» » ӨНЕГЕЛІ ӨМІР – ӨШПЕС МҰРА

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР – ӨШПЕС МҰРА

Ана – қасиетті сөз. Мына жарық дүниеге қандай жақсылық болсын, соның барлығы да анаға қарата айтылып, анаға теңеледі. Оның себебі де жоқ емес. Баланы өмірге әкелгеннен есейіп кеткенге дейін де перзентінің тілеуін тілеп, қамқорын соғып отыратын да осы ана. Аналар тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның да ұйыстырушысы. Елге елеулі қызмет етіп, артынан өшпестей із қалдырған сондай аналарымыздың бірі – Қармақшы ауданының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысына теңестірілген соғыс ардагері, көпбалалы ана, ақын, ұстаз Пал Баймаханова.
Апамыз 1926 жылы бұрынғы Төрткүл елді мекені, қазіргі Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. 1941 жылы жеті сыныпты үздікке бітіріп, аудандық оқу бөлімі жанындағы мұғалімдер дайындайтын үш айлық курста білім алады. Еңбек жолында «Қызыл әскер» мектебінде алғашқы оқытушылық қызметін бастап, оқу-тәрбие саласына араласады. 1941-1946 жылдары жетіжылдық «Комсомол» мектебінің оқытушысы болса, одан соң аудандық комсомол, партия комитеттерінде 1963 жылға дейін нұсқаушы, бөлім меңгеруші, хатшы сынды қызметтер атқарады. Оның жұмысқа деген жауапкершілігі, адалдығы мен істегі тындырымдылығы, ұжымды ұйымдастыра білуі – басшылық назарына түсіп, әркез қызметте көтеріліп отырды. 1963-1980 жылдар аралығында аудандық тұтынушылар одағында кадр бөлімі жөніндегі орынбасар, одан кейін алты жыл №26 жұмысшы шаруа жастарының кешкі орта мектебіне директорлық еткені – сөзімізге дәлел бола алады. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келсе де, қиындыққа мойымай қайта сол қиыншылықтар өрімдей жасты ширата түскендей еді. Білім алып, оқу оқуды жастайынан армандаған оның бұл арманы да өзінің еттірлігімен, пысықтығының арқасында орындалған-ды. «Қайтсем де оқимын, өсемін, еліме қызмет етемін» деген арман-аңсары оны алдамады. Кәсіби өсу мақсатында екі бірдей дипломға ие болды. Бірі – мұғалімдер даярлайтын Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищесінде білім алса, бірі – Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты ойдағыдай бітіріп шықты.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен анамыздың үлгілі істері көпшілік ортада жиі айтылып жүреді. Ол жайында: «Пал апамыздың елден ерекшелендіріп тұратын қасиеті – батылдығы мен көппен тіл табыса білетіні. Қай ортада да жай сөйлей салмай, жүйесімен, орнымен сөйлеп, тыңдаушысын баурап алып кететін. Көп оқитыны мен ізденетіні, батылдығы, әсіресе әдебиетке жақын өскені – сөйлеу мәнерінің шұрайлылығы мен тіл байлығын көрсететін. Жүрген ортасында жақсы әңгімесін айтып, салиқалылық танытатын» деп замандастары еске алса, қоғам қайраткері, ауданымыздың құрметті азаматы, бірнеше кітаптың авторы Нұртілеу Салықов ағамыз П.Баймаханова жайында өзінің «Тереңнен тін тартқан тектілер» кітабында ол кісімен қалай танысқаны жөнінде әңгімелейді. «Өткен ғасырдың 1970 жылдары комсомол жұмысында жүргенімде «Қызылқұм» өңірінде сол кездің дәстүрі бойынша шопандардың жазғы слеті өткізілетін болып, «Қарақ» тауының етегіндегі өтетін сол шопандар слетін өткізудің дайындық жұмыстарын жүргізуге менің барғаным бар. Күн өте ыстық, маусым айы болса керек. Біз барғанда ол жерде ештеңе көрінбеді. Әлі үйлер тігілмеген мәдениет, сауда, денсаулық сақтау, тағы да басқа аудандық мекемелер енді келе бастаған секілді. Бір үлкен өсіп тұрған сексеуіл ағашының басына көлеңке жасау үшін палатка жабылған, оның көлеңкесінде аққұба өңді, орта бойлы сөзі жинақы, айтқан тапсырмалары мірдің оғындай, келімі келген бір апа кісілермен бірге сексеуіл көлеңкесінде отыр екен. Біз де қайнатылған шай жабдықталып жатқанда келіп жетіп, сәлемдесіп, далада жайылған дастарқан шетіне жайғастық. Ортада отырған апа басқа кісілерді тәртіпке шақыра отырып, біздің берген сәлемімізді жылы қабылдап, «көп жаса, бақытты болыңдар, қарақтарым» деп, батасын бере отырып, біздің кім екенімізді, қай мекемеден келгенімізді сұрауды ұмытпады. Менің қасымдағы бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан жасы үлкен ағалар өздерін таныстырып болып мені аудандық комсомол комитетіне жаңадан келген бөлім меңгерушісі деп таныстырды да, аты-жөнімді, қай ауылдан келгенімді қоса айтып жеткізді. Сол-ақ екен жаңағы ортада отырған апа «Ой шырағым, келешегің мол болсын, бақытың өрлей берсін, талабың таудай болсын» деп батасын шұбырта бере бастап, өзінің де қиын кезеңдерде осы аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып жұмыс жасағанын есіне алды. Мен бұл кісінің жүрекжарды жақсы ықыласын шын көңілінен берген батасын шын жүрегімнен қабылдап, өзімнің болашағым үшін жақсыға жорығанымды қалай жасырайын. Бұл кісінің аудандық тұтынушылар қоғамының кадр жөніндегі орынбасары Пал Баймаханова апамыз екенін қасымдағы кісілерден білгенім де есімде қалды».
Пал анамыздың айта кетерлік қыры – ақындығы, көркемсөз шеберлігіне деген зор құрметі. Оның ақындық қасиеті туралы да Нұртілеу ағамыздың мақаласында қамтылып өтеді. «Ата-бабамыз ежелден аналарды әсемдік тәңіріне балап, өнбойына имандылық пен инабаттылық ұялаған парасат иесі ретінде биікке көтерген. Отбасының бүтіндігін, елдің бірлігін ойлайды. Оларды тіршіліктің гүлі, жарқын өмірдің нұры, шаңырақтың жарығы, отбасының береке-құты дейміз. Ана келешек ақ босағаның тірегі, алтын арқауы. Қай заман, қай кезеңде де, аналар халықтың бірлігін, отбасының берекесін сақтаған киелі кісілер. Олай болса, осы аталы да қастерлі қасиеттер Сыр бойындағы дүр ақындардың жырларын кішкентайынан құлағына құйып, санасына сіңіріп, өмірден көрген-білгендерін өлең жолдарымен түйіндеп өскен Пал Баймаханова апамыздың бойынан табылатынын сезініп, қуана, жарыса айтатынымыз жасырын емес. Осындай қиындығы мен қызығы мол жұмыстармен қатар, отбасының берекесін кіргізіп, елдің бірлігін, бала тәрбиесін, ағайын-туыс, дос-жаранның бірлігін сақтай жүріп, қолынан қаламын түсірмей әр кезеңді уақыттарды өлеңмен өрнектеп келе жатқан ақын апа демеске амалымыз жоқ» дейді оның ақындық өнеріне зер салып.
Ақын ана салада жүрген өзінің ақын-жырау ағалары мен інілеріне, апалары мен сіңлілеріне өлеңдер арнайды. Атап айтқанда, белгілі өнер зерттеушісі, этнограф ғалым Мардан Байділдаевқа:
«Қош келдіңіз, бауырлас Мардан аға,
Жүзден озып жүлдені алған аға.
Жарқыратып Тұрекеңнің еңбегін паш еттіңіз,
Енді жоқ жүрегімде арман, аға.
Өнерде озып едің сардар аға,
Ағаның жолы жарқын мөлдір таза.
Ойымды осылайша білдіремін,
Құптар деп тілегімді абыз аға», – деп толғанса, өнердегі сіңлісі, жырау Шамшат Төлеповаға мына өлең шумақтарын жолдайды.
«Жан дүниесін тебірентіп даланың,
Мұңын жырлап сазға қостың заманның.
Зұламатты елім бастан өткізген,
Жанның мұңын жеткіздің ғой ғаламның.
Жыр гауһарын өз халқыңа арнадың,
Орындалды ойға алған арманың.
Жыраулардың мақамдарын сызылтып,
Жас ұрпаққа мұра етіп жалғадың».
Ал «Тәуелсіздік» жайлы өлеңінде:
«Тәуелсіздік аңсап күткен нұр күнім,
Шексіз тәубе бір Аллаға дәл бүгін.
Туған елім құтты болсын баршаңа,
Тойлап жатқан Тәуелсіздік күндерің.
Еншілеген ата-бабам мұрасын,
Сақтап қалу болашағым саған сын.
Ел іргесін шегелесең бірлікпен,
Мәңгілікке егемен болып қаласың», – деп өнегелі ой қорытып, жас ұрпаққа зайырлы сөз қалдырады.
Ұлағат иесінің елге еткен қызметі, жасаған үлгілі істері елеусіз қалмады. Ол Ұлы Отан соғысына теңестірілген соғыс ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағының иесі болса, 1941-1945 жылдары «Еңбектегі ерлігі үшін», сондайақ бірнеше жеңіс медалімен марапатталған.
Кейін келе зейнеткерлік демалысына шықса да, қоғамдық ортада іс-шараларға, кездесулерге қатысып, аналық, даналық сөздерімен халқын ұйыта білді. Қаламгер ретінде жүрегінен жарып шыққан жырларын топтап кітаптар шығарды. Ардақты жан ғибратты ғұмырында ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан немере-шөберелер сүйді.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
17 наурыз 2026 ж. 98 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№20 (10487)

17 наурыз 2026 ж.

№19 (10486)

14 наурыз 2026 ж.

№18 (10485)

07 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 645
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 413

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031