ОТПЕН ОЙНАУ – ҮЛКЕН ҚАУІП
Статистикалық деректерге сүйенсек, балалардың отпен ойнауы өрттің шығуына жиі себеп болады. Сіріңке балаға ойыншық емес екені бәріне белгілі. Бірақ барлық ата-ана баланы ықтимал қайғылы жағдайлардың қалай алдын алуға болатынын білмейді. Балаларда өрт қаупі сезімін қалыптастыру, тұрмыстық аспаптармен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын және өрт болған жағдайда дұрыс мінез-құлықты қалыптастыру қажет.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі балалардың отпен ойнауынан болатын өрттердің алдын алу шараларын еске салады. Ол үшін ата-ана балаларға өрт қауіпсіздігі туралы жиі ескертіп айтуы керек. Егер үйден шығу қажет болса, баланың іші пыспас үшін оған қызықты тапсырма беріп, көңілін басқа дүниеге аударған дұрыс. Сіріңке мен оттық – балаларға арналған ойыншық емес. Сондықтан оларды балалар үшін қолжетімді жерлерде қалдырмаған абзал. Үйдегі пешті жағуды жас балаларға тапсырмаңыз және жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмаңыз.
Сонымен қатар қауіпсіздік үшін барлық ашық электр розеткаларына пластикалық штепсельдерді орнатқан жөн. Олар кез келген дүкенде сатылады және бағасы қолжетімді. Электр құралдарын қосулы күйде қараусыз қалдырмаңыз. Балаларды оларды дұрыс пайдалануға, өрт, апат және басқа төтенше жағдай кезіндегі ісәрекеттерді үйреткеннің артығы жоқ. Тағы бір ескеретін жағдай, балаңыздың өз үйінің мекен-жайын және құтқару қызметтерінің телефондарын білетініне көз жеткізіңіз. Бұл мәліметтер де үлкен қауіптің алдын алады.
Балаларды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға үйрету – әрбір ата-ананың міндеті. Себебі қауіптің қай кезде, қайдан келетіні белгісіз. Ал қарапайым ғана ережелер – адам өмірінің амандығының кепілі.
Аудандық төтенше жағдай