Қоғамдық кеңестер: Мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог
Қазақстан Республикасының алдында тұрған міндеттердің бірі – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жүйелі жұмыс жүргізуін жолға қою, азаматтық қоғам институттарын жаңғырту. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 2015 жылғы 2 қарашада № 383-V ҚРЗ қабылданды.
Қоғамдық кеңестер – жаңа әлеуметтік-қоғамдық институт, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог нысандарының бірі. Бұл мемлекеттік емес институттар мемлекеттік шешімдер қабылдаудың ашықтығын арттыруға бағытталған консультативтік кеңесші, бақылаушы органдар болып табылады.
Кеңес мүшелері алдында ауданның алымды аяқ алысы, өзекті мәселесі назарда тұрады. 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес аудандық қоғамдық кеңесте нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Жыл басынан бастап 5 рет кеңес отырысы өткізіліп, 29 мәселе қаралды.
Аудандық қоғамдық кеңесте қаралған мәселенің бірі – мекемелердің мемлекеттік қызмет көрсету сапасы жайлы мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Н.Сүлейменов «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысып отырды.
Сонымен қатар кеңес отырысында қаралған мәселелер бойынша бірқатар мекемеге кеңес тарапынан ұсынымдар жасалып, орындалуы бақылауға алынды.
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің және мәслихат төрағасының қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай жыл басында аудандық қоғамдық кеңес отырысында ауданымыздың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы аудан әкімінің есебі жасалып, жалпы өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған айтарлықтай нәтижелі жұмыстары атап өтіліп, алдағы жылдарға да бірқатар үлкен бастамалар көтерді. Ол туралы аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берілді. Кездесу барысында аудан басшысы аудандық қоғамдық кеңестің осы уақытқа дейінгі жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді көтеруде елеулі үлес қосатындарына сенім білдірді.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы 2023 жылғы атқарылған жұмыстар есебін беріп, есептік баяндамада аудандық мәслихат жергілікті атқарушы органдармен бірлесе ауданның әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, сайлаушылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлерінің орындалуына бағытталған шараларды жүзеге асыруда атқарылып жатқан өзекті тақырыптар баяндалды.
Қоғамдық кеңестің басты міндеті – қоғамдағы күрделі мәселелер бойынша нақты ұсыныстар беру, оң шешім табу жолдарын қарастыру. Кеңес отырысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасының өткен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар есебі жасалып, онда қоғамдық кеңесте қозғалған және шешімін тапқан мәселелер жөнінде, еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық кеңестерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығы жайлы, алда атқарылатын жұмыс барысы баяндалды.
Кеңес отырысында аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының «Аудандық бюджеттің атқарылуы жайлы жылдық есебі» талқыланып, қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп назарға алынып, аудандық мәслихат сессиясының қарауына ұсынылды.
Қоғамдық кеңесте мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 16 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді. Аудандық электр торабының «Ауданда халықты электр энергиясымен қамтамасыз етудің жайкүйі туралы» мәселеге байланысты халыққа қызмет көрсету барысы және жұмыс сапасы зерделенсе, Жосалы кенті орталығындағы және Ақжар, Ақтөбе, III Интернационал, Жаңажол, Иіркөл ауылдық округтері мектептеріндегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелеріне байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық кеңес мүшелерімен мониторинг жүргізілді.
Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының «Орталық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің құрамында жастарға арналған квотаны ұлғайту» тармағын орындау бойынша бірқатар нақты жұмыстар жүргізілуде. Қоғамдық кеңестер институтын қоғамдық бақылаудың және мемлекет істерін басқаруға азаматтық қатысудың маңызды құралының бірі ретінде танымал ету бойынша жастар арасында ақпараттық-түсіндіру, аудан бойынша жастардың қоғамдық кеңестер институтына қызығушылығын арттыруға бағытталған «Жастар қуаты жақсылыққа жұмсалсын» тақырыбында аудан жастарымен кездесу өткізілді. Бүгінгі таңда аудандық қоғамдық кеңес құрамындағы жастардың үлесі 15,4 пайызды құрайды.
Аудандық бұқаралық ақпарат құралдарына және әлеуметтік желілерде, ресми сайттарда қоғамдық кеңестің атқарған жұмыстары жайлы және еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі қоғамдық кеңестердің маңызды рөлі туралы мақалалар, ақпараттар жариялануда.
Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2022 жылғы бекітілген Медиажоспарына сәйкес, аудандық Қоғамдық кеңестің 2024 жылдың басынан атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттандыруға байланысты «Facebook» әлеуметтік желісінде, Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің жұмысын оңтайлы үйлестіру және олардың қызметі жөнінде ақпараттандыру мақсатында kazkenes.kz сайтында, аудандық «Қармақшы таңы» газетінде жарияланып, аудандық мәслихаттың интернет-ресурсында ақпараттандырылып отырылды.
Еліміздегі жаңа саяси бағыт бойынша қоғамдық ұйымдарға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осыған орай қоғамдық ұйымдардың белсенділігі мен ел дамуына қосар үлесі де артып келеді. Қазіргі уақытта елімізде жергілікті және республикалық деңгейде 300-ге жуық қоғамдық кеңес өз қызметін жүзеге асырады. Елімізде қоғамдық кеңес институтының дамуы қарқынды жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады.
А.СЕРКЕШБАЕВ,
аудандық қоғамдық кеңес мүшесі