров жастар арасында қазақ тілінің қолданысын арттыру бағытындағы жобалар туралы айтып, тілдің болашағы – жас буынның қолында екенін жеткізді. Ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Жауқазын Әліпбаева бөлімде іс-қағаздар мемлекеттік тіл аясында жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
Мемлекеттік тіл – елдіктің негізі, ұлттың айнасы. Сондықтан мемлекеттік тілдің тазалығын сақтау, оның дұрыс қолданылуын қадағалау – баршаның міндеті.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
13 сәуір 2026 ж. 45 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№26 (10494)

11 сәуір 2026 ж.

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 866
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 530

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930