ЕРЛІК ІСІ – ӨШПЕК ЕМЕС
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында «Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмды талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды» деген еді.
Жалпы Қызылорда облысынан жүз елу мыңға жуық азамат аттанып, содан отыз мыңнан астам арысымыз елге оралмады. Қаһармандықтары үшін жиырма қызылордалық Кеңес Одағының батыры атағына лайықты болды. Фашистік Германиямен болған қанды қырғын, орасан зор қасірет әкелгені белгілі. Отан үшін от кешуге белін бекем буған жерлестеріміз майдан шебінде де туған жерінің ар-абыройын, қадір-қасиетін жоғары ұстап, тарих беттерінде «Қармақшылық жауынгерлер» деген алып күштің иелері атанды. Бірі – майданнан елге аман оралып, бейбіт еңбекке араласса, бірі – майдан шебінде қаза болды, ал енді бірі – туған елден топырақ бұйырмай майдан даласында хабар-ошарсыз кетті. Біз Отан қорғау жолында мерт болған боздақтар алдында құрметпен бас иеміз. Қасиетті Қармақшы жерінен майдан шебіне аттанып, ел қорғаған батыр бабаларымыздың, ардақты ардагерлеріміздің, ержүрек жерлестеріміздің ұмытылмас бейнесі ғана қалды.
Міне, бүгінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына да келіп жеттік. Отанымыз бейбітшілік бесігінде тербеліп, аналар алаңсыз, балаларымыз шат-шадыман күйде. Алайда тарихқа құрметпен қарау, ондағы өткен жолды ұрпақ санасына сіңіру – біздің парыз. Осы орайда аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «Руханият орталығында» соғыс ардагерлерінің ұрпақтарымен кездесу кеші өтті.
Бұл жиынға ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальмен наградталған майдангер Аяған Бохановтың ұрпағы Дастан Боханов, 101 ұлттық дербес атқыштар бригадасының құрамында танкіге қарсы оқ ататын ротада бірінші атқыш болған жерлесіміз, соғыс ардагері Жайық Есіркепұлының қызы Алтыншаш Есіркепова, «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен наградталған соғыс ардагері Нұржігіт Нақыповтың қызы Жанат Нақыпова, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, бірнеше медальмен наградталған Қази Сығайбаевтың келіні Гүлсара апай, No26 әскерге қарасты 13-ші мотоатқыштар полкінің құрамында болған атқыш, мерген жерлесіміз, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Үсенбай Байкөшкеновтің ұрпақтары ағайынды Қанат, Болат Байкөшкеновтер, «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы «Айбынды ерлігі үшін» медалімен, «Ұлы Отан соғысының» І дәрежелі орденімен марапатталған Шімәділ Балмағамбетовтің қызы Мархаба Балмағамбетова, фашистік азаптау лагерінде азап пен бейнетке толы қан майданның тірі куәсі болған Айжарық Баймаханұлының баласы Әбдіғани Айжарықұлы, І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Германиядағы жеңісі үшін», «Ерлік үшін» медальдарына ие болған Айтбай Жүргенбаевтың ұлы Кенен Айтбаев, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Вена қаласын алғаны үшін» медальдарымен наградталған Жәлел Көбековтің қызы Гүлжан Көбекова қатысты.
Мағыналы жиынның алғы сөзі аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлына берілді. Одан соң, Ш.Уәлиханов атындағы No26 мектептің 8-сынып оқушылары патриоттық жырларды жатқа оқыса, кітапханашылар «Катюша» әнімен көп қошеметіне ие болды. Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары оқушыларға мазмұнды естелік, тәрбиелі тәмсіл айтып, өз ойларымен бөлісті.
Сұрапыл соғысқа қанша жыл толса да, уақыт өткен сайын құны артып келе жатқан сол кездегі ерліктер жайлы білуіміз және бабаларымыздың ерлігін мақтан етіп бағалауымыз керек. Еркіндік пен бейбітшіліктің бағасын түсініп, майдангерлеріміздің жүріп өткен қиын жолын жас ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ парызымыз.
Ләйла СЫЗДЫҚОВА,
аудандық орталықтандырылған кітапхананың
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі