ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ ТӘРТІП – БАСТЫ ТАҚЫРЫП
Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқықтарының сақталуына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев төрағалық етті.
Комиссия отырысының күн тәртібіне үш маңызды мәселе енгізілді. Алғашқы мәселеде Қармақшы аграрлы-техникалық колледжі директорының міндетін атқарушы Әбдікәрім Жұбатқанұлы оқу орнында студенттер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, колледжде тәрбиелік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, жастарды заңға бағынуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға баулу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған бірқатар міндет те белгіленіп, олардың тиімді жүзеге асырылуы қажеттігі айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарының сақталуына арналды. Бұл бағытта аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғабит Баймұратұлы баяндама жасап, әлеуметтік қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашы ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау басты назарда екенін атап өтті.
Ал үшінші мәселе бойынша №106 орта мектеп директоры Индира Жанайдарқызы білім беру ұйымдарындағы білім сапасын арттыру және оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстары туралы кеңінен баяндады. Ол өз сөзінде оқушылардың үлгерімін жақсарту, тәртіп пен жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ ата-анамен байланысты нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Жиын барысында Диас Молдабаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту, барлық жауапты мекемесінің өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар тиісті мекемелер мен ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

















