ӨРТТІҢ АЛДЫН АЛУ – ӨМІРДІ САҚТАУДЫҢ КЕПІЛІ
Өрт – күтпеген жерден туындайтын, адам өмірі мен мүлкіне зор қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың бірі. Көп жағдайда өрттің шығуына қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, тұрмыстық газды дұрыс қолданбау, электр желілерінің ақауы немесе балалардың отпен ойнауы себеп болады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында ауданда «Өрт болса – дереу хабарла!» атты профилактикалық акция жүргізілуде.
Аталған акция тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруды, халықты төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйрету және өрт шыққан жағдайда уақыт созбай, шұғыл қызметтерге дереу хабарласудың маңыздылығын түсіндіреді.
Акция аясында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері халық көп шоғырланатын орындарда, сауда нысандарында, тұрғын үй секторында және әлеуметтік мекемелерде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Іс-шара барысында азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптары, тұрмыстық газ бен электр құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелері кеңінен түсіндіріліп, жадынамалар таратылуда.
Мамандар өрт кезінде ең бастысы – сабыр сақтау және дұрыс әрекет етуге шақырады. Егер өрт белгілері байқалса, дереу 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Қоңырау кезінде нақты мекен-жайды, өрттің шыққан жерін және жағдайдың сипатын қысқа әрі түсінікті жеткізу маңызды. Сонымен қатар, адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, мүмкін болған жағдайда электр қуатын өшіріп, өрттің таралуына жол бермеу керек. Ең бастысы – өз өміріңізді қатерге тігіп, жалынмен күресуге тырыспау қажет.
Акция барысында балаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Себебі кішкентай балалардың отпен ойнауы көп жағдайда өртке себеп болады. Сондықтан ата-аналарға баланы қараусыз қалдырмау, сіріңке мен оттықты қолжетімсіз жерде сақтау қажеттігі үнемі ескертіледі.
«Өрт болса – дереу хабарла!» акциясы – жай ғана шара емес, бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне бағытталған маңызды бастама. Әрбір азамат өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтап, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуді үйренсе, көптеген қайғылы оқиғаның алдын алуға болады.
Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет!
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі













