Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі – ел тәуелсіздігінің тұғыры
Тіл – халықтың рухани байлығы, ұлттың болмыс-бітімін айқындайтын басты құндылық. Сондықтан тіл мәселесі – кез келген мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар тақырып. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты айқындап, оның қоғам өміріндегі орнын заң жүзінде бекітіп отыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағына сәйкес,
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі».
Бұл бап мемлекеттік тілдің еліміздегі біртұтас ресми қатынас, заң шығару және іс жүргізу тілі екенін айқындайды. Сонымен қатар, Конституцияда орыс тіліне де ресми мәртебе беріліп, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылатыны көрсетілген.
Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі тек атау деңгейінде емес, нақты құқықтық және институционалдық тетіктермен қамтамасыз етіледі. Бұл бағытта қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң (1997 ж.) мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылу аясын кеңейтуге құқықтық негіз болды.
Қазіргі таңда мемлекеттік тіл сот саласында да кеңінен қолданыс табуда. Істердің басым бөлігі қазақ тілінде қаралып, сот құжаттары мен шешімдері мемлекеттік тілде ресімделуде. Бұл – тілдің мәртебесін арттырумен қатар, азаматтардың құқықтарын өз ана тілінде жүзеге асыру мүмкіндігін кеңейтеді.
Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесін сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір азаматтың борышы. Тілді құрметтеу – елдің тәуелсіздігін, ұлттық бірлігін және рухани тұтастығын құрметтеу деген сөз.
Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасының егемендігі мен бірлігінің символы. Оның құқықтық мәртебесін нығайту – әділетті қоғам мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды шарты.
                                                            Г.Нурдилдаева,
                                                            Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы
		















