ЕРЛІГІ ЕРЕН МАЙДАНГЕР
Ұлы Отан соғысы... Ұлы Жеңіс... Бүгінгі ұрпақ сұрапыл соғысты көзбен көрмегені рас. Десе де, кейінгі ұрпақ елдігіміздің еңселі, шекарамыздың берік, ұлтымыздың ұлықтығы кешегі қан майданда жан аямай, ұрпақ үшін қанын да, жанын да қиған арда азаматтардың ерен ерлігін еш уақытта ұмытпақ емес. Сұм соғыс бірде-бір отбасын айналып өтпегені белгілі. Соғысқа қатысып, жеңіспен оралған, ерлікпен қаза тапқан немесе жоғалып кеткен тұлғалардың есімі мен ерлік ісін ұмытпай, кейінгіге өнеге ету – бүгінгінің парызы.
Бозбалалық шағы 1941-1945 жылдарға тұспа-тұс келген ер азаматтардың барлығының маңдайына Отан үшін қан майданда қаймықпай, от кешу тағдыры жазылды десек, артық айтқандық емес. Ал ардагерлерге құрмет көрсету, тағзым ету – қашанда парыз. Олжабай Игісінов – Ұлы отан соғысында қан майданда от кешіп, кеудесін отқа тосқан жауынгердің бірі. 1941 жылы ел басына қаралы бұлт үйірілген тұста әскер қатарында жүріп, өзі сұранып соғысқа аттанған. Сұм соғыс кімді аяған дейсіз? Күннің суығы, ассудың жетімсіздігі, жау техникасының айбары жауынгерлердің Отанға, туған елге деген жігер жалынын жасыта алмаған.
Майдангер 1941 жылы Украина елінде 3-батальон, 219-атқыштар полкіне қатардағы жауынгер болып қабылданып, сұрапыл соғысқа кіріскен. Өмір мен өлім арпалысқа түскен майдан даласында екі жылға жуық елді азат етуге атсалысып, 1943 жылы ауыр дене жарақатын алып, госпитальға түсіп, одан әрі әскери комиссияның шешімімен жарамсыз деп елге қайтарылған.
Сұрапыл соғыс аяқталып, ел етекжеңін жинай бастағанда майдангер Күлжамал Жаңабатыровамен шаңырақ көтеріп 3 ұл, 4 қыз тәрбиелеген. Үлкен ұлы Бақытбек Олжабайұлы әскер қатарында жүріп, одан кейін Ауған соғысына қатысқан. Өзге перзенттері бүгінде сан салада абыройлы еңбек етуде.
Елге қызмет ету әрбір ер азаматтың борышы деп санаған майдангер Олжабай Ізбенбетұлы соғыстан кейін мал бордақылау алаңында жұмыс істеген. Майдандағы ерлігі үшін Жеңістің 30, 40 жылдығы қарсаңында төсбелгі тағынса, 1993 жылы Алматы қаласындағы «Өлке» баспаханасынан шыққан Әбдісахи Кішеновтің «Зерде» кітабына майдангер есімі енген.
Ұлы Отан соғысына қатысушы әрі еңбек ардагерінің ерен ерлігі мен қажырлы еңбегі ешқашан да ұмытылмайды. Себебі олар ел басына қайғының қара бұлты төнгенде сұрапыл соғысқа аттанып, туған жері мен елі, Отаны үшін аянып қалмады. Майдан даласынан кейін еңбек көрігін қыздырып, ел игілігі жолында еңбек етті. Бұл ерлік пен еңбек тарих парағына алтын әріппен жазылып, елге – мұра, ұрпаққа ұран болып жалғаса беретіні анық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА