» » АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АРҚАУЫ

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АРҚАУЫ

Кез келген мемлекеттің тірегі – азаматтық қоғам. Себебі, үкіметтік емес ұйым өкілдері халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық диалогтың қалыптасуына ықпал етеді. Қоғамдық кеңестің басты міндеті – қоғамдағы күрделі мәселелер бойынша нақты ұсыныстар беру, оң шешім табу жолдарын қарастыру.
Республикада атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеу мақсатында осы жылдың 15 қазанында Астана қаласында IV Республикалық қоғамдық кеңестер мәжілісі өтті. Оған барлық аудандық, қалалық, облыстық және министрліктер мен квазимемлекеттік секторлардың қоғамдық кеңестерінің төрағалары, құрамындағы азаматтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Сонымен қатар Республика Парламентінің депутаттары мен министрліктің жауапты қызметкерлері де шақырылған.
«Қоғамдық кеңестер: Жаңғыру арқылы даму» тақырыбындағы Пленарлық отырысынан бастау алды. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева республика бойынша атқарылып отырған жұмыстар мен алдағы міндеттерге жан-жақты тоқталды.
Қазіргі кезеңде республика бойынша 263 қоғамдық кеңес құрылып, оған 4 мыңнан астам азамат кеңес құрамына тартылса, оның 600-і жастар құрайды. Бірнеше спикерлер негізінен Астана, Шымкент қалалары мен Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстарының және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестердің төрағалары өз ойларын ортаға салды. Одан әрі қарай «Қоғамдық кеңестер азаматтық қатысу құралы ретінде», «Қоғамдық бақылау: Нақты өкілеттіктер және үздік тәжірибелер», «Қоғамдық кеңес мүшелерінің этикалық нормалары мен жауапкершілігі» тақырыптары бойынша секциялық жұмыстармен жалғасын тапты.
Ал 16 қазан күні «Әділетті Қазақстан: Азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» тақырыбында XII Қазақстанның азаматтық форумы болды. Оған Парламент депутаттары, ҰЕҰ, министрліктер мен агенттіктердің, құқық қорғау органдарының өкілдері, барлығы 700 астам адам қатысты.
Министрдің айтуынша, форум қоғамдық институттардың қызметін жаңғыртуға және азаматтық қоғамның дамуына жаңа серпін бермек. Азаматтық қоғаммен біте-қайнасқан, өзара бірлескен іс-қимыл дамудың шешуші тетігі болмақ. «Біз әрдайым сындарлы диалогқа мүдделіміз, өйткені қоғамдағы өзекті мәселелердің барлығы тек ашық әрі өзара құрметке негізделген диалог арқылы шешіледі. Расында бір проблема шешілсе, алда жаңа мәселелер туындайды. Қуантарлығы бүгінде қоғамда мұндай өзара түсіністік пен ашық пікір алмасу бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы байланысты нығайтып, кеңейте түсетініне сенімдімін» деп атап көрсетті.
Сонымен қатар Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ішкі саясат саласында тұжырымдамалық құжат қабылдау керек деген бастамасын іске асыруда Министрлік құрамына өңірлік сарапшылар мен азаматтық сектор өкілдерінен тұратын жұмыс топтары құрылып, жан-жақты зерттеліп жатқанын жеткізді. Нәтижесінде Республика Президенті 2025 жылдың 5 қарашасында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Ішкі саясаттың басты мақсаты – ел бірлігін сақтау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін, яғни «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» атты алты негізгі қағидат бекітілген. Құжатта тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық қазақ қоғамының рухани коды ретінде сипатталған. Бұл құндылықтар бір жағынан дәстүрлі ұғымдарға сүйенсе, екінші жағынан заманауи көзқарасты талап етеді. Құжат тек мемлекеттік органдарға емес, бүкіл қоғамға арналған. Яғни, ұлттық сана мен жаһандық өркениеттің өзара үйлесімін қалыптастыру жаңа саясаттың басты миссиясы болып табылады.
Форумда Мемлекет басшысының көмекшісі А.Қырықбаев Президенттің форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауын жеткізіп, өзінің ой-пікірімен бөлісті. Парламент Мәжілісі «Аманат» партиясы фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев жан-жақты мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ Беларусь Республикасы Әділет министрлігінің коммерциялық емес ұйымдар мәселелері жөніндегі басқармасының бастығы Е.Кириченко, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич бұл сала бойынша өздерінің атқарып отырған жұмыстарын баяндап берді.
Жоғарыда көзделген міндеттерді іске асыруда аудандық қоғамдық кеңес тарапынан бірқатар жүйелі жұмыстар іске асырылып келеді. Қоғамдық кеңес мүшелері алдында ауданымыздың актуальды басты мәселелері назарда тұрады. Кеңес мүшелерінің қоғамда атқарып келе жатқан жұмыстары өзіндік сипатқа, өзіндік мазмұнға ие.
2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңына және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы №69 бұйрығына сәйкес, жаңадан сайланған аудандық қоғамдық кеңестің құрамы 2025 жылдың ақпан айында алғашқы отырысын өткізді.
ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес, әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің және мәслихат төрағасының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай жыл басында аудандық қоғамдық кеңес отырысында ауданымыздың 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы аудан әкімінің есебі жасалып, жалпы өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған нәтижелі жұмыстары атап өтіліп, алдағы жылдарға да бірқатар үлкен бастамалар көтерді, тиісті межелер белгіленді. Жиынға қатысушылар аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, көкейдегі мәселелерге қатысты атқарылған жұмыстар мен алда атқарылатын міндеттерге оң бағаларын берді.
Осымен қатар аудандық мәслихат төрағасы 2024 жылғы атқарылған жұмыстар есебін беріп, есептік баяндамада аудандық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған шараларды жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар және оң шешімін тапқан өзекті мәселелер баяндалды.Ол туралы аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берілді. Сондай-ақ кеңес отырысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасының өткен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар есебі жасалып, онда қоғамдық кеңесте қозғалған және шешімін тапқан мәселелер жөнінде және еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық кеңестерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығы жайлы, осымен қатар алдағы атқарылатын жұмыстар барысы баяндалды.
Кеңес отырысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің «Аудандық бюджеттің атқарылуы жайлы жылдық есебі» талқыланып, оның қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп назарға алынып, бекітілді.
Көктем айларында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков және коммуналдық саланың қыр-сырын меңгерген аудан ақсақалдары Жосалы кенті әкімдігімен бірге аяқ су арықтарының жай-күйіне, су өткізу жағдайларын зерделеу мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізді. Зерделеу жұмыстары барысында Жосалы кентіндегі аяқ су арықтарының жағдайымен танысып, саябақтар мен көшелерге аяқ судың жеткілікті баруын бақылады. Сонымен қатар Жосалы кентінің батыс бетінде орналасқан тұрмыстық қалдықтарды, ашық жатқан күл-қоқыс төгетін полигонның санитарлық талаптарға сәйкестігін қадағалап көріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Қоқыс полигондары қатаң бақылауға жататындығын айтып, аталған мәселелерге байланысты алдағы атқарылуға тиіс жұмыстарға тоқталды.
Жиылыс барысында Жосалы кентін абаттандыру мақсатында тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз ету бойынша арнайы жұмысшы тобын құрып, зерделеу жұмыстарын жүргізу, зерделеу нәтижесімен Жосалы кенті бойынша су жүретін арықтарды қазатын, тазартатын аймақтарды, көшелерді нақтылау ұсынылды. Жосалы кентін аяқсумен қамтамасыз етудің перспективалық кешенді бағдарламасын жасап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу, осы бағдарламаны іске асыруға Жосалы кентіндегі барлық мекемелер мен кәсіпорындарды, кәсіпкерлерді жұмылдыру ұсынылды. Жосалы кенті көшелерінің тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырғандығы, сонымен қатар коммуналдық қалдықтарды жинақтау полигонының жұмысын жетілдіру жайы, бақылау жасайтын бейнежазбаның бақылау аймағын ұлғайтып, полигонға қалдық тастау тәртібін бұзғандарға айыппұлды автоматты түрде салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Қоғамдық кеңес отырысында аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, Қармақшы ауданының «Мансап» орталығы мен Байқоңыр қаласының «Мансап» орталығы филиалдарының атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерінің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есептері тыңдалды. Кеңес отырысында аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына: Азаматтарға мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу, Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерліктің, шаруа немесе фермер қожалықтарының даму динамикасын қадағалауда салық есептілігінің нысандарын тапсыру бойынша және бизнесті қолдаудың бағдарламалары мен қолданыстағы заңнамаларды түсіндіру бойынша іс-шаралар өткізу («Көрсетілетін қызметті алушы күні» іс-шарасы, семинарлар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, сұхбат т.б.), аудан тұрғындарына жалпыға бірдей декларацияны сапалы, уақытылы тапсыру тәртібін түсіндіру бағытында жұмыстар жүргізу, семинар-кеңестер өткізу, БАҚ-ында, әлеуметтік желілерде мақалалар мен ақпараттар жариялап отыру ұсынылса, Қармақшы ауданының «Мансап» орталығы мен Байқоңыр қаласының «Мансап» орталығы филиалдарына көптеген қоғамдық жұмысқа жіберілгендер бір жыл ішінде өз арыздарымен мерзімінен бұрын шығып кетіп, кейбіреулері қайта келіп жұмыссыз есебінде тіркелуіне, сонымен қатар жастар тәжірибесіне жолданғандардың мерзімінен бұрын өз арыздарымен шығып кету фактілеріне нақты зерделеу жасап, себеп-салдарын анықтау, проблемалық мәселелер болса, оның шешу жолдарын қарастыру, жалпы олардың арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Азаматтарға арналған үкімет – мемлекеттiк қызмет көрсету саласында қызметтердi «бiр терезе» қағидаты бойынша жүзеге асыратын Қазақстан Республикасындағы бiрегей ұйым. Бұл жерде ең бастысы, мемлекет қызметінің халыққа қол жетімділігі ғана емес, оның тиімді және ашық болуы маңызды. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері алдымен орталықта халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігіне мониторинг жасап, жұмысымен танысты. Корпорация барлық мемлекеттік қызметтерді ҚР Үкіметінің қаулыларымен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетеді. Қағидаларда қызмет көрсету тәртібі, орындалу мерзімі, алым сомасы, күту уақыты мен қабылдау уақыттары, қажетті құжаттар тізбесі және т.б. талаптар белгіленген. Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және тұрғындарға көрсетілетін қызметтер сервисін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар зерделенді. Осы орайда кеңес отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Қармақшы аудандық бөлімімен атқарылып жатқан жұмыстарының есебі баяндалды.
Кеңес отырысында «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасы өз ұсынысында: «Ағымдағы жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: цифрлық трансформация арқылы өзекті міндеттер және оларды шешу» тақырыбында Қазақстан халқына бағдарламалық Жолдауын жариялаған болатын. Алайда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлімдері арқылы Қағидаға сәйкес көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді қағаз нысанда көрсету тәжірибесі қалыптасқан.
Қағида талабына сәйкес, мемлекеттік қызметті электронды түрде алуға болатынын, ол тәсілдің қайта қызмет алушының өзіне ыңғайлы (жеке кабинеті арқылы мемлекеттік қызмет көрсету процесін, мерзімін бақылауға болады) екендігін түсіндіру, жалпы халықты ақпараттандыру бойынша жұмыстар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ-ның Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлімдері тарапынан жүргізілмейтіні Департаментпен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған болатын.
Осыған орай, бөлімге электрондық қызметтердің үлесін арттыру бойынша жұмыстарды сапалы жүргізу мақсатында мемлекеттік қызметті алушыларға өтініштерді «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы жолдау тиімді екендігі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу» ұсынылды.
Дені сау, белсенді қоғам қалыптастыруда және бұқаралық спортты дамытуда сапалы спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу, командалық спорт түрлерін өткізу, спортта бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру, жас ұрпақтың жеке тұлға болып өсіп, спорттағы шеберлігін танытуға барша жағдай жасау – қоғамдағы маңызды мәселенің бірі. Осыған байланысты аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің «Бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы» есебі баяндалып, ұлттың спорттық мәдениетін қалыптастыру, аудан спортындағы жауапкершілікті күшейту мақсатында жаңа бастамалар енгізу, әсіресе аудандағы спорт мекемелерінің басшылары мен спорт түрлері бойынша аға жаттықтырушыларды қатыстыра отырып жұмыстарына талдау жасау, спорт мекемелерінің спортты дамытуда бірлесе жұмыс жасауына жауапкершілік талап ету, нәтижелі жұмыс жасамайтын аға жаттықтырушыларды жұмыстан босатуға дейін шара көру, жаңадан аға жаттықтырушылар тағайындалғанда еңбек шартына нәтижелі жұмыс жасау жайлы талаптарды енгізу ұсынылды.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі қаралған мәселелердің бірі – аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы РММ-нің атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі болды. Басты мақсат – жұқпалы аурулардың пайда болуы мен таралу заңдылықтарын анықтап, алдын алу және олармен күрес шараларын ұсыну, адамдардың өмір сүру сапасы мен ұзақтығын жақсарту, жайлы өмір салтын, оңтайлы еңбек жағдайларын жасау екені назарға алынды.
Мәдениет – жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Адам мәдени әрекет жасау арқылы тіршілік етеді. Мәдениет саласының өрісі кең. Кеңес отырысындағы келесі көтерілген маңызды мәселе ауданымыздың мәдениет саласы. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Қармақшы ауданының мәдениет саласының мәселелері мен салаға қатысты кәсіпорындардағы қажеттіліктер туралы» есепті баяндамасына сәйкес, кеңес отырысына қатысушылар тақырып бойынша талқылап, атқарылған жұмыстармен қатар, әлі де жетілдіре түсетін істер бар екені атап көрсетілді.
Аталған бөлімдерге қаралған мәселелері бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтерінің сапасына байланысты барлық мекемелерге аудандық қоғамдық кеңес тарапынан ұсынымдар жасалды және мемлекеттік қызметтерді халыққа түсіндіруде тұрғындармен тікелей кездесулер өткізуде және бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде хабарландырулар, мақалалар, ақпараттандырулар жариялау жұмыстарын жақсартудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.
Бірақ белгіленген ұсынымдарды өз дәрежесінде жүзеге асыруда орын алып отырған кемшіліктер бар. Алдағы уақытта олардың орындалуына Кеңес тарапынан тиісті бақылаулар жүргізіле беретін болады.
2025 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес және мемлекеттік мекемелерден ұсынылған, барлығы 45 мәселе қаралды. Оның ішінде, 7 мекеменің көрсетілетін мемлекеттік қызметтерінің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есептері тыңдалып, 26 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді.
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Медиа-жоспарына сәйкес, Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің жыл басынан атқарған жұмыстарын баспа бетіне жариялауға байланысты «Facebook» әлеуметтік желісінде, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысын оңтайлы үйлестіру және олардың қызметі жөнінде ақпараттандыруда kazkenes.kz сайтында, аудандық «Қармақшы таңы», «Бәйтерек» газеттерінде жарияланып, Қармақшы аудандық мәслихатының интернет-ресурсында ақпараттандырылып отырылды.
Биылғы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіп-төккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жетеді. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық» деп атап көрсетті.
Бүгінгі күннің басты талаптары – ашықтық пен объективтілік. Түйіндей айтқанда, уақыт талабына сәйкес, мемлекеттік құрылымдардың жүйелі және нәтижелі жұмыс істеуі үшін қоғамдық кеңестердің маңыздылығы артып, үлкен жауапкершілік жүктелген жұмыстарды жандандырып, ел дамуына сүбелі үлесін қоса береді.
Ә.ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңес төрағасы
21 желтоқсан 2025 ж. 66 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10466)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (10465)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (10464)

16 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 130
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 779

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031