ЖЕЛТОҚСАН ЖАҢҒЫРЫҒЫ – ҰРПАҚ ЖАДЫНДА
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең тағдырлы кезеңдердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Бұл – қазақ жастарының еркіндікке, әділдікке деген ұмтылысының жарқын көрінісі. Осындай тарихи кезеңнің маңызын жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында №109 орта мектепте тағылымды әрі мазмұнды іс-шара өтті.
Мектеп кітапханасында 6-7 сынып оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған танымдық сағат Желтоқсан оқиғасының рухын сезіндіретін, оқушылардың отансүйгіштік сезімін арттыруға бағытталған тағылымды кездесу болды. Іс-шараға 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Ерлан Бисенбаев пен Алмагүл Жансейітова арнайы шақырылды.
Танымдық сағатты мектеп директоры Амантұр Оспанов ашып, жиналған оқушылар мен қонақтарға жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Желтоқсан оқиғасының ел тарихындағы айрықша орнына тоқталып, бұл көтерілістің Тәуелсіздікке бастар жолдағы алғашқы қадам болғанын атап өтті.
– Желтоқсан – бұл жай ғана бір күннің оқиғасы емес, бұл – қазақ халқының намысы мен рухының оянған сәті. Сол кезде алаңға шыққан жастар болашақ ұрпақтың еркін өмір сүруі үшін тәуекелге барды. Бүгінгі бейбіт өмір – сол ерліктің жемісі. Сондықтан мұндай кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі орны ерекше, – деді мектеп директоры.
Оның айтуынша, мектеп қабырғасында тарихты тек оқулықтан ғана емес, сол кезеңді көзімен көрген, жүрегімен сезінген азаматтар арқылы таныту тәрбиелік тұрғыдан өте маңызды. Іс-шара барысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқан боздақтарды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды. Кітапхана іші тып-тыныш қалып, оқушылар мен ұстаздар, қонақтар Желтоқсан құрбандарына тағзым етті. Бұл сәт көпшіліктің жүрегіне ерекше әсер қалдырды.
Кездесудің негізгі бөлігінде сөз алған желтоқсаншы Ерлан Бисенбаев сол бір аласапыран күндердің елесімен бөлісті. Ол алаңға шыққан жастардың мақсаты бүлік шығару емес, әділдікке деген талап болғанын ерекше атап өтті. Ал мектептің тарих пәнінің мұғалімі, желтоқсаншы Алмагүл Жансейітова өз сөзінде сол кезеңдегі жастардың рухы мен бірлігін ерекше тебіреніспен еске алды.
Кездесу барысында оқушылар желтоқсаншыларға түрлі сұрақтар қойып, тарихи оқиғаға қатысты тың мәліметтер алды. Олардың көпшілігі үшін бұл кездесу тарихты тірі куәгерлер арқылы танудың ерекше мүмкіндігі болды. Кітапхана қызметкерлері кездесудің маңыздылығына тоқталып, Желтоқсан тақырыбында көрме ұйымдастырылғанын, оқушылардың қызығушылығы жоғары болғанын атап өтті.
Бұл танымдық сағат жай ғана кездесу емес, өткенге тағзым, бүгінге ой салу, болашаққа бағдар беру болды. Желтоқсан қаһармандарының ерлігі – мәңгілік. Ал сол ерлікті ұмытпай, ұрпақ санасына сіңіру – бүгінгі аға буынның қасиетті міндеті. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде жас буын Желтоқсан рухын жүрегінде сақтап, елдің ертеңі үшін адал еңбек етсе, сол Желтоқсан құрбандарына көрсетілген ең үлкен құрмет болмақ.
Гүлназ ЕШНИЯЗОВА,
№109 орта мектептің кітапхана меңгерушісі

















