» » МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙҒАН АУЫЛ

МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙҒАН АУЫЛ

Қазіргі алмағайып кезеңде жеке мүлікті немесе малды ұры-қарыдан сақтау оңай емес. Әсіресе ауылдық жерлерде мал ұрлығы тұрғындарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі болып отыр. Біреудің адал еңбегімен жиған малын ұрылар әкетіп, ауылдың берекесін қашырып жататын жағдайлар да аз кездеспейді. Алайда ел болып жұмылса, кез келген қиындықтың алдын алуға болатынын Қармақшы ауылының тұрғындары дәлелдеп отыр. Соңғы үш жыл бойы бұл ауылда мал ұрлығы тіркелмеген. Соның арқасында елді мекен «қылмыссыз ауыл» атанып, көпшілікке үлгі болуда.
Ауданға қарасты Қармақшы ауылы – берекесі мен бірлігі жарасқан ауылдардың бірі. Мұнда тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Сондықтан малдың амандығы – ауыл халқы үшін ең маңызды мәселе. Бұрындары сырттағы малдың жоғалуы, ұры-қарының әрекеті ауыл тұрғындарын жиі алаңдатқан. Біреудің сиыры жоғалса, енді біреудің жылқысы табылмай жататын жағдайлар да болған. Осындай келеңсіздіктер ауыл халқын алаңдатып қана қоймай, тұрғындарды бірлесіп әрекет етуге итермеледі.
Ауыл әкімі Аязбек Тайжанұлының айтуынша, соңғы үш жылда ауылда мал ұрлығы мүлде тоқтаған. Бұл – ауыл тұрғындарының бірлігі мен жүйелі жұмысының нәтижесі.
– Мал ұстап жан бағу – ауылдағы күн көрістің негізгі бөлігінің бірі. Бұрын сырттағы малға ұры түсу фактілері жиілегені рас. Біреудің сиыры, біреудің жылқысы жоғалып, ауыл ішінде алаңдаушылық пайда болды. Сол кезде ауылдың үлкендері, ақсақалдар бас қосып, мәселенің түйінін бірлесіп шешуді қолға алды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Таңбаев ағамыз ақсақалдар алқасын ұйымдастырып, тұрғындарды бірлікке шақырды. Содан кейін ауыл халқы кезекпен малды күзетуді қолға алып, сырттағы малға жауапкершілікпен қарады. Нәтижесінде мал ұрлығы толықтай тоқтады, – дейді ауыл әкімі.
Расында да, ауылдағы бірлік пен ынтымақтың арқасында қылмыстың алдын алуға болатынын Қармақшы ауылының тәжірибесі көрсетіп отыр. Мал иелері өз малдарын қараусыз қалдырмай, кезекшілік арқылы күзет ұйымдастырады. Бұл өз кезегінде ұрыларға тосқауыл болуда.
Ауылдағы қоғамдық тәртіптің сақталуына учаскелік полиция қызметкері Жарқынбек Тұрарұлы да үлкен үлес қосып келеді. Ол бір жылдан астам уақыттан бері ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алу бағытында тынбай еңбек етіп жүр. Учаскелік полиция қызметкерінің айтуынша, қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Жарқынбек Тұрарұлы күнделікті қызметінде тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қылмыстың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың жолын кесу, интернет алаяқтықтан сақтандыру, мал ұрлығының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – оның негізгі міндеттерінің бірі.
Тәртіп сақшысы ауыл ішінде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Әсіресе соңғы уақытта жиілеп кеткен интернет алаяқтыққа қатысты тұрғындарға ескерту жасап, сақ болуға шақырады. Сонымен қатар жасөспірімдермен кездесулер өткізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да көңіл бөлуде.
– Қоғамдық тәртіптің сақталуы – ең алдымен тұрғындардың жауапкершілігіне байланысты. Ауыл тұрғындары құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істесе, көптеген құқықбұзушылықтың алдын алуға болады. Қармақшы ауылында тұрғындардың ұйымшылдығы жоғары. Сондықтан соңғы жылдары мұнда қылмыс тіркелмей келеді, – дейді полиция инспекторы, аға лейтенант Жарқынбек Тотайбеков.
Қармақшы ауылының тәжірибесі – басқа ауылдарға да үлгі болатын бастама. Қылмыстың алдын алу үшін тек полицияның жұмысына ғана сеніп отырмай, тұрғындардың да белсенді болуы маңызды. Бірлік пен жауапкершілік болған жерде тәртіп те, қауіпсіздік те сақталады.
Халық пен құқық қорғау органдарының өзара сенімі мен тығыз байланысы – қоғам тыныштығының кепілі. Қармақшы ауылы осының жарқын дәлелі болып отыр. Бірлігі бекем елде береке бар десек, қылмыссыз ауыл – соның айқын көрінісі.
Ерсін СӘДУҰЛЫ

19 наурыз 2026 ж. 53 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 659
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 420

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031