ҰМЫТЫЛМАС ЕРЛІК ҰРПАҚ ЖАДЫНДА
1941-1945 жылдар аралығындағы сұрапыл соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі ұлы ерлікке толы кезеңнің бірі. Бұл соғыста Кеңес Одағының барлық халқы сияқты қазақ ұлтының өкілдері де Отан үшін отқа түсіп, ерліктің ерен үлгілерін көрсетті. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, Кеңес әскерінің қатарына шақырылған 1 млн 200 мың қазақстандықтың қатарында біздің ауданнан 5 мыңға жуық жауынгер сұрапыл соғысқа аттанған. Олардың 2507-сі хабарсыз кетсе, 1205-і соғыстан оралмаған боздақтар қатарына енген. Елге аман-есен оралғандары соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жұмыстарында бейбіт заманның еңбеккерлеріне айналды.
Сондай жауынгердің бірі, жерлесіміз – Қаппар Әлиев. Ол 1919 жылы Жосалы қыстағында дүниеге келген. 1930- 1936 жылдары ауданға қарасты «Бестам» мектебінде жетіжылдық білім алып, 1936-1939 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық училищесін тәмамдап, «Ақбел» мектебінде бастауыш сыныптарда мұғалімдік қызмет атқарған. 1939 жылдың 10-қарашасында Кеңес әскері қатарына шақырылып, сол жылы Ашхабад қаласына полк басқаратын кіші командирлер даярлайтын курсқа жіберіледі және оны 1940 жылы мамырда аяқтайды. Әрі қарай Қырғыз Республикасының Фрунзе қаласында жаяу әскер училищесінде оқып, 1942 жылы қаңтарда аяқтап, лейтенант лауазымын алады. 1942 жылдың ақпанынан бастап Ұлы Отан соғысына аттанады. Соғыс майданына келісімен 151 атқыштар полкіне рота, взвод командирі, кейін Украин майданының танк-десанттық ротасының командирі болған. 1942-1944 жылдары екі рет жарақат және 1945 жылы контузия алып, Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі атанған. Соғыста Брянск, Сталинград және 1-украиндық бағыттағы шайқастарға қатысып, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен «Соғыстағы ерлігі үшін», «Сталинградты қорғау», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған. Елге запастағы аға лейтенант шенімен 1946 жылы қазанда оралады. 1946 жылдан бастап 1956 жылға дейін ауданымыздағы №4 жетім балалар үйінің директоры, комхоз, поссовет мекемелерінде басшылық қызметте болған. Екі мәрте Қармақшы поссоветіне депутат болып сайланған. 8 жыл бойы соғыста алған зардабының әсерінен 1962 жылы 6-маусымда дүниеден озған. Бар болғаны 43 жыл өмір сүріп, артынан өшпес із қалдырып, балалары мен ағайын-туысының жүрегінде мәңгілікке орын алған Қаппар Әлиевтің бүгінде 6 баладан 16 немере, 51 шөбересі бар.
Қаппар Әлиевтің қызы Сәуле соғыс ардагерінің әскерде жүргенде түскен суреттері мен құжаттарын аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды. Жан дүниені түршіктірер алапат соғысқа біздің ауданымыздан мыңдаған азамат аттанып, жау шебінде болашақ ұрпағы жолында жан алысып, жан берісіп, ерен ерліктің үлгісін көрсетті.
Ұлы Отан соғысы – халқымыздың басынан өткен ауыр кезең. Бұл соғыстың маңызы – тек тарихта ғана емес, бүгінгі ұрпақтың жүрегінде. Біз сол батырларымыздың арқасында бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан да бұл соғыс ешқашан ұмытылмауы керек. Ешкім де, ешқашан ұмытылмайды!
Гүлмира ӨТЕГЕНОВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері