» » ГАЗЕТ ОҚУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

ГАЗЕТ ОҚУДЫҢ МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Қазіргі қоғамда қолына газет ұстап, басылым бетіндегі мақалаларды асықпай оқып отырған жанды жолықтыру сирек. Кездесе қалсаңыз да, көбіне бұрынғының көзі, үлкен буын өкілдері болуы мүмкін. Ал жастар мен кейінгілерге «газет оқисыз ба?» деп сауал тастасаңыз, көпшілігі жаңалықты телефондағы әлеуметтік желіден қарап алатынын ашық айтады. Бұл – бүгінгі күннің шындығы.
Шынында да, қалтафонның дәурені жүріп тұрған заманда ақпаратқа қол жеткізу бұрынсоңды болмаған деңгейге жетті. Бір батырманы басу арқылы әлем жаңалығын біліп, түрлі пікірлерді оқуға мүмкіндік бар. Алайда ақпараттың көптігі оның сапасына кепіл бола ала ма деген сауал тағы бар. Өкінішке қарай, әлеуметтік желідегі мәліметтің бәрі бірдей шынайы, сүзгіден өткен, жауапкершілікпен жазылған деу қиын. Осы тұста дәстүрлі баспасөздің, соның ішінде газеттің орны айқындала түседі.
Бұрын әлеуметтік желі жоқ кезде халық ел ішіндегі және әлемдегі жаңалықты газет-журнал арқылы білді. Басылым беттеріндегі сараптамалық мақалалар, тағылымды әңгімелер, ойлы сұхбаттар оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін қалыптастырды. Газет оқу – тек ақпарат алу ғана емес, рухани тәрбие мен мәдениеттің бір көрінісі еді.
Бүгінде бұл үрдіс бәсеңдегенімен, газет өміршеңдігін жоғалтты деу асығыстық. Керісінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қазіргі таңда газет-журналдардың қайта өрлеу дәуірі басталып келеді. Президент жыл басындағы сұхбатында мерзімді баспасөзді үзбей оқитынын, сапалы сараптама мен терең мазмұнды ақпаратты көбіне дәстүрлі басылымдардан алатынын атап өтті.
«Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр...» деді Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, бүгінгі газет тілшілері жанжақты шолу жасап, терең сараптама ұсынуға ерекше мән береді. Бұл – кәсібіне адал, жауапкершілігі жоғары журналистер еңбегінің нәтижесі.
Президент сондай-ақ еңбек адамдарының шынайы өмірі мен елге қызмет етіп жүрген азаматтар туралы мәліметті көбінесе газеттерден алатынын атап өтті. Ал TikTok, Instagram, Telegram сынды кең таралған платформалар мұндай мазмұннан көбіне алыс екенін де жасырмады. Бұл – ойланатын жайт. Себебі әлеуметтік желі көбіне жылтыр көрініске, тез таралатын жеңіл ақпаратқа бейім.
Газеттің басты артықшылығы – жауапкершілік пен дәлдік. Басылым бетіне шыққан әрбір материал бірнеше сүзгіден өтеді, дереккөздер тексеріледі, автор өз сөзіне жауап береді. Ал әлеуметтік желіде кім көрінген ойына келгенін жаза береді, оның рас-өтірігіне көз жеткізу қиын.
Мемлекет басшысы жастардың да бұл мәселені түсіне бастағанына сенім білдірді. Оның айтуынша, қоғам тек елең еткізер жаңалық пен қысқа бейнежазбамен шектелмей, мағынасы терең, танымдық ақпараттың да қадірін білуі керек. «...Көптеген жастарымыздың да дәл солай ойлайтынына қуанамын...» деді Президент.
Шынында да, бүгінгі жастардың арасында білімге, ғылымға ұмтылып, оқу мәдениетін жоғары қоятындар аз емес. Олар елесқиялға толы виртуалды әлемде өмір сүргеннен гөрі, нақты мақсат қойып, болашағын біліммен байланыстырғысы келеді. Мұндай ұстаным – елдің ертеңі үшін аса маңызды.
Тарихқа көз жүгіртсек, оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алдыңғы шебінде болған. Газет-журнал оқу – сол мәдениеттің бір бөлшегі. Ол адамды ойлануға, салыстыруға, қорытынды жасауға үйретеді. Бұл қасиеттерді қысқа жазба мен жылдам бейне толық бере алмайды.
Сондықтан газетті өткеннің сарқыншағы деп емес, қоғамды тәрбиелейтін, сананы сергек ұстайтын құрал ретінде бағалауымыз қажет.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
12 қаңтар 2026 ж. 158 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№25 (10492)

07 сәуір 2026 ж.

№24 (10491)

04 сәуір 2026 ж.

№23 (10490)

31 наурыз 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 828
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 515

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930