» » ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ, ӨШПЕС ТАҒДЫР

ҰМЫТЫЛМАС ТАРИХ, ӨШПЕС ТАҒДЫР

УАҚЫТ ӨТКЕН САЙЫН ТАРИХ ҚОЙНАУЫНДА ҚАЛҒАН ОҚИҒАЛАРДЫҢ САЛМАҒЫ ЖЕҢІЛДЕМЕЙДІ. КЕРІСІНШЕ, ЖЫЛДАР ӨТКЕН САЙЫН СОЛ БІР ЗҰЛМАТ КЕЗЕҢДЕРДІҢ ШЫНДЫҒЫ АЙҚЫНЫРАҚ АШЫЛЫП, ЕЛ ЖАДЫНДА ЖАҢҒЫРА ТҮСЕДІ. XX ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ ЕҢ АУЫР СЫНАҚТАРДЫҢ БІРІ – АУҒАН СОҒЫСЫ. БҰЛ СОҒЫС ТАЛАЙ ЖАСТЫҢ ТАҒДЫРЫН ТАЛҚАНДАДЫ, ТАЛАЙ АНАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫНА СЕБЕП БОЛДЫ. ОСЫНДАЙ ТАРИХТЫ ЖАС ҰРПАҚҚА ЖЕТКІЗУ, ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІҢ БАҒАСЫН ҰҒЫНДЫРУ – БҮГІНГІ БУЫННЫҢ БАСТЫ МІНДЕТТЕРІНІҢ БІРІ.
Осы мақсатта №109 орта мектеп кітапханасында «Ауғанның отты жылдары» атты тағылымды кездесу сағаты ұйымдастырылды. Кешке ауған соғысының ардагері Ә.Жалмағанбетов арнайы шақырылды.
Кездесу кеші мектеп кітапханасында ұйымдастырылды. Шараның ашылу салтанатында мектеп директоры А.Оспанов сөз сөйлеп, ел басынан өткен ауыр кезеңдерге тоқталып, Ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі жас ұрпақ үшін мәңгілік өнеге екенін атап өтті. Сонымен қатар жүрекжарды лебізін білдірді.
– Тарих – құрғақ деректер жиынтығы емес, ол – адам тағдыры. Ауған соғысына қатысқан әрбір азамат – бейбіт өмірдің бағасын білген нағыз батыр. Бүгінгі ұрпақ сол ерлікті ұмытпауы тиіс, – деді мектеп басшысы.
Кездесу барысында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Садықов Ауған соғысының тарихи себеп-салдарына кеңінен тоқталды. Ол 1979 жылдың 27-желтоқсанында КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстан жеріне енгізілуінен бастап, 1989 жылдың 15-ақпанына дейін созылған қанды қақтығыстар жайында нақты деректер келтірді. Ауған соғысы – КСРО-ның өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласу саясатының айқын көрінісі болды. 1978 жылғы сәуір төңкерісінен кейін билікке келген «халықтық-демократиялық үкіметті» қолдау мақсатында «интернационалдық көмек көрсету» деген желеумен басталған бұл соғыс шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін жалмады. Қазақстаннан Ауған соғысына 22 мыңнан астам азамат қатысты. Өкінішке қарай, олардың 761-і қаза тауып, 21 адам хабарсыз кетті. Бұл – бір ғана статистика емес, әрқайсысы бір-бір әулеттің қайғысы.
Кездесу кеші оқушылардың дайындаған әдеби-музыкалық бағдарламасымен жалғасын тапты. Оқырман оқушылар Ауған соғысының әр жылына жеке тоқталып, тарихи деректерді көркем сөзбен өрнектеді. Майдандағы сарбаздың жан күйзелісі, туған жерге деген сағыныш, бейбіт өмірге деген үміт, бәрі де өлең жолдарында әсерлі жеткізілді. Музыка пәнінің мұғалімі С.Қуанышов орындаған патриоттық ән кештің рухын асқақтатып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, орыс тілі пәнінің мұғалімі Т.Далдабаева қонаққа арнап жүрекжарды «Арнау» өлеңін оқып, ардагерге деген құрметті сөзбен жеткізді. 11-сынып оқушысы, мектеп түлегі А.Кәрібаевтың орындауындағы «Қазақ жігіттері» әні де залда отырған көпшіліктің көңілінен шықты.
Кездесудің ең әсерлі сәті ардагер Ә.Жалмағанбетовтың естелігі болды. Ардагер Ауған жеріндегі әскери өмір, майдандағы достық, қиындық пен төзім жайлы сыр шертіп, оқушыларды бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды.
– Соғыс – ешқашан жақсылық әкелмейді. Біз қару алып бардық, бірақ жүрегімізде тек аман қалу, елге оралу деген тілек болды. Бүгінгі ұрпақтың бақыты – бейбіт аспан астында білім алып жүргендері, – деді ардагер.
Оқушылар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ардагермен ашық пікір алмасты. Бұл – жас буын үшін үлкен өмір сабағы болды. Кездесу соңында ардагер іс-шараны ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген кітапхана меңгерушісі Г.Ешниязоваға, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі А.Садықовқа және мектеп ұжымына ризашылығын білдірсе, математика пәнінің мұғалімі Б.Торшаев оқушылармен кездесуге арнайы келген ардагерге, мәнді кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын айтты. Сонымен қатар, жас оқырмандарға ақ батасын беріп, елін сүйетін, білімді ұрпақ болуларына тілектестігін жеткізді. Тағылымды кеш әсерлі әнмен қорытындыланып, қонақпен естелік суретке түсумен аяқталды.
Ауған соғысы – өткен ғасырдың қасіретті беттерінің бірі. Мұндай кездесулер – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға үлкен үлес қосады. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ал бейбіт өмірдің бағасы сол ерлікті еске алумен өлшенеді.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
12 ақпан 2026 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№11 (10479)

10 ақпан 2026 ж.

№10 (10478)

07 ақпан 2026 ж.

№9 (10477)

03 ақпан 2026 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 409
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 251

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728