ТӘҢІРДІҢ ТӘТТІ СЫЙЫ
Еліміздің тәуелсіздігі – тағдырдың тосын сыйы емес, ол ұлттың сан жылдық күресінің, төгілген көз жасы мен қиылған жанының, қайсар рух пен биік намыстың жемісі. Осы қасиетті ұғымды жас ұрпақтың санасына сіңіру, тәуелсіздікке бастау болған тарихи кезеңдерді ұмыттырмау – бүгінгі буынның басты міндетінің бірі.
Осы мақсатта №121 орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Отаншылдық, патриотизм» бағыты және тарих, құқық бірлестігінің жылдық жоспары аясында ел Тәуелсіздігінің 34 жылдығы мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» тақырыбында тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды.
Маңызды іс-шара мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәні мұғалімі Талғат Сағатұлының ұйымдастыруымен өтті. Кездесу кешіне Желтоқсан оқиғасының куәгерлері – аудандық экономика және қаржы бөлімінің ардагері Мұхит Қыпшақбаев, Жосалы кенті әкімшілігінің маманы Жұмагүл Тобжанова, Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжамал Бұйрабаева және аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев арнайы шақырылып, оқушылармен жүздесті.
Кештің ашылу салтанатында мектеп директоры Мұхтар Жұматаев сөз алып, тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтардың ерлігіне тағзым ете отырып, бейбіт елдің батырларын еске алды. Ол жас ұрпақты ел тарихын құрметтеуге, азаттықтың қадірін білуге шақырып, оқушылар мен қонақтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Кездесу кешінің жүргізушілері Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызына тоқталып, 1986 жылдың қанды желтоқсаны Алаш арыстары аңсаған азаттық идеясының заңды жалғасы екенін атап өтті. «Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын» деп ұлт намысын ту еткен арыстардың асыл мұрасы 1986 жылы алаңға шыққан жас жүректердің бойынан табылғанын, сол жастардың ерлігі 1991 жылғы 16 желтоқсанда шынайы тәуелсіздіктің таңы атқанын ерекше тебіреніспен жеткізді. Іс-шара барысында Желтоқсан оқиғасына арналған өлеңдер оқылып, сахналық қойылым қойылды. Оқушылар Қайрат, Ләззат, Сәбира сынды боздақтардың тағдырын жыр жолдарымен өріп, сол кезеңнің зұлмат шындығын жүрекпен сезінді. Өлеңдерде сол бір күндері қазақ халқына тағылған жалған айып, «ұлтшыл», «нашақор» деген күйе, әділетсіздік пен қатыгездік айқын көрініс тапты. Бұл қойылымдар көрермендердің көңілін толқытып, оқушылардың тарихи тақырыпты терең түсінгенін аңғартты.
Жиында «Бұрқасын-86» операциясына арналған бейнеролик көрсетіліп, Желтоқсан көтерілісінің басталуы, алаңдағы ахуал, жастардың тағдыры экран арқылы көрініс тапты. Бейнероликтен кейін сөз алған Желтоқсан оқиғасының куәгері Мұхит Қыпшақбаев сол бір күндері алаңға шыққандағы сезімін, жастардың бойындағы қорқыныштан гөрі үміттің басым болғанын тебірене әңгімелеп берді. Ол сол күндерде ешкім тәуелсіздік аламыз деп ойламағанын, бірақ әділетсіздікке үнсіз қалу мүмкін еместігін айтты. Ал Жұмагүл Тобжанова сол кезеңдегі жастардың жағдайы, оқиғадан кейінгі қудалаулар мен қиындықтар жайлы ой бөліссе, ұстаз Ақжамал Жұмабайқызы Желтоқсан оқиғасының тарихи, рухани маңызына тоқталып, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері сол боздақтардың арқасында келгенін атап өтті. Аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Бердібекұлы да сөз алып, патриоттық тәрбиенің отбасынан басталатынын, жас ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілікті сіңіру – баршамыздың ортақ борышымыз екенін жеткізді.
Кеш барысында оқушылар қонақтарға сұрақтар қойып, ашық пікір алмасты. «Алаңға барғанда қандай сезімде болдыңыз?», «Тәуелсіздіктің басты қадірқасиеті неде?», «Қазіргі жастардың бойынан патриоттық рухты көре аласыздар ма?» деген мазмұнды сауалдар қойылып, қонақтар тұшымды жауаптар берді. Бұл сұрақ-жауап кезеңі оқушылардың тарихи тақырыпқа бейжай қарамайтынын, өз елінің болашағына алаңдайтынын көрсетті.
Кездесу соңында жүргізушілер Желтоқсан оқиғасының куәгерлеріне шынайы алғыстарын білдіріп, олардың ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге екенін атап өтті. Қонақтарға естелік кітапша ұсынылып, олар өз тілектерін, жүрекжарды лебіздерін жазып қалдырды. Мектеп директоры Мұхтар Байұзақұлы іс-шараны қорытындылап, кездесудің тәрбиелік мәніне тоқталып, Желтоқсан батырларына тағзым ету елдік парыз екенін айтты. Куәгерлерге мектеп әкімшілігі тарапынан арнайы алғыс хаттар табысталды.
Осылайша №121 орта мектебінде өткен «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» атты кездесу кеші жас ұрпақтың жүрегіне отансүйгіштік рух дарытқан, тарих пен тағдырды сабақтастырған тағылымды шара болды. Желтоқсан – тек өткеннің қасіреті емес, ол – бүгінгі еркіндіктің, тәуелсіз елдің бастауы. Ал сол ерлікті ұмытпау – тәуелсіз ұрпақтың мәңгілік міндеті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

















