Қызметіміз – ел игілігіне
qarmaqshy-tany.kz Ел ішіндегі проблемаларды қозғап, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеру, орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған мемлекеттік емес ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру, соның ішінде Қоғамдық кеңестердің құзыретін кеңейтіп, жұмысын жүйелеуді тапсырған болатын. Оның құқықтық мәртебесін айқындау үшін халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, Ұлт жоспарына қажетті Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы 2015 жылғы 2 қарашада No383-V ҚРЗ қабылданды.
Қоғамдық кеңестер – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін консультативтік- кеңесші әрі бақылаушы орган. Ол азаматтық қоғамның қоғамдық маңызды мәселелері бойынша пікірін білдіре алады. Атап айтқанда, оған азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру, республикалық және жергілікті деңгейлерде шешімдерді талқылау мен қабылдауда жұртшылықтың пікірін ескеру, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамыту, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жатады.
Аудандық мәслихатының 2022 жылғы 23 ақпандағы No132 шешімімен аудандық қоғамдық кеңесінің жаңа құрамы бекітілді. «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңының 9-бабының 3-тармағына сәйкес аудандық Қоғамдық кеңесінің сандық құрамы барлығы 13 мүшеден құралды. (мемлекеттік органнан 3 мүше, азаматтық қоғамнан 10 мүше). Сонымен қатар аудандық Қоғамдық кеңесінің осы жылғы 23 ақпандағы No1 отырысында «Қармақшы ауданының Қоғамдық кеңесі туралы» Ережесі бекітілді. Құрылған қоғамдық кеңеспен, заң талаптарына сәйкес мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлеріндегі қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері негізінде бекітілген жұмыс жоспары бойынша жыл көлемінде бірқатар нақты жұмыс жүргізілді. Кеңестің 12 отырысы өтіп, 34 мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы аудандық бөлімінде «Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырудың жайы» туралы, «Оқушылар мен студенттердің жазғы демалысы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтаудың, жастар арасындағы түрлі бұзақылықтардың алдын алудың кешенді шаралары туралы», «Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде мемлекеттік қызмет көрсетудің жайы және алдағы міндеттері туралы», «Жосалы кенті тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етудің шаралары туралы», тағы басқа да мәселелер қаралды.
Кеңес отырысында қаралған мәселелер бойынша бірқатар мекемеге кеңес тарапынан ұсынымдар жасалып, орындалуы бақылауға алынды. Қоғамдық кеңес тарапынан берілген ұсынымдар мен оның орындалуы барысы бойынша шешімін тапқан мәселелердің бірқатарына тоқталсақ. «Ауданның елді мекендеріндегі тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарының жайы туралы» және «Жосалы кенті тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етудің шаралары туралы» екі мәселені отырыста қарау алдында қоғамдық кеңестің салалық комиссиясы кенттер мен барлық ауылдық округтерінде болып, нақты жағдайды зерделеді және тиісті ұсынымдар берді. Нәтижесінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, ағаш егу жұмысы негізінен аяқсу беру қарсаңында атқарылды. Жосалы кентінде 5,7 шақырым арық тазартылып, 4 көшеге 2,67 шақырым жаңадан арық қазылды. Тосқауыл болып келген трубалар ауыстырылды. Жаңадан электр насостары құрылды. Аяқсу 7-8 қыркүйекке дейін берілді. Жосалы кентінің Шығыс каналының жағасындағы үйлерді ыза су басатын учаскелерге, Тайшық би көшесіндегі арыққа темір бетон лоток салынса, салынғанына 40 жыл болып пайдалануға жарамсыз болған А.Иманов көшесіндегі лоток қайтадан жаңартылды. Орналасуына байланысты биік көшелерге ұңғыма қазып, аяқсу беру межеленуде. Бірақ аудан бойынша жалпы көркейту, саялы ағаш егу жұмыстары нәтижелі деп айтуға келмейді. Күз кезеңінде жаңадан егілген ағаштың қаншасы өскенінің есебін алған жоқпыз. Қанша саялы ағаштар кесіліп кетіп жатыр, назардан тыс қалуда. Жәй ғана мысал, Жосалы кентіндегі Тайшық би көшесінде, Е.Көшербаев көшесінде лотоктар орнату мен автотұрақтар жасауда бірнеше түп ағаштар кесілді. Бірақ заңдылығы сақталған жоқ. Кент әкімі кесілетін ағаштардың санын, себебін, оның орнына егілетін ағаштар санын, орнын көрсетіп аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінен рұқсат алу керек еді. Бірақ ол орындалмады. Бөлім де шарасыздық танытып, мән бермеуде. Деңгейі бірдей бола тұра бір көшенің екінші бетіне арық қазылмаған, аяқсу берілмеген жерлер бар. Басқа да ескерілетін жағдайлар жеткілікті. Қоғам мүшелері келесі жылы бұл мәселелерді қайта қарауды ұсынуда.
Көптеген тұрғындардың тазалық пен көркейту-көгалдандыру жұмыстарына мән бермеуі, немқұрайлы қарауы қынжылтады. Тіпті көшесінен өтіп жатқан арықты таза ұстап, ағаш егіп көктетсе, көшесі мен ауласын таза ұстаса, сол тұрғынның өзінің, баласының, ұрпағының денсаулығын сақтауға қосқан үлесі емес пе? Сондықтан да бұл істерді бірыңғай атқарушы органға ысырып тастамай, әрбір тұрғын үлес қосса денсаулығымыз жақсарып, ауыл ажары арта түсер еді.
Осы жылдың мамыр айының 26-сы күні қоғамдық кеңес отырысында «Оқушылар мен студенттердің жазғы демалысы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтаудың, жастар арасындағы түрлі бұзақылықтардың алдын алудың кешенді шаралары туралы» аудандық полиция бөлімі мен білім бөлімінің басшыларының есебі тыңдалды. Отырысқа Жосалы кентіндегі мектеп директорлары мен учаскелік полиция инспекторлары қатыстырылды. Сонымен бірге кент, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен учаскелік полиция инспекторлары ZOOM платформасы арқылы онлайн қатысты. Тиісті талаптар қойылып, ұсынымдар жасалды. Соның нәтижесінде жасөспірімдермен жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүру фактілерінің, оларға алкогольді және шылым сатудың алдын алуда полиция қызметі білім бөлімімен, тікелей мектеп ұстаздарымен, жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып кешенді іс-шараларды іске асырды. Нәтижесінде жасөспірімдермен бірде-бір қылмыс орын алған жоқ, өрескел құқықбұзушылық пен топтық бұзақылықтарға шектеу қойылды. Оның бәрі тынымсыз еңбек пен жауапкершіліктің қорытындысы. Бұл жұмыстардың шегі, аяқталу мерзімі жоқ, одан әрі жалғаса беруі тиіс.
Кеңесте мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 21 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді. No121, No85 мектептерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысының барысы, балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудың жайы және Жосалы кентіндегі көшелерге төселіп жатқан тас жолдардың сапасы зерделеніп, тиісті ұсынымдар жасалды. Сондай-ақ бұдан басқа «Асыл мұра-Орда» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «ҮЕҰ мен қоғамдастықты қатыстыра отырып қоғамдық кеңестермен жүргізілетін қоғамдық бақылауды дамыту» жобасы аясында аудандық қоғамдық кеңес мүшелерінің Заңдарды түсіндіру бойынша көшпелі кездесуі өткізілді.
Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің биыл бекітілген медиа жоспарына сәйкес аудандық Қоғамдық кеңесінің осы жылы атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға байланысты «Facebook» әлеуметтік-желісінде, аудандық «Қармақшы таңы», «Бәйтерек» газеттерінде ақпараттандырылып отырылды.
Кеңестің кезекті отырысына шығарылатын мәселе жайлы ақпарат жүйесінде хабарланып, тұрғындардан мәселеге байланысты ой-пікірлері сұралады. Бірақ жеткілікті мән бермей ұсыныстар түспейді.
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Жұртым» деп жұмылып, «Елім» деп езіліп қызмет ет» дегеніндей, алдағы уақытта да ауданның Қоғамдық кеңесі ел игілігі мен өркендеуі үшін қызмет ете береді.
Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңестер озық дамыған елдердің тәжірибесі саналады. Алдыңғы қатарлы мемлекеттер бұл институтты мемлекеттік органдардың, билік қызметінің ашықтығын, айқындылығын қамтамасыз ету үшін пайдаланады. Мұның бәрі елді өркендету мақсатындағы маңызды алғышарт екені сөзсіз.
Ә.ҚҰЛДҮЙСЕНОВ,
аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы